Өрттен қорғайтын қондырғы

Елордада тұрғын үйлерге өрттен қорғай­тын қондырғылар қойылды. Алдағы уақытта «Үркер» тұрғын үй алабындағы жеке сектор­ларға 100 датчик қондырылады.

Бұл іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы  елорданың Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе отырып ұйымдастырды. Нұра ауданы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасынан түтін және көміртегі тотығын анықтайтын 100 датчик алынып, әр апта сайын «Үркер» тұрғын үй алабындағы белгіленген тұрғын үйлерге қондырылмақ.

– Қондырғы жеке секторда қандайда бір түтін пайда болған жағдайда үйдің иесіне дыбыстық белгі береді. Бұл пеш болсын, электр құрылғылары болсын, өрт немесе улану қаупін туындататын қауіпті жағдайлардың алдын алмақ. Дыбыстық белгіні естіген үй иесі тез арада өртке қарсы қызметке оқиға туралы хабарлауы керек. Дегенмен датчиктердің орталықтандырылмағанын, яғни Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармаға белгі келмейтінін ескерткіміз келеді. Сондықтан тұрғындар белгіні естісімен 101-ге ақпарат айтуға тиіс, – деді Астана қаласы Нұра ауданының Тө­тенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бас маманы Әділжан Берікболсынов. 

Ұйымдастырушылар ең бірінші Ақсүйек көшесіндегі 16-үйге түтін және көміртегі тотығын анық­тайтын қондырғыны орнатты. Үй иесі, зей­нет­кер Шолпан Боранбаева аталған қондырғының жергілікті халық үшін өте қажет зат екенін айтып, іс-шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылығын жеткізді. Бұдан бөлек, көпбалалы ана Салтанат Аукенованың шаңырағына және көру қабілеті бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар Берен Өтебаева, Қарашаш Тәшеновалардың үйіне  де қауіпсіздік құрылғысы орнатылды. 

Жанель ҚҰТТЫБАЙ