Қазақша орталық ашқан Кристина

Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамы­ту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлт­тық жобаны іске асыру жалғасуда. Бағдарлама аясында мемлекеттік грант алып, кәсібін дөң­гелеткендер саны артқан.

Биыл осы мақсатта 191 грант беру үшін 263,58 миллион теңге қа­ражат бөлінді. Грант мөлшері – 1 380 000 тең­ге. Бүгінде грантқа қатысушылардың биз­нес-жобаларын қарау жөніндегі қалалық және аудандық комиссияның шешімімен 148 адамға жалпы сомасы 204,2 миллион теңге грант берілген. Қарағанды қаласындағы мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкермен тілдесудің сәті түсті. 

Қазақ тілінде оқытатын ерекше балаларға арналған ABA-терапия кабинетін ашқан Кристина Воро­новская мемлекеттік грант бұрын­нан ойда жүрген ісін ашуға септігін тигізгенін айтады. 

– Мен өзім ерекше баланың анасымын. Қарағанды қаласында аутизм диагнозы бар балаларды қа­­зақша оқытатын арнайы орталық болмағаннан кейін кабинет ашсам деген ой туындады. Алғашында «Бизнес бастау» курсынан өтіп, сер­тификат алдым. Бизнес-жо­­­бам­ды жасап, мемлекеттік грант алуға өтініш бердім. Жобам грант иегері атанып, 1 380 000 теңге қайтарымсыз қаражат алдым. Грант алу маған оңай болды. Өйткені бұл саланы ұзақ зерттедім. Талдау жаса­­дым. Баламды жетелеп, Қараған­­­дыдағы аутизм дерті бар балаларды оқы­­татын барлық орта­­­лықты аралап шықтым. Төрт жылдай уа­қытым сонымен кетті. Бірақ бар­ған орта­лықтардың бар­лығы да орыс тілінде болды. Қазақ тілінде оқытатын ор­талықты маусым айында аштым, сол уақыттан бастап осы арнайы каби­нетте жұмыс істеп жатырмын. Бү­­­гінде мұнда 10 бала оқиды. Әр балаға жеке уақыт бөлемін. Күніне бір бала 2-3 сағат тәлім алады. Каби­нетті жалға алып отырмын. Ата-аналар оқу қаржысын төлеп тұрады. Бір үйде екі ерекше баласы бар болса, тегін оқиды. Бұл жобаның мен үшін тиімділігі зор. Мен басқа балалармен қатар өз ба­ламды да оқытып, жетіл­діріп жатырмын. Екі-үш айдың өзін­де біраз жетістікке жеттік, – дейді Кристина. 

Мемлекет берген грантқа Крис­тина кабинетке керекті жабдық­тар сатып алған, ал оқу құрал­да­­­рына өз қаржысын жұмсаған.

– Бұл кәсіпті кеңейтіп, кабинетті арнайы орталыққа айналдырсам деген де ойым бар. Сол үшін тынбай еңбек етіп жатырмын. Қазір ерекше балалары бар екі ана ABA-терапевт мамандығы бойынша білім алуда. Арнайы оқуды бітіргеннен кейін әлеуметтік кәсіпкер ретінде менің қарамағымда жұмыс істейтін бола­ды, – дейді кәсіпкер.

Биыл кәсіпкерлікті дамыту жө­­ніндегі 2021–2025 жылдарға ар­­­нал­­ған ұлттық жобаны іске асыру үшін Қарағанды облысы бойынша 191 грант­қа 263,58 миллион теңге қаражат бөлінді.

– Осы уақытқа дейін 148 грант иесін тапты. Алдымызда үшінші лек тұр. Онда 55 грант беру жоспарда. Гранттар кестесіне сәйкес, business.enbek.kz. порталында өтінім қа­былдау 2023 жылдың 11 қыр­­күйе­гінен 22 қыркүйегіне дейін жүр­­гізілді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант халықтың әлеу­меттік осал топтары қатарын­­дағы адам­дарға конкурстық негізде бері­леді. Ол санатқа атаулы әлеу­­меттік көмек алушылар, көпбалалы от­­­басылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу­шылар, қоныс аударушылар, қан­дастар, еңбекке жарамсыз көр­се­тілімі жоқ мүгедектігі бар адам­­­­дар, мүгедек баланы тәрбиелеп отыр­ғандар жатады. Үш жылдан аз уақыт жұмыс істейтін жеке кәсіп­керлер де мемлекеттік қолдауға ие бола ала­ды, – дейді Қарағанды об­лысы бойынша Еңбек мобиль­ділігі орта­лығының бөлім басшысы Фа­­раби Мұхтаров.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы