Ұлттық құрама мүшесі, 18 жастағы Мария Бровкова Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Мария Бровкова бір адамдық каноэда 200 метр қашықтықта мәре сызығына үшінші болып жетті. Бұл сайыста қытайлық спортшы чемпион атанып, таиландтық ескекші екінші орынды иеленді.
Бұл – Мария Бровкованың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі. Ол кеше Руфина Искаковамен бірге 500 метр қашықтықта жұптасып каноэ есуде күміс медаль алған еді.
Оның жеке бапкері, анасы Елена Бровкованың сөзінше, бұл Азия ойындарында ескек есуден Олимпиадаға жолдама үлестірілмейді. Лицензиялық Азия чемпионаты келесі жылы көктемде өтеді.
Мария Бровкова – байдарка мен каноэ есуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, ересектер арасында әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы. Бүгінде М.Бровкова Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 2-курсында дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқып жатыр.