Өндіріс өзімізде де болғанымен, отандық өнеркәсіп мемлекеттің қыруар қолдауына қарамастан, ішкі нарықтың өзін толық қамти алмады. Тіпті, Үкімет қаржы бөлгенімен, автосалондар жеңілдетілген несиемен сатуға көлік таппай қиналғанын көрдік. Азаматтарымыз айлап кезекте тұрды. Қазір қытай автокөліктері қаптады деп қынжыламыз. Дегенмен қазақстандықтар нарықта қандай да бір ассортименттің пайда болғанына қуануда. Ал геосаяси ахуалдың әсерінен бос қалған ресейлік зауыттар нарыққа бейімделіп, қытайлық көліктерді құрастыруға көшті. Қазақстанның келесі қадамы қандай болмақ?
2033 жылға қарай Қазақстанда он жылдан асқан машиналардың үлесі – 80%, 20 жылдан асқан машиналардың үлесі 56%-ды құрайды. Ал 3 жылдан аспайтын жаңа көліктердің үлесі небәрі – 8,2 пайыз. Jusan Analytics сарапшыларының зерттеуінде соңғы 20 жылда елдегі автокөліктер саны үш есе өскені айтылған. Мысалы, 2003 жылғы 1,14 миллионнан 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 3,9 миллионға дейін жеткен. Рекордты көрсеткіш 2014 жылдың ортасында 4 млн данадан астам болып тіркеліпті. Бұл рубль доллар мен теңгеге қатысты әлсіреген тұспен сәйкес келеді.
2010 жылға дейін Қазақстанда жыл сайын 2-3 мыңға жуық автомобиль өндірілді. Мұның өзі жалпы көлемнің 10 пайызына жетпейтін көрсеткіш болды. Одан кейінгі кезеңде нарық негізінен импорт есебінен толықтырылған. Әсіресе, 2006 және 2007 жылдары Германия мен Жапониядан келген пайдаланылған көліктер 400 мыңға төмендеді.
Арзан көлік тапшылығының алғышарты
2008 жылы елге оң рульді автомобильдерді әкелуге тыйым салынғандықтан, импорт екі есеге төмендеді. 2010 жылы Қазақстан Кеден одағына кіргеннен бастап «ескі» көліктерге салынатын кедендік баж айтарлықтай өсіп, он жылдан аса пайдаланылған автокөлік импорты тиімсіз бола түсті.
Сарапшылар 2014-2015 жылдардағы жағдайды ерекше атап өтеді. Бұл кезде рубльдің теңгеге әлсіреуіне байланысты Ресейден салыстырмалы түрде төмен бағамен екі есе көптеген жаңа және пайдаланылған машина әкелінді.
2016 жылы алғашқы тіркеу және кәдеге жарату үшін төлем енгізілгеннен кейін Қазақстанға үш жастан асқан машиналарды әкелу өте қымбатқа түсті. Осыдан бастап Қазақстанның автомобиль нарығы негізінен отандық өндіріс немесе жаңа автомобильдер импорты есебінен толтырыла бастады. Сонымен қатар елде сапалы және арзан автокөліктердің тапшылығы пайда болды.
Қайталама нарықта «кеденсіз» көлік көп
Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінше, 2006-2007 жылдары шетелден әкелінген көліктің орташа бағасы от 3-5,5 мың АҚШ долларына дейін өзгерген. 2008-2015 жылдары автомобильдер 15-20 мың АҚШ долларына дейін қымбаттады. Осы аралықта тіркелген машиналар саны да екі есеге жуық қысқарғанын көреміз, яғни он жыл ішінде импорттық көліктер 400 мыңнан 150-200 мыңға төмендеді.
Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық автокөлік нарығы 2010 жылға дейін негізінен «ескі» машиналардан құралған. Дегенмен табиғи ескіруіне байланысты есептен шығарылған көліктерге қарамастан, жыл сайын тіркелетін автомобильдер саны азайды.
Қайталама нарықта сату және сатып алу бойынша келісімшарттардың 60%-ы он жылдан астам уақыт пайдаланылған автомобильдер болған. Сатуға қойылатын барлық автомобильдің шамамен 20%-ы немесе 500 мыңға жуығы кеденсіз, яғни басқа елдерде, негізінен ЕАЭО-та тіркелген. Қазақстанның қайталама нарығында кеденсіз қолданыста болған Toyota және Lada маркалы автокөлігі көп.
Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2033 жылға қарай 10 жылдан асқан көліктер саны 9 пайызға артып, 80% болса, 20 жылдан асқан көліктер 6 пайызға артып, 56%-ға дейін жетуі мүмкін. The Jusan Analytics болжамына сәйкес он жылдан кейін нарықтың жартысынан көбін (54%) «ескі» шағын класты машиналар құраса, төрттен үш бөлігі (78%) «ескі» орта класты көліктерден құралады. Ал қолданыста 20 жылдан асқан кроссоверлердің үлесі 24%, жол талғамайтын көліктердің үлесі 54% болмақ.
Отандық нарықта топ жарғандар
Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметтері бойынша, 2023 жылдың маусым айында жаңа автомобильдер сатылымы 15 мыңнан асты. Қазақстандық автокөлік дилерлік орталықтары арқылы 15 892 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техниканы, сондай-ақ 943 жүк көлігі мен автобусы сатылған. Бұл 2022 жылғы маусыммен салыстырғанда 41,2 пайызға көп. Жыл басынан бері барлығы 83 235 жаңа көлік сатылды, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 60,2 пайызға артық.
Нарықтың барлық дерлік қатысушысы алғашқы жартыжылдықты сәтті аяқтап, сатылым бойынша оң сальдо көрсеткен. Осылайша, 2013-2014 жылдардағы жаңа көліктерді сатудың рекордтық көрсеткіштеріне жақындады. Қауымдастықтың болжамы бойынша биыл барлық типтегі көлік құралдарынан кемінде 150 мың бірлігі сатылады.
2023 жылдың маусым айында сатылым бойынша топ жарған: Hyundai 4229 автокөлік (+67,2%), Chevrolet тиражы 4 042 бірлік (-1,5%), Kia – 2 502 автокөлік (+90,1%). Сонымен қатар осы жылдың алғашқы алты айында еліміздегі сатылымы бойынша ТОП-10 қатарына бірден 4 қытайлық автокөлік маркалары енген. Олар: Chery, Jac, Changan, Haval. Chery дилерлері 890 көлік сатты (+185,3%). Маусымның ең көп сатылатын бес брендін Jac - 808 бірлік (+164,1%) жабады.
Сарапшылардың айтуынша, Ресейдегі Volkswagen, Lada, Reno маркалы көліктерді шығаратын зауыттар жұмысын тоқтатқанын Қытайдың көлік зауыттары барынша ұтымды пайдаланып отыр. Өйткені олар тапшылық туындаған көлік нарығына өз өнімдерін жеткізіп, ішкі нарықта сұранысы әлсіреген «ескі» модельдегі қозғалтқышпен жұмыс істейтін көліктерін шетелдік нарыққа өткізуде.
Маусым айындағы ең танымал модельдер рейтингінде нарыққа жаңадан ұсынылған Chevrolet Onix бірден 1 396 бірлігі сатылып, екінші орынға шықты. Алғашқы орында әлі де Chevrolet Cobalt (1 947 бірлік), үшінші орында Hyundai Tucson (1 263 бірлік).
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ТОП-10 бастайтын Chevrolet, Hyundai, үшінші позицияда Kia, Chery, бесінші орында Toyota. Haval маркасы алтыншы орынға көшті, Сhangan жетінші орында. Әрі қарай қытайлық Jac пен Exeed маркасы орналасса, ондықты Lexus көліктері жабады.
Ал ең танымал ТОП-3 модель: Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson және Kia Sportage. Әрі қарай тізім бойынша: Chevrolet Nexia (3 697 бірлік), Hyundai Elantra (3 547 бірлік), Hyundai Santa Fe (3 262 бірлік), Hyundai Sonata (2 784 бірлік), Chery Tiggo 7 Pro (2 173 бірлік), Hyundai Bayon (2 137 бірлік) және Kia Sorento (2 034 бірлік).
Сонымен қатар қытайлық брендтердің нарықтағы салмағы айтарлықтай өсуде: биылғы жылдың мамыр айында олардың үлесі барлық сатылған жаңа автомобильдердің 19,5 пайызына жетті. Осылайша, қазақстандық нарықта 4-ші, 5-ші және 6-шы орындарды қытайлық Chery, Haval және Changan иеленді, ағымдағы жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша сату көлемі 665, 626 және 517 автомобиль, 8-ші және 10-шы орындар-Exeed (379 авто)және Geely (258 автомобиль).
Қазақстанның автонарығын талдау және мониторинг орталығының бас директоры Артур Мискарянның пікірінше, қытайлық компаниялар Қазақстанда сатылымды арттыруды жалғастырады. Сонымен қатар, Қазақстанда төменгі емес, орташа баға сегментіндегі автомобильдер сатылатынын атап өтті: олар еуропалық және жапондық өндірушілердің шығарылған модельдерін алмастырады. Біздің нарықта арзан «қытайлық көліктер» жоқ. Ішкі нарығында кейбір жергілікті өндірушілер көп жағдайда арзан әрі шағын жиынтықтағы электрлі көліктер модельдерін ұсынады. ҚХР мұндай техникаға тұтынушылық сұранысты ынталандырып келді. Сарапшылардың айтуынша, әдетте мұндай модельдері тұтынушылық қасиеттер жиынтығына, техникалық сипаттамаларына, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына байланысты Қытайдан тыс нарықтарда сертификатталмайды.
Қытайда көлік көп, «кеме» жоқ
Аспан асты елінің көліктері елімізде ғана емес, әлемдік нарықта да айтарлықтай сұранысқа ие бола бастаған. Moody's агенттігінің мәліметтері бойынша, Қытай автокөліктерінің жылдық экспорты 2021 жылы Оңтүстік Кореяны, 2022 жылы Германияны, ал биыл Жапонияны басып озбақ.
Financial Times басылымы бұл бетбұрыс еуропалық, америкалық, жапон мен оңтүстіккореялық компаниялардың үстемдігінің аяқталғанын білдіреді десе, The New York Times Қытайдың автокөлік экспортын шектеп отырған тасымал кемелерінің жеткіліксіздігі деп жазады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің автомобиль өнеркәсібіндегі терең құрылымдық проблемалар оның жаһандық нарықта үстемдік етуіне алғышарт болып отыр.
Қытай зауыттарындағы өндіріс пен жергілікті сұраныс арасындағы сәйкессіздік ішінара қате болжамның нәтижесі дейді мамандар. Себебі нарықта ішкі жану қозғалтқыштары бар автомобильдер сұранысы күрт төмендеп, ал электромобильдерге деген қызығушылық керісінше арта түскен. Дегенмен барған сайын урбанизациялана түскен ондағы қала халқы бірлескен жолаушылық сервистерді құп көріп, электр көліктеріне де сұраныс бәсеңдеген.
Қытайдағы Chrysler-дің бұрынғы басшысы Билл Руссо осы құбылыстың салдарынан елде автоөнеркәсіптің қуаттылығы жоғары зауыттары қажетсіз қалу қаупіне ұшырағанын айтады. Елдегі жеке секторды қолдаушы өнеркәсіптік саясат пен инвестициялар Қытайдың осы саладағы бәсекеге қабілеттілігін арттырғаны сөзсіз. Отандық өндірушілер, соның ішінде электр көліктер бойынша чемпион саналатын BYD қазір шетелдік автомобиль өндірушілерден асып түсіп, тіпті сыртқы нарықтарға назар аудара бастаған.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, жиһаздан бастап тұрмыстық электроникаға дейінгі қытайлық тауарлардың жалпы экспорты 2023 жылдың алғашқы сегіз айында 5,5 пайызға төмендеді. Бірақ Қытайдың автомобиль өнеркәсібі үш жылдың ішінде экспортты төрт есеге арттырған. Биыл шілде айында Қытайдағы автомобиль экспорты 86 пайызға өсті.
Қытайдың көптеген тауарының экспорты құлдыраса да, шетелге тасымалданатын автокөліктер саны азаймай тұр. Керісінше, өз халқы бас тартып жатқан бензинмен жұмыс істейтін автомодельдердің шетелдік сатылымы айтарлықтай өскенін атап өту қажет.
Жақында The New York Times Қытай автокөліктері экспортының одан әрі артуына тасымалдаушы кемелердің болмауы ғана тосқауыл болып тұрғанын жазды. Басылымның Қытайдағы репортеры Кейт Брадшер соңғы кезде жергілікті халық арасында электрлі көліктерге деген сұраныс артқанын айтады. Қазір Джинлинг кеме жасау зауыты тәулік бойы жұмыс істеуде. Ал Янцзы өзенінің бойында орналасқан верфте 5000 немесе одан да көп көлікті бір уақытта тасымалдауға мүмкіндік беретін автомобиль кемелерінің флоты салынбақ.
Қытайлық автоөндірушілер Украинада соғыс басталғаннан бері автомобильдерді пойыздармен тасымалдап-ақ Ресей нарығында үстемдік ете бастады. Сонымен қатар Азия, Аустралия, Оңтүстік Америка және Мексика нарықтарында ауқымды үлеске ие болды. Сарапшылар «Трамп дәуірінен қалған тарифтер АҚШ-тағы сатылымдарды тежесе, керісінше, тасымалдайтын кемелер жеткілікті болғандықтан, Еуропаға үлкен серпіліс жасайды» деген пікірде.
Аспан асты елі өз нарығындағы келеңсіздікті өзге тұсынан тиімді пайдалана алған. Себебі ондағы қуаттылығы жылына шамамен 15 миллион ішкі жану қозғалтқышы бар автомобильдер шығаруға мүмкіндік беретін зауыттар, бүгінде шетелдерге 4 миллионнан астам көлік экспорттап отыр. Қытайда автобөлшектерге қажетті болат пен электроника арзан, бұл өндірушілерге айтарлықтай жеңілдік береді. Сонымен қатар жылдар бойы жергілікті өзін-өзі басқару органдары компанияларға тегін жер учаскелері мен нөл пайызға тең пайыздық несиелер және басқа да субсидиялар беріп келген. Нәтижесінде, қозғалтқыштары «ескі» модельмен жасалса да, сапасын жақсартып, технологиясын жетілдірген қытайлық автокөліктер халықаралық шараларда әлем назарын өзіне аудартты.
Лондондағы VesselsValue кеме қатынасы туралы мәліметтер компаниясы қазір BYD және Chery сияқты қытайлық бренд көліктерінің барлық тапсырысын 170 автокөлік тасымалдайтын кемеге орналастырғанын жариялады. Бұған дейін еуропалық және сингапурлық жүк тасымалдау желілері Қытайда автомобиль экспорты өркендегенге дейін жылына төрт кемеге ғана тапсырыс берілген екен.
Камила ЕРКІН