Фестиваль Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйытқы болуымен өтуде.
Жоба ұлттар мәдениетін біріктіру, сақтау және дамыту, әлем елдерінің тарихи мұралары мен мәдени құндылықтарына құрметпен қарауға негізделген. Халықаралық музыка фестивалі еларалық достық байланыстарды кеңейту мен нығайтуға және өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған. Фестиваль бағдарламасында шетелдік әртістердің концерттері, кинокөрсетілімдер, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі және шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.
– ALEM SAZ – көптеген елдің мәдениетін әртістердің керемет шығармашылық ынтымақтастығы арқылы бір платформада біріктіретін халықаралық фестиваль. Былтыр жоба Қазақстан мен әлемнің 76 елі арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылғанына 30 жыл толуына орай және қазақ халқының аңызға айналған әншісі және Қазақстан мен КСРО-ның еңбек сіңірген әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған. Биыл да ALEM SAZ халықаралық өнер фестивалі өз жалғасын тапты, – дейді «Қазақконцерт» концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова.
Айта кету керек, өнер ұжымы биыл бұдан басқа бірнеше жоба өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес, «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасын қолға алған. Аталған жобаның негізгі мақсаты – өңір тұрғындары үшін мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өнер қайраткерлеріне қолдау көрсету және ұлттық өнерді дәріптеу. Былтыр жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарына, Қызылорда облысына, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Петропавл қалаларына барып, 17 мың шақырымдай жол жүріп өтіп, қалалар мен ауылдық жерлерде шамамен 50 мыңға жуық көрерменге өнерін көрсетті. Осылайша, өнер ұжымы мәдени саясатты ауқымды түрде жүзеге асырып келеді. Биыл да жоба өз жалғасын тауып, 2023 жылдың наурыз-сәуір айларында «Қазақконцерт» ұжымы еліміздің батыс өңірлерінде гастрольдік сапарларда болып қайтты. Атап айтатын болсақ, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарының орталығы мен моноқалаларында, сонымен қатар бірқатар аудандар мен елді мекендердің халқына «Қазақконцерт» өнер ұжымы концерт қойды. Жоспарға сай, ұйымның танымал әртістері мен шығармашылық ұжымдары өңір көрермендеріне әр түрлі бағыттағы концерттік бағдарламаларды ұсынды. Жалпы «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы аясында 2025 жылға дейін 28 аудан, 29 моноқала, 20 облыс орталығының тұрғындары кезең-кезеңмен қамтылатын болады.
– «Қазақконцерттің» ерекше көңіл бөліп өткізетін жобаларының бірі «Арман асулар» республикалық фестивалі. Былтыр күз айында, мүмкіндігі шектеулі дарынды балалар арасындағы таланттарды анықтау, шығармашылық қабілеттерін арттыру мен дамытуға қажетті жағдай жасап, «Қазақконцерттің» танымал өнер жұлдыздарымен бірге өнер көрсету мақсатымен өткізілген жоба еді. Осы жылы да «Арман асулары» фестивалін жалғастырғалы отырмыз, – дейді концерттік ұйымының директоры.
Естеріңізде болса, биыл жаңа құрамдағы аты аңызға айналған «Гүлдер» ән-би ансамблінің тұсаукесер-концерті өтті. Жобаға дайындық кезінде «Гүлдер» ансамблінің мұрағаттық материалдары мұқият зерделеніп, топтың «алтын қорынан» ең үздік нөмірлер іріктеліп алынды. Сонымен қатар барлық жастағы көрермендер үшін қызықты әрі түрлі жанрдағы шығармалар мен жаңа музыкалық-хореографиялық жұмыстар да қолға алынды. Ансамбльдің видеоқұжаттары сақталғанымен, ұйымдастырушылар архивтік құжаттарды ақтарып отырып, сол кездердегі қазақ би өнерінде қолданылған қимыл-қозғалыстары мен би түрлеріне қатысты құнды мәліметтерді таба алмаған. Жаңа ансамбльді жаңғырту жобасын жүзеге асыру мақсатында ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері де тартылыпты. Тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер Анвара Садықова және жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов арнайы шақырылған.
Сондай-ақ, «Қазақконцерттің» өнер ұжымы АҚШ-тың Вашингтон, Францияның Париж, Бельфор, Лион, Швейцарияның Женева, Бельгияның Брюссель, Хорватияның Загреб, Словенияның Любляна, Австрияның Вена, Мажарстанның Будапешт қалаларында әлемдік турне бойынша арнайы концерттік бағдарламаларды ұсынды. Іс-шараға белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев, виолончелист, Шанхай музыка консерваториясының магистранты Талғар Шалқарұлы, «Қазақконцерт» солистері және TURAN фольклорлы-этнографиялық ансамблі қатысты. Сонымен қатар әртістер Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде де өнер көрсетіп қайтты. Ал маусым айында Astana Musical театры 17-ші халықаралық мюзикл фестивалінде (DIMF) «Роза Бағланова» мюзиклімен сәтті өнер көрсетіп, «Үздік халықаралық мюзикл» номинациясын жеңіп алды. Ал қойылымда Роза Бағланованың рөлін сомдаған актриса Зарина Макина үздік әйел рөлі үшін жүлдеге ие болды. Ол Англия, Германия және Франциядағы әріптестерінен басым түсті. Байқау – жыл сайын Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен театрлар мен шығармашылық ұжымдарды жинайтын беделді халықаралық мюзикл фестивалі. Биыл ол 17-ші рет өтті. Astana Musical ұжымы оған алғаш рет қатысты.
Кербез ЕСІМ