Олардың әрқайсысы тарих үшін аса маңызды. Дегенмен осы тарихи құнды мұраларамызды қаншалықты сақтап, қорғай алып жүрміз? Мамандар соңғы уақыттары құнды жәдігерлерімізді тонайтын «қара археологтардың» көбейгенін жиі айтып келеді. Біз де осы мәселеге назар аударып көрдік.
Тарихқа көз жүгіртсек, еліміздегі археологиялық ескерткіштер адамның кесірінен жаппай бұзылудың мынадай бірнеше ірі сатысын бастан өткерген: Бірінші – патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлаудағы басты құралы – казак отрядтары мен жаппай қоныстанған келімсектердің қазақ даласында алтын іздеп, арнайы түрде обаларды шахталық әдіспен жаппай тонауы. Кейбір казак жасақтарының құрамында мыңға дейін адам болған делінген дерек бар. Осы XVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың аяғында казак жасақтарынан тыс қазақ жеріне әртүрлі мақсатпен келген экспедициялар, саяхатшылар ел мұрасын сұраусыз әкетіп отырған.
Екінші – кеңестік кезеңдегі тың игеру уақыты. Жоспарды асыра орындау үшін қажетті, қажетсіз мақсатта жерлер жыртылып, бар-жоғы үш жылда елімізде мыңдаған ескерткіш мәдени ландшафтысымен бірге бұзылды. Бірақ бұл кезеңде Қазақстан бойынша археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 1960 жылы алғаш рет Қазақстанның археологиялық картасы жасалған еді.
Егемендік алып, етек-жеңімізді жия бастаған жылдарда археологиялық ескерткіштер жаппай бұзылу мен тоналудың үшінші ірі сатысынан өтуде. Бұл кері процесті дер кезінде тоқтатпасақ, келер ұрпақ алдында кешірілмес күнәға батарымыз айдай анық.
Жыл басында Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының сол кездегі депутаты Мақпал Тәжмағамбетова палатаның соңғы отырыстарының бірінде осы мәселені көтерген болатын. Онда ол өз кезегінде заңсыз археологиялық қазба жұмыстарының көбейгенін айтып, дабыл қаққан еді.
«Бүгінде ежелгі қорымдарға төніп тұрған қауіп өте көп. Бүкіл Қазақстан бойынша заңсыз археологиялық қазба жұмыстарының саны көбеюде. Оның ішінде «қара археологтардан» келетін залал жетерлік. Мысалы, Жетісу облысындағы Қапал қорығын, Маңғыстау облысындағы ескі қорымдарды қазып, барлық құнды бұйымын алған соң оларды ашық-шашық тастап кетіп жүр. Мамандардың айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттермен археологиялық зерттеу жүргізуге лицензиясы бар кейбір ұйымдардың өздері де айналысатын көрінеді. Ал еліміздің кәсіпкерлері Арқарлыдағы петроглиф таңбалары бар ежелгі тастарды үгітіп, құрылыс материалы ретінде пайдаланып жүр. Кейбір өңірлерде диқандар мен малшылар қорымның үстіне мал жайып, жер жыртып тастаған оқиғалар да жиі кездеседі. Тағы бір мәселе еліміздегі кейбір тарихи-мәдени нысан мемлекет тізіміне енбеген. Осылардың нәтижесінде археологиялық жәдігерлер еркін сауда айналымында жүр. Табылған ежелгі бұйымдарды кім көрінген емін-еркін шетелдерге әкетуде. Мұны бақылап жатқан ешкім жоқ», – деген еді. Сондай-ақ Мақпал Мазаққызы өз сөзінде өңірлердегі тарихи мұраларды қорғау инспекциялары қауқарсыз болып отырғанын, өйткені тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйін қадағалауға қараушылар бекітілгенін айтып өтті. Алайда қараушылардың жұмысы, штаттық саны, төлемақысы, көлігі және жанармайы заңды түрде бекітілмеген екен.
«Мәдениет және спорт министрлігінде археологиялық зерттеумен айналысуға лицензиясы бар 176 серіктестік тіркелген. Археологиялық жұмыстарға арнайы мамандандырылмаған мекемелерге лицензиялардың жаппай берілуі салдарынан қаншама жауапсыздық болып отыр. Осындай жағдай тарихи және мәдени ескерткіштерді реставрация жасау кезінде де болып отыр. Мінеки, архелогия мен геральдика саласындағы атқарылар кешенді әрі жүйелі шаруаларды Үкіметтен күтіп жүргенімізде бар құндылығымыздан айырылып қалар жағдайға жеттік», – деген еді ол.
«Ғылымда «ақ», «қара» деген түсінік болмайды»
Осы ретте біз осы мәселені жиі көтеріп жүрген, археолог Айбар Қасенәлінің пікірін сұрадық.
«Ең алдымен «қара археология» деген сөзді біз қолданбауымыз керек. Себебі археология – бұл ғылым саласы. Ал ғылымда я «ақ», я «қара» деген түсінік болмайды. Мысалы, қара физика немесе қара филология деп айтпаймыз. Сондықтан «қара археология» деген ұғым пайдалануға келмейді. Әрине, бұл сөз тіркесі көне жәдігерлерді сату, иемдену т.с.с. әрекеттермен байланысты болғандықтан айтылып жүр. Оның өзінде ол ұғым «черные археологи» дегеннен тікелей аударылған. Ал іс жүзінде мұндай әрекеттерге заң аясында белгіленген ұғым бар. Ол – заңсыз археологиялық жұмыстар. Қазақстанның бір өлкесінде заңсыз қазба жұмыстары кең жайылған, ал басқа бір өлкесінде жоқ деп айтуға келмейді. Өйткені біздің қолымызда ресми статистика жоқ. Ресми статистика болған күннің өзінде ол жердегі сандар шындыққа қаншалық саяды – оны білу өте қиын. Шын мәнінде, бұл үлкен мәселе. Біз күні бүгінге дейін Қазақстанда неше тарихи-мәдени мұра бар екенін нақты айта алмаймыз. Неге? Өйткені оның күні бүгінге дейін ортақ ақпараттық базасы жасақталмаған. Әрине, Қазақстан археологтары тарапынан бірлі-жарым талпыныс болған. Оның өзі аяқсыз қалып отыр.
Ендігі бір мәселе, ол археологиялық қазба жұмыстарына берілетін рұқсат. Жалпы, археологтардың арасында лицензия беру қағидаларын қатаңдату керек деген ұсыныстар жиі айтылады. Бірақ ол заңсыз қазба жұмыстарының мәселесін шешіп бере алмайды. Лицензиялаудың ең әлсіз тұсы – заңды тұлғаға берілетінінде. Яғни, заңды тұлға белгілі бір археологтың атынан лицензия алуға өтініш білдіреді. Алайда ол археолог кейін ол мекемеден жұмыстан шығып кеткен күннің өзінде лицензия мекемеде қала береді.
Заңсыз археологиялық жұмыстарды айтпағанда біз 1 жылда елімізде неше ескерткіш зерттеліп жатқанын да айта алмайтын қауқардамыз. Ондай статистика тек 2021 жылға жүргізілген», – дейді ол.
Турист болып келіп тарихымызды тонап жүр
Ақпарат және мәдениет министрлігіне қарасты Мәдениет комитетінің Тарихи-мәдени мұра басқармасына археологиялық зерттеумен айналысуға лицензияны қандай тұлғаларға берілетінін сұрағанымызда «қолданыстағы заңнамаға сәйкес археологиялық жұмыстарға лицензияны мемлекеттік ұйымдармен қатар белгілі бір талаптарға сай келетін жеке ұйымдар да ала алады», – деген жауап алдық.
«Бұл ретте лицензияға үміткер ұйымның ғылыми дәрежеге ие, сонымен қатар салада тәжірибесі құжаттармен расталған, салалық еңбек тәжірибесі бес жылдан кем емес ғылыми жетекшісі болуы талап етіледі. Елімізде лицензиясы бар жеке және мемлекеттік ұйымдар жүргізетін археологиялық жұмыстар Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын қалыптастыратын жоспар негізінде жүзеге асырылады. Бұл – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органға республика аумағында жүргізіліп отырған қазба жұмыстарын қадағалауға ықпал ету мақсатында енгізілген шара. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоспарға енбеген қазба жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді», – делінген жауапта.
Ал Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы мұндай заңсыз қазбалардың жаппай етек алуына ескерткіштерді қорғаудың мемлекеттік жүйесінің әлсіздігі себеп дейді.
«Бүгінде археологиялық мұралардың жойылуының қауіпті жаңа факторы пайда болды. Ол – еш рұқсатсыз жүргізілетін тонаушылық қазбалар. Бұл қазбалардың жаппай етек алуына ескерткіштерді қорғаудың мемлекеттік жүйесінің әлсіздігі ықпал етуде. Жекелеген адамдардың (көбіне ауқатты) сату үшін ежелгі бұйымдарды табу мақсатындағы тонаушылық қазбалар жасауы соңғы жылдары өте жиіледі. Заңсыз жолмен тапқан, негізі мемлекеттің меншігі болып саналатын жәдігерлерді интернет сайттар арқылы жекелей сату қалыпты үрдіске айналып отыр. Қазақстан бойынша осылай сауда жасайтын көмбе іздеушілердің интернет сайттары, жеке парақшалары, форумдары, бейнетүсірілімдері бар. Археологиялық жәдігерлердің еркін сауда айналымында жүруіне шектеу қоятын кез келді.
Тарихи ескерткіштердің тоналғанын, тіпті жергілікті әкімдік пен полиция бөлімшесінің өзі білмей қалып жатады. Себебі қарамағындағы ескерткіштердің санын, қайда орналасқанын және тарихи құндылығын білмейтін ауыл басшысы көп.
Осыдан бірнеше жыл бұрын солтүстіктегі көршімізде металл детектормен қаруланған көмбе іздеушілер мен тонаушылық қазбалар жасау мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып, әр деңгейде қоғам болып талқылап, соңында рұқсат етілмеген металл құралмен іздеу жүргізгені үшін 500 мың рубльге дейін айыппұл салу мен 6 жылға дейін бас бостандығынан айыратын заң қабылданды.
Бүгінде археологиялық мұраларды жинаумен айналысатын сол жеке коллекционерлер мен әуесқойлар біздің заңдағы олқылықты, шекараның ашықтығы және жұрттың ақпаратпен толық қамтылмағанын пайдаланып, Қазақстан жерінде өз әрекетін емін-еркін жалғастыруда. Яғни, археологиялық жәдігерлер түріндегі ұлттық құндылықтарымызды турист ретінде келіп, ел аралап, тиынға сатып алып, шетке әкетуде. Тіпті, жергілікті әуесқой көмбе іздеушілер тобы құрылып, кейбірі ауқымды түрде тонаушылық қазбалар жасап жүр», – дейді ол. Сонымен қатар институттың бас директоры ескерткіштердің қорғалуы мен сақталуына жер-жердегі өкілдіктерді тарта отырып, партиялық бақылау жасау да қажет екенін жеткізді.
«Мұраларымызды сақтаймыз десек, жаппай дертке айналмай тұрғанда, тонаушылық қазбалар мен металл детектормен қаруланған көмбе іздеушілерді құрықтау қажет. Ескерткіштердің құндылығы мен оны бұзған жағдайда қандай жауапқа тартылатынын білмейтін ел азаматтарының кейбірі тонаушыларға көмектесіп, кездейсоқ тапқанын оларға сатып, бизнеске айналдырып та жүр.
Бұл жерде елден өз заманында шетке әкетілген мәдени құндылықтарды қайтару – реституция мәселесі қайта туындайды. Осы мәселемен шағын жұмыс тобы айналысып, әкетілген құндылықтардың (тек археологиялық жәдігерлер емес, оған қоса антропологиялық және палеоостеологиялық топтамалар да) толық тізімін жасау және халықаралық құжаттар мен құндылықтар сақталған елдің заңдарына сүйене отырып, олардың түпнұсқаларын, не көшірмелерін жасату арқылы қайтарудың жолдарын іздеуі тиіс деп санаймын. Бұл бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен басталып, аталмыш облыс аумағында жарты ғасыр бұрын қазба жүргізген археологиялық экспедициялардың Мәскеуге әкетілген жәдігерлерінің көшірмелері жасалынды. Музейлер арасындағы халықаралық байланысты нығайту, мәдени құндылықтарды заңсыз саудалау, құндылықтарды табылған еліне қайтарту мәселелерінде Халықаралық музейлер қауымдастығының Қазақстандағы өкілдігі – ИКОМ Қазақстанның алар орны ерекше.
Елдегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғалуы мен сақталуына облыстық әкімдіктер жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен пайдалану мекемелері (әр облыста формасы әртүрлі – инспекция, бөлім, орталық, т.б.) жауапты. Сонымен қатар ескерткіштердің сақталуына қатысты дабыл қағуы тиіс қоғамдық ұйым – тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғаудың Қазақ қоғамы да бар. Қоғамдық ұйымдар ішінен ескерткіштерді, соның ішінде көп түрінің бірі – петроглифтерді табу, сақтау мен қорғау мәселелерімен айналысып жүрген «Охотники за петроглифами» (Жартастағы суреттерді қорушылар) ұйымы белсенділерін ғана білемін. Ескерткіштердің қорғалуы мен сақталуына жер-жердегі өкілдіктерді тарта отырып, партиялық бақылау жасау да қажет сияқты.
Әр жер иесі немесе оны пайдаланушы сол территориядағы ескерткіштерді қорғау міндеттемесін түсінуі және қазу не тонау фактілерін көргенде жергілікті әкімдіктерге, музейлерге, болмаса облыстық ескерткіштерді сақтау және қорғаумен айналысатын мекемелерге хабарлауы тиіс. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 247-бабына сәйкес, жер телімінің иесі немесе жылжымайтын мүлік иесі өз жерінен мәдени құнды жәдігерлерді тауып алған жағдайда арнайы сыйақыға мемлекетке қайтаруы тиіс. Кездейсоқ түрде олжаға ие болған, не істерін білмей отырған азаматтар да жергілікті музейлер мен ескерткіштерді қорғау инспекцияларына хабарлағаны дұрыс», – дейді ол.
Сондай-ақ Ақан Оңғарұлының айтуынша, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғаудың тағы бір жолы – облыстар бойынша әр деңгейдегі есепте тұрған және жаңадан ашылған тарих және мәдениет ескерткіштерін жаппай инвентаризациядан өткізіп, Қазақстанның археологиялық нысандарының ұлттық тізімін дайындау қажет.
«Әрине, әр облыста әр жылдарда әр деңгейде дайындалған өңірдегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинақтары баспадан шығарылған-ды. Бүгінде бұл мәліметтер жаңа ескерткіштердің ашылуымен толықты. Ескерткіштер жинағын облыс емес, әр аудан бойынша жіті барлау жасап, құжаттау өзекті болып отыр. Осы ақтаңдақтардың Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша орнын толтыру мақсатында Қазақстанда алғаш рет 2004 жылы археолог М. Елеуовтің бастамасымен далалық барлау жұмыстарының нәтижесінде «Оңтүстік Қазақстан облысының археологиялық картасы. 1 том. Түлкібас ауданы» атты әкімшілік ауданның жинағы баспадан шықты. Кейіннен 2008 жылы аталған археолог бастаған топ жеке кәсіпкер – «Абди компани» АҚ-тың президенті Ә.Бимен-диевтің қаржылай қолдауымен Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Қарақұр ауылдық округінде археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, «Қарақұр ескерткіштері» атты ауылдық округтің ескерткіштер жинағын шығарып, кітапты өз ауылының қазынасын біле жүрсін, қорғай жүрсін деген мақсатпен тұрғындарға таратқан. Бұл жұмыстың нәтижесінде бір ауылдық округтің аумағынан 61 ескерткіш жаңадан табылып, ғылыми айналымға енгізілді.
Бұл бағыттағы археологиялық барлау, есепке алу, құжаттауды әр әкімшілік аудан бойынша ұзақ жыл бойы жүргізіп, дайындаған әзірге Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары ғана болып отыр. Сондықтан республика бойынша бізге белгілі 25 мыңнан астам тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны төрт-бес есе өсуі мүмкін. Республикалық маңызы бар мемлекеттік тізімдегі 218 нысанның саны да артары анық. Жоғарыда мысал келтіргендей, бұл жаппай науқанға бизнес өкілдерін де тарту маңызды.
Есепте тұрған және жаңадан ашылған археологиялық ескерткіштердің бұзылуын бақылап, жиі мониторинг жүргізу өте қажет. Менің ойымша, жыл сайын ғылыми мониторинг пен сараптамаға сүйенген ұлттық баяндама дайындалып, сонда айтылған жетістіктер мен кемшіліктер бойынша келер жылғы осы саладағы жоспарлар бекітілуі қажет сияқты. Мысалы, жыл сайын ел бойынша жойылудың жоғарғы сатысында тұрған нысанның тізімі жасалып, сол тізімге және туристік кластерлер мен бағыттарға сай зерттеу, консервациялық және реставрациялық жұмыстар жасалынса екен», – дейді институт басшысы.
«Петроглифтерді аулаушылар» еріктілер қоғамының үйлестірушісі, журналист Ольга Гумирова мұндай заңсыз қазба жүргізушілер құнды жәдігерлерімізге айтарлықтай орасан зауал тудырып отырғанын жеткізді.
«Өз басым бүкіл Қазақстан үшін жауап бере алмаймын, бірақ Алматы мен Жетісу облыстарында археологиялық ескерткіштерді сақтауда мәселе өте көп. Сақ пен түркі қорғандарын, қола дәуірінің қорымдарын, көне қоныстарды тонап жатқан қара қазушыларда ғана емес. Ілебалық қорымындағы несториандық кресттер, сақ қорымдарынан алынған зергерлік бұйымдар мен қару-жарақтар қара базарда сатылып жатыр. Баянжүрек аймағында, Қуғалы алқабында, Даубай жотасы аймағында, Сарыөзекте, Шүйлі тауларында, Арқарлыда өзіміз археологиялық жойылған қорғандарды тіркедік. Тіпті, бір-екі рет жергілікті полиция мен шекарашылардың көмегімен мұндай қара жер қазғандарды жазаладық та. Мәселе жергілікті заңдардың сақталмауында, олар заңсыз қазбалар үшін, археологиялық ескерткіштер аумағында металл іздегіштерді пайдаланғаны үшін жазалау керегін білмейді.
Тағы бір мәселе: бірнеше жыл бұрын ескерткіштерді қорғау туралы заңға өзгертулер енгізілді. Оған сәйкес ескерткіштер құжаттандырылғаннан кейін ғана мемлекет қорғауына алынады және дәл осы куәландыруға өте аз қаражат бөлінеді. Яғни, қорғандар, сызбалар шоғырлары мен көне қоныстар облыстардың археологиялық ескерткіштерінің мұрағаттарында көрсетілмеген және тиісінше мемлекет тарапынан қорғалмаған. Олай болса олардың жойылуына байланысты ешкім жауапкершілікке тартылмайды деген сөз», – дейді құнды жәдігерлердің жоқтаушысы.
Түйін:
«Қара археологтар» үшін құнды жәдігерден бұрын, оны сатудан түсетін пайда маңызды. Еліміздегі заңсыз қазба жүргізетіндердің басым бөлігі – ресейліктер және отандық жалдамалылар. Кей кездері олардың тапқан жәдігерлері Еуропа мен Ресейдегі аукциондарға шығып жатады.
Әлемнің барлық дамыған елінде тарихи жәдігерлерді барынша сақтап, өткеніне құрметпен қарайды. Мысалы, Жапония секілді шағын елдерде әрбір ескерткіш бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Әрқайсысының өз құжаты бар. Тіпті, айына бір рет арнайы адамдар барып, ол жерді тазалап, жағдайын біліп отырады. Ал біздегі қаншама құнды бұйым ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті екен?!
«Өткенге топырақ шашсаң, болашағың саған тас атады», – деген даналық сөзден сабақ алсақ екен.
Наурызбек САРША