Деструктивті діни ағымға тосқауыл қажет

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қарау үшін палата Бюросы 6 мәселе ұсынған екен. Олар – Бюджет кодексінің жобасы туралы, кейбір заңнамалық актілерді Конституция нормаларына сәйкес келтіру, білім беру және бала құқығын қорғау мәселелері, Мемлекеттік корпорация мәселелері туралы.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Ал бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелеріне қатысты «Концессиялар туралы» заңның күші жойылды.

Жалпы отырысқа мемлекеттік корпорация мәсе­лелері бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин, ал Еуразиялық эконо­мика­лық одақ бойынша Премьер-Министрдің орын­басары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев шақырылған екен. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен бұл құжат мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бо­латын. Заң жобасында Мемлекеттік корпорация­ның мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін және қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жет­кізе алатын қызметкерлерін мемлекеттік функ­ция­ларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға жатқызу, ақпараттық жүйе шеңберінде өтініштер қабылдауды ұйымдастыру құзыретін Мемлекеттік корпорацияға беру, «Азамат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ұғы­мын нақтылау көзделген болатын. Сондай-ақ депутаттар ЕАЭО шеңберінде аудиторлық қызметті жү­зеге асыру туралы келісімді ратификациялап, па­лата комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмыс­қа алды.

Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып болған соң депутаттық сауалдарға кезек берілді. Марат Баши­мов «AMANAT» партиясы фракциясының депу­таттары атынан Премьер-Министр мен Бас прокурорға заңсыз иеленген активтерді қайтару ту­ралы заң жобасының дайын болмай жатқанын сынап сауал жолдады. Сол сияқты «AMANAT» фракциясы мүшесі Ерлан Саиров Әлихан Смайылов пен Берік Асыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын сынға алды. Оның айтуынша, «Самрұқ-Қазынаның» енші­лес «Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис» компания­сының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасы­нан екі есе көп бонус алған. Кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, басшылық 274 млн теңге бонус жазып алған. Өз кезегінде, «Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының еншілес «КАЗ КЛОУД» кәсіпорнының менеджменті компанияның таза пай­дасы 61 млн теңге бола тұра, сыйақы ретінде бір жыл­да 336 млн теңге алған. Ал тең құрылтайшы боп табылатын «Қазақтелекомның» басқарма мүшелері жалпы 422 млн теңге сыйақы алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді. Сондай-ақ «Қазақтелеком» өзінің үлесін жеке серіктестікке беріп жіберген. «Бұл үлес неге, қалай берілді, мемлекетке залал жоқ па?» деген сұрақтар туындайды.

«Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық? «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері, еншілес кәсіпорындары өздерінің басшыларына бонус, сыйақы жазып алуға ғана қызмет ете ме?» деген заңды сұрақ туады! «AMANAT» фракциясы «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының атына заты сәйкес келуі керек деп есептейді! Біріншіден, «Самрұқ-Қазынаның» өз менеджментіне «асыра сілтеп» сыйақы жазу саясатының заңға сәйкестігін анықтап, бұл ашкөздікті тоқтату қажет. Екіншіден, «Самрұқ-Қазынада» құжынаған еншілес кәсіпорын­дар­дың қажеттігін анықтау керек. Үшіншіден, «Самрұқ-Қазынаның» қаржы саясатының ашық­тығын қамтамасыз ететін тетіктер жасалуы тиіс», – деді депутат Ерлан Саиров.

Аманаттықтар жолдаған келесі бір депутаттық сауал Ерұлан Жамаубаевқа арналды. Депутат Ринат Зайытов Мемлекеттік сатып алу бойынша Заң жобасының әлі дайын болмай жатқанын ашына жеткізді.

«Бұл мәселені әр ай сайын «AMANAT» фракция­сының мүшелері қаперінде ұстап отыр. Ел тұрғын­дарына сіздер жасаған проблеманы түсіндіріп әлек­піз! Енді Мемлекет басшысы қайта тапсырма берді. Жаңа заң­ды дайындаңдар, мейлінше халыққа оңтай­лан­дырыңдар. Ал заңның жаңа жобасы әлі Мәжіліске келмеді. Біз тек сұлбасын көрдік. Заңның «сұлбасы» не дейді: менің түсінгенім бойынша, заң тек «рамоч­ный». Бұл қалай, яғни заңның маңызды тетіктері нормативтік-құқықтық актілер деңгейіне түсірілген. Барлық мәселе тек Үкімет пен әкімдік арқылы шеші­летін болады. Оған қазіргі жасалған заңның жаңа жобасы негіз бола алмайды. Жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы, болмаса министрліктегі мүдделес қызметкерлерге оңтайлы өзгерістер жасай береді. Біле білсеңіздер, заңнан биік құжат жоқ. Сондықтан ел мүддесін қорғайтын заңдарға келгенде – өз ерік­теріңізбен қазаншы болуларыңызды тоқтатуды сұрай­мын. Ертең дау туғанда, проблема болғанда халықта, мердігерде «AMANAT»-тың депутаттарын іздейді. Сол үшін әрбір мәселе заң деңгейінде пысықталуы қажет. Бізге «рамочный» заң керек емес. Әлі де уақыт бар. Айтарымыз біреу ғана – заң жобасын қайта қарастыру қажет!» – деді ол.

Естеріңізде болса, өткенде ғана «AMANAT» партиясы қасиетті қара домбырамыз бен қастерлі ұлттық құндылықтарымызды жат ағымдардың қор­лауына жол бермейтінін мәлімдеген болатын. Бұл жолы депутаттар діни деструктивті ағымдардың қаупіне назар аудартты. Халық қалаулыларын «жүзін тұмша­лап, бетін бүркеп, қара матаға сүрінгендер мен етегін ашып, абыройын шашып, тәнін сатып тағдыры бүлінген қыз тәрбиесін қалай түзейміз?» «Салт-дәс­түрін талақ етіп, ұлттың ұлы болуға емес, жат ағым­ның құлы болуға мойынсынған, ағайыннан ақиларын артық көрген ұл тәрбиесінің бүлінуін қалай жөнге саламыз?» деген сұрақтар алаңдатты. Расында да, дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүр­лері­мізге деген шабуыл көбеюде. Әсіресе, жастарды соқыр фана­тизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улайтын теріс уағыздар, тынысымызды тарылтып, алқымнан алып барады. Бұл – ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп! Қасиетті домбырамыздан бастап, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп ата жолынан адастыруға тырысып, тамырымызға балта шабуда. Тіпті, ұлыс­тың ұлы күні саналатын «Наурыз» мейрамын да қаралаушылар баршылық. Қара жамылып, паран­жамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымыз­ды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазитыны да рас. Радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының өкінішке толы адасқан өмірі қоғамға сабақ болуы тиіс еді. Бірақ бү­гін­гі ахуал өткеннің қателігінен сабақ алмағаны­мызды көрсетеді.

«Атаның батасын, әкенің ақылын, ананың өнегесін бойына сіңіре білген сенімі берік намысшыл халық едік, жат ағымдарға көндігіп, уағызшыл болып барамыз. Бірігуге емес бөлінуге, өнегеге емес, өсекке өңешімізді созамыз. Өзіміздің асылымыздан жеріп, өзгенің жасығына үйірміз. Танымымыз тарылып, нанымымыз лайланып, қоғамның түсінігі қырыққа бөлінуде. Меніңше, төл мәдениетімізге, ұлттық тәрбиемізге мән беріп, жат ағымдардың шабуылына тыйым салғанда ғана өнегелі ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ұл-қыздарымызды теріс уағызбен емес, ұлттық тәрбие арқылы жөнге сала аламыз. Ол үшін мемлекеттік деңгейде ұлттық идея қолға алынуы керек. Мемлекет діннен бөлекпіз деп, жат ағымдар­дың тайраңдауына жол берілді. Ұлттық құндылық­тарымызға, салт-дәстүрімізге шабуылдаушы күш­терге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа бол­мады. Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есі­мізді жия алмай келеміз. Меніңше, біздің мемлекет ретінде араласып, жөнге салатын уақытымыз әлдеқашан келді. Үкімет осыны ойлап нақты қадамдар жасауға тиіс. Сөзімнің түйіні! Халықты аздыратын осындай шабуылдарға тоқтау, заңмен тыйым салмасақ болмайды. Салт-дәстүрімізбен, төл мәдениетімізбен үйлесім тапқан дәстүрлі дінімізді жат ағымдармен бұзып алмайық! Ойланайық, ағайын!» – деді депутат Аманжол Әлтай.

Мәжілістің бұл жолғы жалпы отырысы сынмен ерекшеленді. Ашынғанда шығады ащы дауысым демекші, Үкіметті қамшылаған да, қайраған да депутаттар болды. Іште бұққан шындық ашық айтыла бастады. Ұлттық құндылық пен әлеуметтік әл-ауқат әділет жолымен жүргенде ғана  ұшпаққа шығады.

Н.ҚОСАЙ