Мемлекет басшысы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Аталған марапат мына мұғалімдерге салтанатты түрде табысталды:
- Еңбек ардагері Майра Мәмбетова (Алматы қаласы);
- Қожаберген жырау атындағы орта мектеп мұғалімі Айжан Қапезова (Петропавл қаласы);
- С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының мұғалімі Роза Салимова (Түркістан облысы);
- А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Сәбира Күлпейісова (Қарағанды қаласы);
- Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің мұғалімі Сәбит Ибадуллин (Павлодар облысы);
- Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Ержанова (Астана қаласы);
- Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі Баян Базарғалиева.
Қазақстанның білім беру саласында – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 500 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бүгінде Қазақстан мектептерінде 340 958 мұғалім жұмыс істейді. Оның 274 мыңы – әйелдер, 66 мыңы – ер адамдар. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі мұғалімдер – 139 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін – 98 мың, 20 жылдан 30 жылға дейін – 64 мың, 30 жылдан жоғары 39 мың мұғалім бар.
Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру нысандарында 36 315 оқытушы қызмет етеді. Оның 24 мыңы әйелдер болса, 11 860-ы ерлер. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі мұғалімдер – 19 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін – 8 мың, 20 жылдан 30 жылға дейін – 5 мың, 30 жылдан жоғары 3521 оқытушы бар.
Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтер саны – 97 188. Оның арасында 94 648 әйел, 2 540 ер адам бар. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі педагог – 64 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін – 20 мың, 8 жылдан 30 жылға дейін – 5 мың, 30 жылдан жоғары 4 мың тәрбиеші бар.
Сонымен бірге Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Қарағанды, Атырау, Ақмола, Алматы, Ақтөбе облыстарында мұғалімдердің тапшылығы байқалады. Пәндер бойынша елімізде математика, бастауыш сынып, орыс тілі және әдебиеті, физика, химия және ағылшын пәндерінен мұғалімдер жетіспейді.
Фото: Ақорда