Жиһаздың да жиһазы бар

Бала кезден көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген кәсіптің тізгінін ұстап, әкенің ісін жалғастырған көксулық Айболат Махай «Даму» қоры арқылы несие алып, жиһаз жасайтын цех ашып, өндірістің толық кезеңін іске қосты. Қордың көмегі де кәдесіне жарады. Дегенмен бизнесіне өзінің жеке қаражатын салды. Заманауи жабдықтар сатып алып, орнатты.

Алматыда жоғары оқу орнын біті­ріп, экономист-менеджер маманды­ғын алып шыққан  Айболат ойлана келе, жиһаз жасаумен айналысқан әке­сі­нің ісін жалғастыруды дұрыс көреді. Қазір өзінің таңдауы дұрыс болға­нына көзі жетіп отыр. Жергілікті жердегі  бизнесін табысты әрі тұрақты деуге болады. Кәсіпорын алғаш іске қосылған кезден бері өзінің сапалы қызметімен  ел сеніміне ие бола білді. Қазір жергілікті тұрғындар мен мемле­кеттік мекемелер арасында тұрақты тұтынушылары пайда болды. Өзара ын­ты­мақтастықта жұмыс істейтін  ең­бек ұжымы қалыптасты. Бұрыннан істеп келе жатқан тәжірибелі шеберлер келген жас мамандарды оқытып, үйре­тудің арқасында қатарларын толық­ты­рып отырады. Балпық би ауылын­дағы «Айболат» ЖШС – жиһаз цехы қазір аудандағы ғана емес, облыстағы ең ірі цехтардың бірі. Ай сайын кемін­де 10 тапсырысты табысты орындайды. 

– Компьютермен басқарылатын арнайы заманауи станоктар сатып алып, орнатудың арқасында қазір шеберханадағы қол еңбегі 50 пайызға азайды. Бізде бүгінгі күн талабына сай  4 құрылғы бар. Олардың әрбірінің құны 2,5 мен 8 млн теңгенің аралы­ғында. Осы станоктардың көмегімен кесеміз, тегістейміз, пленкамен қаптаймыз, өрнектер саламыз. Бояу, әрлеу жұмыстары қолмен атқарылады. Құрылғылардың ең жаңаларының бірі – биыл сатып алған триммер. Қалған­дарын бұрынғы жылдары сатып алдық.  «Даму» қоры арқылы 7 жылға 14% не­сие алдым, оның 7-%-ін өзім төлей­мін, қалғанын мемлекет субсидия­лайды. Бұл едәуір қолдау болды. Бүгін біз шкафтардың барлық түрін, сондай-ақ ішкі есіктер шығарамыз. Өндіріске арналған материалдар мен фурни­тураны Алматы қаласынан сатып әке­леміз. Бүгінде бізде жасалған жиһаз­дарға жергілікті тұрғындармен бірге облыстың басқа аймақтарынан да тапсырыстар түседі. Жиһазды әр са­тып алушының қалауы мен мүмкіндік­теріне қарай, әрі  түрлі модификация мен конфигурацияға сүйене отырып жасаймыз. Көбіне клиенттер өздерінің интерьеріне сай дизайн мен түстерді ұсынып жатады. Өлшем жасаудан бас­тап дайын өнімді жеткізуге дейін түгел бастан-аяқ атқарамыз. Тауарларымыз­дың сапасы мен қызмет ету мерзім­деріне кепілдік береміз, – дейді жиһаз цехының директоры Айболат Махай. «Айболат» ЖШС алдағы уақытта тендерлерге қатысуға ниетті. Кәсіпкер үлкен тапсырыстарды орындауға өзінің де, командасының да тәжі­рибесі, құрал-жабдықтары мен мүмкіндіктері жететініне сенімді.

Цехтағы жиһаз жасау өндірісінде 

4 адам еңбек етеді. Олардың екеуі – өз ісін мықтап меңгерген нағыз шебер­лер.  Жалақылары 200 мың теңгеге жуықтайды. Сонымен бірге орындал­ған тапсырыстар санына байланысты шеберлерге негізгі жалақыға қосымша ақы төленеді.

– Күрделігіне байланысты бір тапсырысты орындауға 7 күнге дейін уақыт кетеді. Егер бояу қажет болса, онда одан да көп уақыт жұмсалады. Жал­пы, бұл салада 2005 жылдан бері ең­бектеніп жүрмін. Алғашында Алма­тыда жұмыс істедім, ол жақтан көп нәрсені үйрендім, кейін туған жеріме оралып, жерлестеріме көмектессем деп шештім. Қазір осы цехта екбек ете­мін. Біраз жыл болды. Жұмыс жақ­сы жүріп жатыр. Жергілікті жастарға да мамандығы мен тұрақты табысы болуы үшін білгенімді  үйретуге тыры­самын, – дейді цех шебері Серік Сметұлы. 

Көксу ауданы әкімдігінің мәліме­тінше, ауданда 3 950 кәсіпкер бар, олар негізінен ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тамақтану, жеңіл өнеркәсіп, туризм салаларында еңбек етеді. 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Жетісу облысында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері саны 59,7 мың-ға жеткен. Өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 133 млрд теңгеден асыпты. Бұл рет­те 2023 жылғы қаңтар-тамызда бюджетке салық түсімдері 2022 жыл­дың осындай  кезеңімен салыстырғанда 46,7%-ға ұлғайып, 27,7 млрд теңгеге жеткен. Жалпы, облыс бойынша  Тал­дықорған қаласы мен 7 аудан оң өсім көрсетсе, соның ішінде Көксу ауданы бұл көрсеткішті 2,4 есеге ұлғайтқан.

 

Болат Абаған, Жетісу облысы