Абай облысында ардагерлер орталығы ашылды

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық “Ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Абай облысына келді.

Облыс әкімі Н.Ұранхаев Мәжіліс депутатымен жүздесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттері бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Өз кезегінде Б.Ізмұхамбетов өткен жылы Президент Жарлығымен құрылған үш облыста ардагерлер ұйымының филиалдары құрылып, бұған дейін екі облыс орталығында Қонаев және Жезқазған қалаларында арнайы ардагерлер орталығы ғимараты ашылғанын айтты. Осындай орталықтың Семей қаласынан ашылуына жағдай жасап, ардагерлерге ғимарат бөліп, көмек көрсеткені үшін облыс әкіміне ризашылығын білдірді. 

Іссапар барысында  Б.Ізмұхамбетов Абай, Шәкәрім, Мұхтар ескерткіштеріне барып, тарихи-мәдени орындарды аралады. Одан әрі облыстық ардагерлер кеңесі орталығының ашылу салтанатына қатысып, Абай елінің ардагерлерімен жүздесті.

Ардагерлер орталығының ашылуында сөйлеген Б.Ізмұхамбетов былай деді: “Алдымен сіздерді қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекенінің бұрынғы мәртебесін қайтарып, Абай облысы болып қайта құрылуымен құттықтаймын. Бұл мекен – талай Алаш арыстарының ізі қалған  қастерлі өңір. Мемлекет тарапынан ардагерлерге барлық жағдай жасалып жатыр. Президент биылғы Жолдауында «Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды», – деді. Елдік істерде аға буынға түсер жүк  салмақты. Ардагерлеріміз елдің тыныштығы, ынтымағы жолында, Мемлекет басшысының бастамаларын тұрғындарға түсіндіруде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын сұраймын. Қазіргі интернеттің дамыған уақытында, түрлі теріс пиғылдағы ағымдар көбейіп кетті. Осы жағынан сақ болып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіміз керек". 

Депутат көпшілікті 1 қазан Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген біраз ардагерлерге “Ардагерлер ұйымының” “Құрметті ардагер” төсбелгісі мен “Құрмет грамоталарын” тапсырып, алдағы уақытта жұмыстарына сәттілік тіледі.