«Сақалы бар, мұрты жоқ» – Қазыбек Иса теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салу керегін айтты

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «Ақ жол» фракциясы мүшелерінің атынан депутаттық сауал жолдады. Депутат көтерген мәселені қаз қалпында оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Менің бүгінгі тақырыбым басқа еді, бірақ дін жайлы өте маңызды тақырыпқа үн қосқым  келіп тұр.

Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті. Өйткені "Ақ жол” партиясы  талай жылдан бері діни радикалды теріс ағымдарға заңмен қатаң тосқауыл қою туралы ұсыныс жасап келеміз.

Он екі жыл бұрын 2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті келіспей, осы тыйым салу заңға енбей қалды.

Мен мұны сол кезде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда  «Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер елді алдап келесіздер!» – деп ашық айттым.

“Қазақ үні” газетіне: “Ұлттық қауіпсіздік комитеті – ұлтқа қауіпті комитет пе?” деген мақала да жаздық. Енді сол күдігіміз кешегі қаңтар қасіретінде расқа айналды.

Ал 2009 жылы да дін туралы заңға өзгерістер енгізілетін болды да, біз “Қазақ үні” газетінде Діни басқармамен бірігіп, заңға діни ағымдарға тыйым салатын бап енгізу мәселесін көтердік.

Бірақ соның өзінде біздің сол кездегі солқылдақ билік осы тыйым салу бабын енгізе алмады. Сол кезде “Қазақ үні” газеті көтерген сол заң жобасы қабылданғанда, содан кейінгі, ақыры Қаңтардың қанды қасабына  әкелген небір қайғылы оқиғалар, бір ұлттың діни теріс ағымдар арқылы екіге бөлінуі секілді қасіреттер болмас еді…

Кезінде академик Рахманқұл Бердібай “Қазақ үні” газетінде жазғандай, “Хазария қасіретін” ұмытпайық. 7-10 ғасырларда өмір сүрген, еліне барлық діни ағымдарды кіргізген. Көп дінді, көп тілді ел, билігінен бастап, саудагерлеріне дейін өзге тілде сөйлеген Хазария мемлекеті қазір картада жоқ!

”Діні бар да, ұлты жоқ, Сақалы  бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер!" – деп бір ғасыр бұрын жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында көреген екен.

Мен өзім осы жасымда кешеге дейін мұрты жоқ сақалдыларды көрген жоқпын. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Ер Махамбетті, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?!. Біздің шет елге барып, күмәнді оқуларда бірер ай оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан ақылы асып, тасып келгендер ме?

Қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен  олардың әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатқаны белгілі.

Өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың  «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар тіпті,  ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын «Шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты атаудың мәнін құртты.

Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жасты қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, елге қауіпті күштерге айналдырып жатыр.

Дінге, тілге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне тосқауыл қойылуы тиіс!

Ел үшін ең қымбат Ұлттан, адам үшін ең аяулы – әке-шешеден, қазаққа ең адал домбырадан садаға кеткір харам пиғылдылардың еркін тарап  жатқан Ел түбіне жетер вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті..

Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, Мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан  Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет.

Бұдан кейін кеш болады. Бұл маңызды сауалды Премьер мен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасына жолдаймыз.