Жаһандық қара базарда сатарымыз көбейсін

Қазақстанның өзге елдермен сауда-саттығы ең жоғарғы межеге жетіп, тарихи рекорд орнатты. 2022 жылы еліміздің сыртқы сауда айналымы 136 миллиард доллар болды.

Соның ішінде экспортымыз 84 миллиард доллардан асты. Биыл Қазақстан бұл тарихи жетістігін қайталай ала ма? Президенттің АҚШ, Германия, Түркия сияқты басты сауда әріптестерімізге сапары оған серпін беруге тиіс. Бұған қоса, елімізде тек экспорт мәселелерімен айналысатын жаңа агенттік құрылды. 

Жарқын рекордты жаңарта аламыз ба?

Мемлекет басшысы, әсіресе дайын өнім экспортын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері бол­ғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда KazakhExport компаниясы экс­­портты дамытатын толыққанды ин­сти­тутқа айналады. Компанияға осы мін­­детті атқаруға қажетті құзырет берілуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған орай Үкімет 2003 жылы құрылып, 20 жыл бар-жоғы белгісіз бо­­лып, бұйығы жатқан KazakhExport ком­паниясын жарыққа шығарып, оның ба­засында құрылатын агенттікке мол қара­жат бөлуге, тиісті құзырлар беруге кірісті. 

Өз кезегінде Сауда және интеграция министрлігі «Кейбір заңнамалық ак­тілер­­­ге экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызмет­­­тердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзір­­­­леді. Оны Мәжіліс бірінші оқылымда қабылдады. Дегенмен құжат сарап­шылар арасында пікірталас туғызуда. Олар бар назар алпауыттар мен оли­гархтарға ауып, отандық орташа экс­порттаушылар лайықты көмек ал­майды деп алаңдайды. 

Заң қабылданған соң KazakhExport бізден тауар таситын шетелдік, ресейлік компанияларды да жарылқайтын бола­­ды. «Бұл санкцияны айналып өтуге соқ­тыр­мас па?» деген заңды сауал туғы­­­зады. Себебі санкцияларды аттап өту, сұр импортты жүзеге асыру, яғни өнімдерді бренд иелерінің рұқсатынсыз тасу үшін ресейлік компаниялар Қазақ­станның, өзге елдердің юрисдик­­­циясына көшіп, қайта тіркеледі. 

Сауда және интеграция вице-ми­­нистрі Қайрат Төребаевтың түсін­­­ді­­­­руінше, KazakhExport сақтандырумен, қайта сақтандырумен, шикізаттық емес экспортты қаржылық қолдаумен, дамы­­тумен айналысатын экспорттық-кредит­тік агенттікке айналады. 

Жаңа агенттік алдына Мемлекет басшысы қандай мұрат-миссия белгіле­ді? Ең бастысы, ол 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін 41 миллиард долларға дейін өсіруге ықпал етуге міндетті. 

Сауда вице-министрінің айтуынша, Қазақстан былтыр жаһандық нарыққа шикізаттық емес өнімдерімізді 26,5 мил­лиард долларға өткізе алды. Бұл – бұрын болмаған тарихи рекорд. Биыл рекорд жаңарады деп күтілуде. Себебі 2023 жыл­­дың I-тоқсанында өңделген өнім­дердің сыртқы сауда (импорт пен экспорт) көлемі 18,8 млрд долларды құрады. Яғ­ни, 2022 жылғы ұқсас кезеңдегіден үштен бірге көп. Соның ішінде шикізат­тық емес тауарлардың экспорты 7,6% өсіп, бір ғана тоқсанда 5,9 млрд долларға жетті. 

Қайрат Төребаевтың мәліметінше, экспорттың өсімі тауарлық позиция­­­лардың санын кеңейту есебінен қам­тамасыз етілді. Қарапайым тілмен айт­қанда, қазақ елінің әлемдік қара базарда саудалайтын өнімдерінің ассортименті артты. Нәтижесінде, биылғы I-тоқсанда экспортқа шығарылатын отандық өнім­дердің тауарлық позицияларының саны 767-ге ұлғайды. Бұл ретте бір позиция бірнеше брендтен тұруы мүмкін. Мыса­лы, сүт өнімдерін жалғыз емес, бірнеше компания төл тауарлық белгі­лерімен шетелге сатады. 

Қазақстанның шикізаттық емес экс­портын осы жылы дүниежүзіндегі 106 мемлекет тұтынуда. Осылайша, 2022 жыл­ға қарағанда тұтынушыла­рымыздың қатары тағы 6 елге кеңейді.

KazakhExport-тың басқа міндет­теріне: экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі халықаралық тәжірибесін Қа­зақстанда енгізу, экспорттау геогра­фия­сын кеңейту, халықаралық ынтымақ­ тастықты өрістету, өнімді сату есебінен республикалық бюджетті толтыруға, салықтарды төлеуге, ел экономикасын дамытуға үлес қосу, экспорттаушылармен бірге жаңа жұмыс орындарын құру және өзгесі кіреді.

Өктем өсімнің сыры неде?

Әйткенмен, бірқатар сарапшы билік­тегілердің оптимизміне ортақтаса алма­ды. Үкімет 2022 жылы қазақстандық экспорттың ауқымы рекордтық 84,4 мил­­­лиард долларға жеткеніне мақтанып, оны төл жетістігіне жазды. Ал сарапшылардың түсіндіруінше, бірінші­ден, бұл тек он жылдағы рекорд: 2013 жы­лы Қазақ­станның экспорты 82,5 млрд доллар болған. Бірақ ел тарихында экспорты­­мыздың былтырғыдан да көп болып, жүз миллиардтық межеге таяған кездері кездеседі. Мәселен, 2012 жылы қазақ­­­стандық экспорттың ауқымы 92,3 млрд долларға жеткен. Содан соң құлдырады. 

Екіншіден, ел экспортының өсіміне сол бұрынғыдай, шикізат, соның ішінде мұнай мен металдар серпін берді. Мұ­най­­­ды саудалаудан түскен табысымыз 2022 жылы бірден 51 пайызға көбейіп, 46,9 млрд долларды құрады. Нәтиже­сінде, республикамыздың бүкіл экс­поры­­­ның 56 пайызы бір ғана мұнайға тиесілі. Ендеше Қазақстан сол бұрынғы­дай қара алтынға тәуелді экономика саналады.

Мұның сыртында мыстың кірісі – 15 пайыз немесе 3,7 млрд долларға дейін, ферроқорытпаларда – 51 пайыз немесе 3,4 миллиардқа дейін, уранда – 95 пайыз немесе 3,4 миллиардқа дейін, мыс кен­дерінде – 51 пайыз немесе 2,4 млрд долларға дейін ұлғайды. Сонымен қатар шикізаттың өзге түрлері, соның ішінде бидай (+37 пайыз), көмір (2,4 есе), мырыш (+43 пайыз), күкірт (+91 пайыз) және басқасының түсімдері күрт өсті.

Қазақстанның экономикалық зерт­теу­­­­­­лер институтының сарапшысы Ернар Серік 2022 жылғы экспорт көр­сеткішінің жоғарылауы негізінен шикізаттық тауар­лар мен металдар бағасының қым­бат­тауы арқылы қамтамасыз етілгенін қа­­перге салды. Оның бағалауынша, тауа­­райналымның жылдық өсімінің 32 пайыздан астамы – жаһандық нарық­тардағы шикізат құнының артуымен, сондай-ақ әлемдегі инфляцияның ша­рық­тауымен байланысты. Мұнда Үкі­меттің еңбегі жоқ. Баға құлдыраса, экспорт та төменге ылдилай жөнелмек. 

Экономист Марат Ерғозин Үкіметтің салада жаңа агенттік құруға амалсыздан барып отырғанын айтады. 

«Негізі, Мемлекет басшысының эко­номикаға мемлекеттің араласуын азайту жөніндегі міндеті аясында кері­­­сінше, KazakhExport базасында агенттік құруға тыйым салынуы тиіс еді. Өйткені дамы­ған елдерде мұның бәрімен жеке бизнес айналысады. Экспортты да солар сақтан­дырады. Сауда министрлігі Ресей, Венг­рия, Үндістандағы экспорттық-кредит­­тік агенттіктердің қызметін зерде­легенін алға тартты. Шынында, бұлардың бәрі дамыған ел емес. Қазақ­стан солардың жолын құшуға мәжбүр. Республикада бүгінде 29 сақтандыру компаниясы бар: олардың ешқайсысы экспортты сақтан­дырумен шұғылданбайды, экспорт­тық компанияларға қызмет етпейді. Мысалы, олардың бірде бірінің мұнай таситын танкерлік флоты бар компанияны сақ­тандыруға қауқары жетпейді», – деді экономист. 

Мұның бәрі биліктің қазақстандық сақтандыру нарығын дамыта алмауының кесірі. Әлемде көптеген өнім экспорты бойынша Қазақстан лидерлердің сапын­да жүргенімен, шетелден бірде бір ал­­пауыт компания қазақстандық сақтан­ды­­ру нарығына кірмеді. Себебі на­ры­ғы­­мыз тым шағын: Ұлттық банктің дерегінше, 2023 жылдың бірінші жарты­сында сақтандыру ұйымдарының ак­тивтері небары 1,6 пайызға өсіп, 2,4 трлн теңгені құрады. Бұл 5 миллиард долларға да жетпейді. 

Салыстырсақ, әлемдегі рейтинг ба­сындағы америкалық UnitedHealth Group пен қытайлық Ping An Insurance сақтандыру компанияларының әрқасы­­­­сының активі 500 миллиард дол­лардай. Бүкіл қазақстандық сақтандыру нары­ғынан 100 есе көп.

Содан KazakhExport компаниясына бюджеттік миллиардтарды құйып, отан­дық экспортты өзі сақтандыруға Үкімет лажсыз көнді. 

Отандық өнім шетқақпай қалмасын

Өңдеу өнеркәсібі одағының атқару­­шы директоры Әсел Дангилова онсыз да ақсап жатқан экспорттаушыларды қолдау саласы ауыс-түйіске бола дағдара ма деп алаңдаушылық білдірді. 

«KazakhExport-тан экспорттық-кредиттік агенттік жасаған жөн. Алайда бұл алтын уақытты алып қоюы мүмкін. Жаңа мақсаттар жүгін көтере алатын жаңа, білікті команда жасақтау керек. Оның мүшелері өз міндеттерінің мәні мен маңызына бойлап, жұмыс ауқымын түсінуі қажет. Содан соң қағидаларды қайта жазып, НҚА-ларға, тіпті заңнамаға өзгерістер енгізуі тиіс. Ортақ ақпараттық жүйе және басқасы әзір етілуі шарт. Ал осы кезде экспорттаушылар жаңа жағ­дай­ға бейімделу үшін жаңа ойын ереже­лерін күтеді. Сондықтан дайын өнімдер экспорттаушылары бұған дейін берген өтініштер бойынша міндеттемелерін мемлекет толыққанды және үздіксіз орын­дап отырғаны маңызды. Ары қарай бұл процесс оңтайландырылып, экс­порт­­­­­таушылар мемлекеттік қолдауды жеңілдетілген тәртіппен әрі барынша қысқа уақытта алуы керек», – деді сарап­шы.

Оның айтуынша, отандық экспорт­таушылар саны көп емес. Олардың санын көбейту үшін жаңа агенттік тиімді, тегеурінді әрекет етуі қажет.

KazakhExport-қа қатысты заң жоба­сында агенттікке жаңа функция – «сау­даны қаржыландыру ставкаларын суб­сидиялау» құзыры берілмек. Жаңа құрал болғандықтан, оны қолдану да қиын бо­латынын Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мойын­дады. 

«Десек те, біз бұл тетіктен бас тарт­паймыз. Өйткені көптеген шетелдік ком­пания осы қызметті көрсетеді және бұл экспорттаушылардың бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға қажет. Мысалы, шетелдік импортер қазақстандық өнімді импорттағысы келеді. Біз оған кредит берумен шектелмейміз, сонымен бірге импорттаушы алған несиенің пайыздық ставкаларын субсидиялап, арзандатып береміз. Сөйтіп, оның кредитінің став­касын ЭЫДҰ белгілейтін деңгейге дейін түсіре аламыз. Осы арқылы жоғары тех­нологиялы отандық өнімдердің экспорт­тық мүмкіндіктерін кеңейтеміз», – деді Қ.Төребаев.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдерде CIRR, яғни экспорттық кредиттер бойын­ша белгіленетін пайыздық ставка­ның доллардағы ең төменгі мөлшері – небары 1,99 пайыз ғана. Осы орайда халықаралық сарапшылар Қазақстаннан Ресейге жоғары технологиялы өнімдерді, атап айтқанда, санкцияға іліккен, тыйым салынған дрондарды, электрониканы таситын жеке компанияларды әшкере­леді. Енді оларға Үкімет бюджет қаржы­сын шығындап, көмек берсе не болмақ? Мұндай масқараға жол бермеу үшін жаңа агенттіктің жұмысына бақылау мықты болса игі. Бірақ KazakhExport – квази­мемлекеттік сектордың ұйымы болған­дықтан, оны Парламент бақылай алмай­ды екен.  

Қалай болғанда, қолдау Қытайдан тасы­лып, жалған сертификаттармен «қазақстандық өнімге» айналатындарға емес, нағыз отандық өнімдерге сүйеу бол­са игі.

Айхан ШӘРІП