Киноға бөлінген миллиардтар
Киноға бөлінген миллиардтар
250
оқылды
Соңғы жылдары отандық прокатта шетелдік өнімдерге тойтарыс беруге қауқарлы төл туындыларымыз бой көрсетіп келеді. Бұл – қуанарлық жағдай. Десек те, олардың көбі негізі­нен жеңіл әзілге құралған комедиялар екені жасырын емес. Мәселен, 7-18 қыркүйек арасында Нұртас Адамбаевтың «Әкімі» 2-орынды берген жоқ. Прокаттың үшінші аптасында ғана бір орын төмен жылжыды. Ал жаңа жылдың екінші күнінен бастап көрерменге жол тартқан Н.Қоянбаевтың «Кореядағы қазақша бизнесі» екі апта бойы алдына жан салған жоқ. Бір айдан кейін жарық көрген My love is Aisulu да соның тағдырын қайталады. 30 қаңтардан 4 ақпанға дейін бірінші тұрса, 6-10 ақпан арасында екінші орынға құлады. Алайда бұл фильм прокаттың алғашқы аптасында 76 млн теңгеден астам табыс тапты. Тіпті, былтырғы «Біздің заманымызға дейінгі жігіттер» комедиясы да қарашаның аяғында үздіктер арасында болған еді. Мемлекет бюджетіне түсірілген фильмдер арасынан «Томирис» қана топ жарды. Тарихи картинаны көруге халық қыркүйектің соңы мен қазанның басында көп келіпті. Яғни, отандық киноға сұраныс бар деген сөз. Бірақ бұл ілуде бір кездесетін жағдай...  

Отандық фильмдер халыққа жетпейді

Есеп комитеті 2010 жылдан бері 48 сценарий бойынша қаржы бөлінген туынды жарыққа шы­қ­пай қалғаны туралы есеп берген болатын. Ал 10 жыл ішінде мем­лекет бюджетіне түсірілген 325 фильм­нің 185-і прокатқа шық­пап­ты. Бұл жобаларға бас-аяғы 19 млрд теңге жұмсалған. Яғни, осынша қаржы желге ұшты деген сөз. Прокатқа шыққан күннің өзінде одан түскен қаражатты кеткен шығынмен салыстыруға келмейді. Яғни, мемлекет кино өндірісінен пайда көріп отырған жоқ. Ал кәсіпкердің жеке қараж­атына түскен фильмдер жылдан-жылға нарыққа дендеп еніп ке­леді. Жоғарыда келтірілген сан­­­дар со­ған дәлел. Бұның себебі неде? Продюсер Талғат Тайшанов бұл отан­дық кинолардың халыққа қо­л­­жетімсіз болуынан деп есеп­тейді. «Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Барымташылар» фильмі 2018 жы­лы түсірілген болатын. 2019 жыл­дың аяғынан бастап Жапо­нияда прокатқа шықты. Осы туынды Қазақстанда прокатқа шыққан жоқ. Сәбит Құрман­бе­ковтің «Композитор» фильмін де прокатта көре алмадық. Бұл – Қазақстан үшін маңызды жоба. Фильмді Қытай мемлекетімен бірлесіп «Қазақфильм» кино­сту­диясы түсірген. Авторлық фильм­дер прокатқа мүлдем шықпайды. Біздің кинотеатрлар, кинозалдар жекеменшіктің қолында. Яғни, бізде мемлекеттік кинотеатрлар жоқ. Сол себепті біз мемлекет қар­жыландырған отандық фильмдерді халыққа жеткізе алмай отырмыз», – дейді ол.  

Бәсеке әділ емес

Сондай-ақ продюсер кино­театрларда отандық фильмдер ыңғайсыз уақытқа қойылатынына қынжылады. Айтуынша, қанша көргісі келгенмен адам жұмыс кү­ні түске дейін ол киноға бара ал­майды. Сондықтан да Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» филь­мі көрсетілімде болғанымен, прокат ауқымына көңіл толмайды. Кинотанушы Гүлзат Көбекова бұл пікірмен өзкеліспейді. Себебі нарық заманында автор өз өнімін сата білуі керек.
«Мәселенің бәрі мынада. Авторлар фильм түсіреді. Түсіріп біткен соң бірден босаңсиды. Өз баласы сияқты келешегіне алаң­дау жоқ. Жарнама мен насихат өте көп нәрсені шешеді. Мына про­катқа шығып жатқан фильмдердің ұтып кетіп жатқаны сол ғой. Сон­дықтан өз өніміне жаны ашып, насихаттау керек».
Бұл пікірмен келіспеуге бол­майды. Дегенмен ол үшін нарықта бәсеке әділ болуы керек. Про­дюсер Талғат Тайшанов кино­театр­лар қазақтілді аудиторияның құқығымен санаспай отырғанын да айтады.    width= «Мысалы, Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі прокатқа алдымен орыс тілінде шыққан. Халықтың сынынан кейін ғана қазақ тілінде шықты. Оның өзінде аудармасы өте нашар болды», – дейді продюсер. Осы орайда, Талғат Тайшанов кинотеатрларда қазақ киносын қазақ тілінде көр­сетілім уақытын аптасына бір рет ыңғайлы уақытқа қойып, көрсетіп және халыққа насихаттап отыру керек деп санайды. Осы­лайша, қазақтілді аудиторияға жағдай жасауды көздеп отыр. Франция билігі де осыған ұқсас саясат ұс­танады. Өз кино өндірісін қолдау мақсатында түрлі жоба­ларға қаржы бөліп, ірі арналарға арнайы лицензия беріледі. Нәти­жесінде, танымал «Такси», «13 ау­дан» се­кіл­ді шедеврлер дү­ниеге келді.  

Нарыққа бейімделу керек

Кинотанушы Гүлзат Көбекова нарыққа былай қолмен бұрмалау ұзаққа апармайтынын, авторлар заман талабына бейімделмей алға басу болмайтынын айтады. «Біздікілер көбіне ескіше ойлайды. Ақшаны игеріп бердім, әрі қарай менің міндетім емес де­ген сияқты. Олай болмайды. Мы­на Қоянбаевтан көп нәрсені үй­рену керек. Ол жігіттер мемле­кеттен көмек сұрамай, жеке де­меушілермен, өз қаржыларымен түсіріп, әр мерекенің алдында жос­парлы прокатқа қойып, ақ­шасын ақтап жүр. Былай қарасаң адал еңбек. Біздің көптеген на­рыққа бейімделе алмай жүрген «Қа­зақфильмнің» кәсіби режис­серлері сол заманауи мектептен өтуі керек», – дейді ол. Дегенмен қаржы табу үшін жеңіл-желпі дүниенің соңына түсіп, нарық қуалап кетуге тағы болмас. Оскар алмаса да түрлі фес­тивальдарда топ жарып жүр­ген туындылар жоқ емес. Тіпті, отандық көрерменмен қауыш­паған кей фильмдер шетелде сұ­ранысқа ие болып жатыр. Демек, барымызды бағалай алмай отыр­мыз деген сөз.
«Біздің өзіміздің бай мәде­ниетіміз бен терең тарихымыз бар ғой. Соның ішінде қаншама қызықты оқиғалар жатыр. Осы­ларды заманға сай шынайы етіп жеткізе алсақ, әлемдік көрермен оны жақын қабылдайды. Мысалы, режиссер Ерлан Нұрмұхам­бетов­тың «Жаңғақ тал», «Барымта­шылар» фильмдерін Оңтүстік Корея мен Жапония көрермендері сондай қызығушылықпен про­катта көріп жатыр. Фархат Шә­ріпов, Әмір Байғазин, Әділхан Ержанов, Болат Қалымбетов, Дә­режан Өмірбаев, Талғат Теме­новтің фильмдері әлемдік кө­рерменнің көңілінен шығып отыр», – дейді Талғат Тайшанов.
Дегенмен жоғарыда айтқа­нымыздай, мемлекет отандық кино өндірісін пайда табу үшін қолдап отырмағанын есте ұстаған жөн. Бюджеттен бөлінетін қар­жыға халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын, тәрбиелік, тарихи мәні бар туындылар жарық көруі керек. Бұл пікірмен екі са­рапшымыз да толықтай келісіп отыр. Біздегі мәселе – сол туын­ды­лардың халыққа жетпей отыр­ға­нында. Кино мамандары отан­дық фильмдер сөреде шаң басып тұр­май, халыққа тегін болса да көр­сетілуі, ел игілігіне осылай жа­рауы тиіс деп санайды. Сонда ғана сіз бен біздің салығымыз ақталмақ.    width=Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ