12-13 қазанда Астанада Digital Bridge – 2023 ірі IT-форумы алаңында FIRST әлемдік қозғалысының чемпион-роботтары шайқасы және Drone racing дрон жарысы өтеді. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттердің ауыл шаруашылығы, аэроғарыш құрылысы және киберқауіпсіздік салаларындағы инженерлік-техникалық жобалары таныстырылады.
Роботтар жекпе-жегін басқару пульттері АҚШ пен Аустралияда еліміздің атын шығарған робототехника чемпиондары – мектеп оқушыларының қолында болады. Олардың Center Stage маусымының ойын ережелерін сақтай отырып жасаған роботтары түрлі түсті мозаика жасайды, әуе ұшақтарын ұшырады және «тұғырға» көтеріледі.
Робототехника көрмесінде қонақтар қызық ойын – дрон баскетболына қатысып, ұшу аппараттарын басқарып, командамен бірге жеңіс үшін күресе алады. Қызығушылық танытқандар ASPANfest чемпиондарының жетекшілігімен Drone Racing-ті де меңгере алады.
Digital Bridge – 2023 форумының робототехника аймағында қазір Сингапурде халықаралық FIRST Global Challenge – 2023 жарысына қатысып жатқан Қазақстан робототехника құрамасы өнер көрсетеді. Айта кетейік, өткен жылы біздің жігіттер Швейцарияда 190-нан астам елдің командалары арасынан алтын жеңіп алған болатын. Команда өз әсерімен бөлісіп, көпшілікке суды оттегі мен сутегі атомдарына бөле алатын роботты көрсетеді.
Еске салайық, Digital Bridge халықаралық IT форумы 2018 жылдан бері Астанада жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы форумның негізгі тақырыбы қазіргі әлемдегі жасанды интеллектің рөлін талқылау - Artificial and Human Intelligence: The right balance.
Екі күндік форум бағдарламасы аясында Мемлекет басшысының қатысуымен пленарлық отырыс және онымен жеке кездесулер, халықаралық спикерлермен 30-дан астам панельдік сессия, келісімдерге қол қою, Google for Startups серіктестер саммиті, стартаптар туралы «Meet the Drapers» реалити-шоуының түсірілімі, Digital Bridge Awards, Astana Hub Battle, Startup Alley, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және корпорациялар, робототехника, VC, IT мектептер және аймақтық IT хабтар көрмелері өтеді.
Digital Bridge ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық технопаркі. Бас демеуші – Kaspi.kz.