Әсіресе, сан қилы тағдырдың басын қосқан орталықта қазақтардың үлесі басым. Бұл жайт қилы тағдырлар мекеніне бас сұққан адамның көңіліне кірбің ұялатады.
Қазақтардың үлесі басым
Бүгінде облыс орталығындағы №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде, яғни, қарттар мен мүгедек жандардың интернат үйінде тағдыр теперішін көрген 164 жан тұрмыс кешіп жатыр. Халықаралық қарттар күніне орай өмірдің қатал сынына ұшыраған сондай жандардың тұрмыс-тіршілігін көзбен көру үшін аталмыш мекенге арнайы ат басын бұрдық.
Мекеме ауласына кіргеннен талдың көлеңкесін саялаған қариялардың жанарынан мұң байқалды. Әлдекімді күткендей жан-жағына жаутаңдап қарайды. Пайғамбар жасына жеткенде жалғыздықпен жолдас болған жандардың қилы тағдыры жаныңды тебірентеді.
Алдымен аталмыш мекеме директорының кабинетіне бас сұқтық. Бізді жылы шыраймен қарсы алған мекеме басшысы орталықтың жұмысын жан-жақты түсіндірді.
«Мекемеде түрлі тағдыр иелері тұрмыс кешіп жатыр. Кейбірі жастайынан тұлдыр жетім қалған жандар болса, келесісінің туғандары бар. Бүгінде орталықта 56 мүгедек кісі тұрады. Көп жағдайда осы кісілердің туыстары кездесуге жиі келеді. Негізінен мекемеден медет сұрап келетіндердің көпшілігі ішкілікке салынып, отбасынан баз кешіп, теріс қылыққа бой алдырған жандар. Соның ішінде көпшілігі адаптациядан жеткізіледі. Зиянды әдетке бой алдырып, айықпас дертке душар болғандар да кездеседі. Қазіргі уақытта орталықта сондай онкологиялық сырқатқа шалдыққан 5 адам тұрып жатыр. Мекемені мекен еткен адамдарға бес түрлі қызмет көрсетеміз. Соның ішінде төрт мезгіл тамақ, киім-кешекпен қамтамасыз ету және медициналық, психологиялық көмек ала алады», – дейді мекеме директоры Раушан Ысқақова.
Жалпы бұл орынға Қызылорда облысымен қатар Тараз, Шымкент қалалары мен өзге де аймақтардан келіп, тұрып жатқан жандар жетерлік. Негізінен орталықтың қызметіне жүгінгендердің ең жасы 38 жаста болса, егдесі 90-ға таяп қалған. Оның ішінде 120 қазақ болса, 27 орыс және 12 кәріс тұрып жатыр. Сондай-ақ татар, өзбек ұлтының өкілдері де бар.
Орталықта отбасын құрғандар да бар
Орталықта тұрып жатқандар арасында өзінің екінші жартысын тауып, отбасын құрған жандар да кездеседі. Бүгінде орталықта сондай төрт отбасы шаңырақ көтеріп, тату-тәтті тұрып жатыр.
Соның бірі – тағдырдың айдауымен осы мекемеден медет тапқан Балта Естібаев. Ол өткен жылы осы орталықта өзімен тағдырлас, орыс ұлтының өкілі Раиса Григорьевнамен шаңырақ көтеріпті.
Балта ағамыз жастайынан жетім қалып, тағдырдың сан-соқпақ жолынан өткен. Кішкентай кезінен апасының қолында тәрбиеленген оның өмірде жіберген қателіктері аз емес. Бүгінде соған өкінетінін айтады.
«Осы орталықта тұрып жатқаныма 4-5 жылдай болды. Бір жыл бұрын қазіргі жұбайым Райса Григорьевнамен танысып, осы жерде бас қостым. Арнайы бөлме беріп, бөлек отбасы болып отырмыз. Жағдайымыз жақсы. Орталықтың қызметі көңілден шығады. Мекеме қызметкерлері қолдан келгенше көмектерін аянып жатқан жоқ. Өзіме келер болсам, өмірдің көптеген бұралаң жолдарын көрдім. Басымнан талай қиындықтар өтті. Аш жүрген кездерім де болды. Бес жасымнан бастап жетім өстім. Ес білгенше апамның қолында тәрбиелендім. Есейе келе, апам келін түсіріп, балалары аяқтанды. Сол себепті өз еркіммен осы орталыққа келуге шешім қабылдадым. Содан бері осы жерді паналап келемін», – деп жан сырымен бөлісті Балта Естібаев.
Орталық тұрғыны өзінің қиындыққа толы өмірін дұшпанына да тілемейтінін айтады. Жастарды татулыққа, бірлікке шақырып, әрбір адам тек жақсылық жасауға ұмтылса деген тілегін жеткізді. Өмірге адам болып келгесін, адам болып кеткеннен асқан бақыт жоқ деп ойын тұжырымдады.
Арбаға таңылған талант
Аталмыш орталықта ерекше тағдыр иелері де тұрмыс кешіп жатыр. Соның бірі – дүниеге сау болып келіп, сал болып қалған Кенжегүл Маханбетованың өмір жолы өзгеше өрнекке толы.
Кейіпкеріміз Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылының тумасы. Бұл орталыққа 1996 жылы 1 қазан айында келіпті. Содан бері 27 жыл бойына осы жердің тұрақты тұрғыны.
Анасы 45 жасында босанғанда Кенжегүлдің денсаулығына ешқандай кінәрат болмаған. Екі жастан асқан уақытында әкесі құда жолы береді. Сол күні қонақтар тарқаған бойда жүгіріп жүрген кішкентай Кенжегүл аяқ астынан белгісіз сырқатқа шалдығып, қатты ауырып қалыпты.
«Сол күні мен қатты ауырып, дертім асқынғасын марқұм әкем мен анам дәрігерге қаратыпты. Дәрігерлер арнайы жолдамамен Алматы қаласына жіберіп, сол жақта жұлынымнан сарысу алады. Осы жағдайдан кейін сал болып, арбаға таңылып қалдым. Мұны сол кездегі дәрігерлердің қате диагнозының кесірі деп ойлаймын. Себебі кейіннен ес білгесін, біраз жерге қаралғанымда, екі жарым жасар баланың жұлынынан сарысу алу өте қате шешім екенін айтқандар болды. Өткен іске шара жоқ. Содан бері тағдырым темір арбаның үстінде өтіп келеді. Өзім сол күні маған көз тиген деп есептеймін. Дер уақытында емшіге қаралғанымда жағдайым басқалай болатын еді деп ойлаймын. Қайбір жылдары Қызылорда қаласына арнайы келіп, ем-дом жүргізген қытай дәрігерлеріне қаралдым. Олар тексере келе, менің әлі де аяқтан тұрып кетуге мүмкіндігім бар екенін айтып, Қытай еліне барып емделуіме кеңес берді. Бірақ емнің ақысы өте қымбат. Қазіргі жағдайда оны менің қалтам көтермейді», – деп мұңын шақты Кенжегүл Маханбетова.
Тағдырдың жазуы болар, 1993 жылы анасы ауыр сырқаттан көз жұмса, 1994 жылы әкесі, ал 1995 жылы қарашаңырақты ұстап тұрған ағасы қайтыс болыпты. Осылайша, үш жыл қатарынан ауыр қазаға ұшыраған шаңырақтан береке қашады. Соңында ағасының қырық күндік асын өткізгеннен кейін Кенжегүл алты баласымен жесір қалған жеңгесінен рұқсат сұрап, үйден кетіп қалған. Содан бергі тағдыры осы орталықпен тығыз байланысты.
Кенжегүлдің әкесі ақын кісі болыпты. Кейіннен әкеден дарыған талант Кенжегүлдің бойынан байқала бастайды. Жабыққан сәттерінде ақ параққа мұң-зарын өлеңмен өрнектеп, жанына медет табады. Бүгінде ақынның қорында 70-ке жуық өлеңдері бар. Бірнеше өлеңдеріне ән де жазылып, жергілікті әншілердің орындауында халыққа танылып та үлгерген. Талант иесі ақындықпен қатар, ән айтуға да бейім. Түрлі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған байқауларда жүлделі орындардан көрініп келеді. Тіпті, еселі еңбегі еленіп, «Мәдениет майталманы» дәрежесі де беріліпті. Өткен жолы қала аумағында жеке шығармашылық кешін де өткізген. «Мен бір жаралы аққу» деп жырлаған ақын қыз осы орталықта өзімен тағдырлас адамдардың қилы тағдырын қамтыған алғашқы кітабын да жазып, демеушілердің көмегімен жарыққа шығарыпты.
Ес білгелі өз аяғымен жүруді армандайтын Кенжегүл әлі де дертінен айығатынына үмітпен қарайды. Жарты ғұмыры қарттар үйінде өткен талант иесі қалған өмірінде жеке баспанаға қол жеткізіп, шығармашылығын дамытуды армандайтынын айтып қалды. Қайырымды жандардан медет күтетінін жасырмады.
Қалай дегенде де, талай тағдырды тоғыстырған орталықта тұрып жатқан жандардың әрбірінің жанарынан жылулыққа деген мұқтаждық аңғарылады. Бірі әке, бірі ана бақытын аңсаса, енді бірі перзентінің қамқорлығына зәру екенін іштей ұғындық.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы