Құсқа да қорған болсайшы
Құсқа да қорған болсайшы
Жақында ғана Қызыл кі­тапқа енгізілген ителгіні заң­сыз аулаумен, кейіннен олар­ды Қазақстан-Өзбек­стан және Қазақстан-Қыр­ғыз ше­каралары арқылы Таяу Шы­ғыс елдеріне кон­тра­бан­далық жолмен тасы­мал­дау­мен айналысқандар ұс­талды. Табиғатқа деген жа­нашыр­лықты ұмытқан­дай­мыз. Ойы­мызда тек мо­лы­нан ақша қарпып қалу. Неге? Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы Қазақ­станның Құстарды қорғау ода­ғымен бірлесіп 2020 жылдың нышаны ретінде ителгіні таңдады. Бұл арқылы осы құсты сақтау үшін жұмыс жүргізіледі деген сөз. Айта кету керек, ителгіні шетелге сату азаймай тұр.  

Бұл қандай жыртқыш?

Ителгі – жыртқыш сұңқар құс­тарының тобына жатады. Ол Қа­зақ­станда сілемді таулар мен ор­мансыз ашық далалардан басқа жердің бәрінде кездеседі. Әсіресе, Маңғыстау мен Үстіртте, Сарыар­қаның жатаған таулы өңірлерінде көп ұшырасады. Еліміздің сол­түстігінде ұя салады, Алтай, Тянь-Шань тауларының етегінде қыс­тайды. Ителгінің қатары 90-жыл­дары қатты сиреп кетті. Оны сол кезде браконьерлер аулап, араб елдеріне сатқан еді. Саят құста­рының ішінде бүркіттен кейінгі аң алатын қабілеттісі осы – ителгі. Оның үлкені алты тұтам, қана­ты­ның ұзындығы жайғанда бір кез шамасындай болады. Өзге саят құстары сияқты бұл да үлкен, кішілігіне қарай төрт түрге бө­лінеді: ірі, тана, бұқа, шәулі деген сияқты. Ителгі көбінесе жаз, күз айларында салынады. Құстарды ол көбінесе өз күшімен алады. Міне, осы үшін ол жақта ителгіні саят­шылыққа пайдаланады. Қазір сарапшылар елімізде бірнеше жүз ителгі жұбы ұя салады деп са­найды. Ителгіні шетелге шекара­дан заңсыз асырып алып кетуге тырысқандар жыл сайын тірке­леді. 2015 жылы Қазақстан биоәр­түрлілікті сақтау қауымдастығы ителгіні заңсыз трафигіне тыйым салу үшін оны белсенді жұмыс жүргізілетін құстар тізіміне қосты. Осы мақсатта Қорғаныс министр­лігі Кинологиялық орталығымен серіктесіп, бірнеше иісшіл ит ителгінің иісін тануды да үйретті. Шараның мақсаты – табиғатты қорғау және тұрғындар назарын құстарға аудару болды. Алайда әлі күнге дейін құс аулау мен құс ату фактілері жиі кездеседі. Оңай олжаны ғана ойлап, табиғат көркі болған құстарды аяусыз қырып-жоюды кәсіп етіп алғандар айылын жияр емес.  

Шетел асқан қыран құс

Бұл елімізде айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Осыдан 6 жыл бұрын елімізге белгілі құсбегі Әбілхақ Тұрлыбаев:
– Қазір елімізде, өкінішке қа­рай бүркіт, сұңқар, ителгі секілді қыран құстар тым азайып барады. Олар шетелдерге, әсіресе араб елдеріне сатылып кетіп жатыр. Бұл рухты сатқанмен бірдей. Ата-бабамыз оларды өрліктің, ерлік­тің, көрегендіктің символы ретін­де бағалап, құрметтеген. Қыран құстар да өз алдына бір дүние. Оларды бағаламағандар қадірін де білмейді, құсбегі болып та жарыт­пайды, – деген жанайқайын жет­кізген болатын. Алайда оның шартына құлақ асқан пенде аз тәрізді. Құс аулаушылар әлі бар.
Кейін де бірнеше қылмыс ашылды. Соның бірі 2017 жылы болды. Елордада «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежа­йы» АҚ кешенді ауысым басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар 32 сұңқарды, оның ішінде 25 ителгі, бір ителгі-ла­шынды беріп жіберген болатын. Ол сотталды. Бірақ бар болғаны Есіл ауданының №2 сотының шешімімен 1 жыл 4 айға бас бос­тандығынан айырылды, сондай-ақ оның қылмыстық жолмен тап­қан мүлкі ғана  тәркіленді. Жақында ғана Ұлттық қауіп­сіздік комитеті Шымкент қала­сында, Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан облыстарының аума­ғында жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бірқатар трансұлттық топтардың заңсыз әрекетінің жолын кесті. Күдіктілер ұзақ уақыт бойы Қы­зыл кітапқа енгізілген ителгі құ­сын заңсыз аулаумен, кейіннен оларды Қазақстан-Өзбекстан және Қазақстан-Қырғыз шекара­лары арқылы Таяу Шығыс елде­ріне кон­трабандалық жолмен шығарумен айналысқан. Маман­дардың есебі бойынша, көрсе­тілген қылмыстық топтардың заң­сыз әрекетінен мемлекетке келтірілген зиян миллиардтаған теңгеге бағаланып отыр. Ұйым­дастырушылар мен қатысушы­ларға қатысты қыл­мыстық іс қоз­ғалды. Қандай жаза қолда­нарын сот шешеді.  

Қорғау күткен қанаттылар

Елімізде тек ителгі ғана емес, басқа да құстарға қауіп көп төнеді. Мысалы, былтыр жарғанаттың ба­­сына қара бұлт үйірілген бола­тын. «Жарғанаттың ұясын арабтар мың­даған долларға алады. Мен та­уып алдым да, мол табысқа ке­нелдім. Міне, мынау – сол ұя» деп әлеу­меттік желіге салғандардың жар­на­масына сенген жұрт қора-қопсыны, үй шатырын, таудағы үңгірлерді ақтарып кетті. Мұндай жағдай көр­шілес өзбек елінде де қайталанды. Өзбекстандағы әлеу­меттік желі­лерде жарғанаттың ұя­сын өткізіп, 5-10 мың АҚШ дол­­лары арасында табыс табуға бо­латыны жайлы қызу пікірталас болды. Ташкенттік «Живая пла­не­та» жануарларды қорғау қоға­мы­ның белсендісі Анастасия Ташилова:
– Осындай мәнсіз өтірік ақ­паратқа сеніп, адамдар жарғанат­тар­дың ұясын бұзып жатыр. Олар­ға сенбеңіздер, ол – алаяқтардың ойлап тапқаны. Салдарынан сүт­қоректілер зардап шегіп жа­тыр, – деп шырылдады.
Ал жарғанаттыкі деп бұзылған ұялар басқа, құрқылтай, қарлығаш сынды құстардікі болуы мүмкін. Бұған дәлел ретінде биолог ма­мандардың жарғанатта ұя болмай­тынын, ол өзіне ұқсайтын тышқан тұқымдас жәндіктер сияқты ба­лалайтынын алға тартып, дабыл қаққанын алсақ та жеткілікті. Дәл осы уақытта «еті деген ем екен, қытайлар сатып алады» деп бұларға да шүйлігіп, тау басына шығып кеткендер де болды. Иә, биыл браконьер­лерге қар­сы заң күшейді. Енді осы себеп болып,  бұрынғыдай қанат­ты­ларды шетелге заңсыз асырған­дар, жөн-жосықсыз ататындар қатаң жаза алар дейміз. Табиғат­ты сақтағымыз келсе, құсқа да қор­ған бола білейік!    width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ