Интернетте қалдырған жеке деректерді тауып, жоюға болады

Интернетте қалдырған деректерді жақсы ниетпен де, теріс пиғылда да қолдануға болады. Бұл деректердің кімнің қолында екеніне байланысты. Ондай деректерді цифрлық іздер деп атайды.

Технологиялық жаңалықтарға арналған BGR сайтында кеше интернеттегі цифрлық іздерді қолдануға рұқсат беретін қолданба туралы материал жарияланды. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің қазақ халқы үшін ерекше маңызын түсіндіру үшін Aikyn.kz сол мақалаға сүйене отырып, баршаға қажетті қолданбаның қызметін түсіндіреді.

Фото cnet.com сайтынан алынды 

Ақпарат дәуірінің адамы өмірінің көп бөлігін интернетте, жеке деректерді үшінші тараптарға рұқсатсыз, кейде ашық таратын әлеуметтік желілерде өткізеді. Бұның пайдасы мен зияны да қатар жүреді. Өкінішті салдарының бірі – адам өзінің цифрлық іздерін қайда қалдырғанын білмейді, жеке деректері жан-жаққа тарап, бақылауды жоғалтады.

Таралған деректердің көптігінен қорықпасаңыз Google-дің іздеу жүйесіне аты-жөніңізді, мекенжайыңыз бен телефон нөміріңізді, басқа да деректеріңізді енгізіп қандай веб-сайттарда цифрлық ізіңіздің қалғанын көруге болады. Енді интернетті белсенді қолданушыларға жақсы жаңалық жеткізейік. 

Consumer Reports компаниясы адамның желіде жеке өмірін қорғауға арналған Permission Slip (Рұқсат беру) қолданбасын жасады.

Компания қолданбаны 2020 жылы күшіне енген Калифорниядағы тұтынушылардың құпиялылығы туралы және мемлекеттік құпиялылық туралы заңдарды іске асыру мақсатында әзірлеген.

Permission Slip адамдарға компаниялардағы жеке мәліметтерін басқаруға көмектесетін құрал ретінде әрекет етеді. Пайдаланушы өз деректерін сеніп беретін компанияларды өзі таңдап, сенімсіз ресурстарға есептік жазбасын жою немесе ақпаратты үшінші тараптарға беруді тоқтату туралы сұрау жібере алады.

Фото cnet.com сайтынан алынды 

Қолданба қазіргі уақытта McDonald's, Applebee's, AMC Theatres, Ticketmaster, Amazon, Netflix, The Home Depot, Lowe's, OpenTable және Instacart, басқа да көптеген қызметтермен жұмыс істейді. қолданбаға қосылған компаниялардың саны өсіп жатыр.

Consumer Reports компаниясының өнімді зерттеу және әзірлеу жөніндегі директоры Джинни Фахс мәлімдемесінде: «Біз сіздің деректеріңізді Permission Slip қолданбасының көмегімен басқаруға өзіңіздің қолыңызға тапсырғанымызға қуаныштымыз. Адамдар өз өмірінің маңызды бөлшектерін бақылауға мұқтаж және міндетті. Әсіресе әрбір басу мен сатып алу мұқият бақыланатын заманда. Бұл тегін қолданба компанияларға өзіңіз берген жеке ақпаратты басқаруды жеңілдетеді», – дейді. 

Қолданба қалай жұмыс істейді? Қолданбаға электрондық пошта адресін беріп тіркелгеннен кейін қолданбамен орындайтын негізгі әрекеттерге мыналар кіреді:

- ақпараттың қандай түрін жинайтынын көру үшін жоғарыда аталған компанияны басыңыз;

- жеке деректеріңізді жою немесе басқаларға сатуға рұқсат бергіңіз келмесе қолданбаның нұсқауларын орындаңыз;

- жеке деректер жинайтын компаниялардың жеке ақпаратыңыз туралы автоматтандырылған сұрауларына қатысу.

Фото vrenture.com сайтынан алынды. Авторы: Крис Монро

Consumer Reports өкілдері қолданба арқылы тұтынушылар өз сұрауларының орындалуын тексеріп, сұраулардың орындағаны туралы хабарлама ала алады. Кейбір жағдайларда Permission Slip қолданбасымен жұмыс істейтін компаниялар сұрау орындалмас бұрын адамның жеке басын тексеру үшін пайдаланушымен тікелей байланысады.

Қолданба туралы қосымша ақпарат алу үшін мына сілтеме бойынша Permission Slip веб-сайтына кіріп, оны iOS немесе Android үшін жүктеп алу керек.  Ал Aikyn.kz сайтының оқырмандары мына сілтеме бойынша өтіп, Google іздеу жүйесінен өзі туралы жеке деректерді қалай жасыруға болатынын біле алады. Бірақ бұл функция, әзірше, тек АҚШ аумағында ғана жұмыс істейді. Қауіпті цифрлық әлемде қауіпсіздікті сақтауды ұмытпау керек.