"Қайтарымсыз гранттың да сұрауы бар" – Мақсат СЕРАЛЫ
"Қайтарымсыз гранттың да сұрауы бар" – Мақсат СЕРАЛЫ
©А.Ахметқазы
712
оқылды
Кез келген елдің экономикалық да­муында шағын және орта кәсіп­кер­ліктің алар орны ерекше. Бұл сала да­мыса ел де жақсы өркендейді. Сон­дықтан кәсіпкерлікті қолдау біздің ел­дің де басымдық берген салала­ры­ның бірі. Бұл бағытта Үкіметпен қатар «Атамекен» ҰКП да айтарлықтай іс тындырып келеді. Біз Алматы қа­ласы Наурызбай ауданының «Ата­ме­кен» ҰКП филиалы директоры Мақсат Сералыға хабарласып, кәсіпкер­лікті қолдау ша­ра­лары жайлы сұхбат­тасқан едік. – Кәсіпкерлік шаруаға кіріскісі келетін азаматтар бірінші кезекте қандай қадам жасауы керек? – Кәсіп бастауға ниеттеніп жүр­ген азамат бірінші оқу бағдар­ламасынан бастауы қажет деп ой­лаймын. Бұған орай бізде ар­найы курстар бар. «Бизнес кеңес­ші» бағдарламасы аясында кәсіп ашқысы келген азамат он күн оқи­ды. Оқу тегін жүргізіледі. Ал са­бақты іріктеліп алынған, тә­жі­рибесі мол бизнес-тренерлер бе­реді. Ол жерде бизнесті қалай бастау керек дегеннен бастап, кәсіпті жүргізудің қандай тетіктері бар, салық жүйелері жайында қа­лай сауатты болу керек, жарна­маны қалай жүргізген дұрыс, тауарды таңдауда не нәрсеге мән беру керек, нарықта қалай бәсе­кеге қабілетті бола аламыз деген сауалдардың барлығына жауап беріліп, толықтай дерлік үйреті­леді. Міне, осы ақпараттардың барлығын алып, бойына сіңір­геннен кейін адамда өз-өзінен белгілі бір бағыт пайда болады. Ол кәсібін неден бастайтынын, қалай жүргізетінін түсінеді. Яғни, сана­сында өз бизнесіне байланысты картина шығады. Ал кәсіп бастай­мын деп жүрген азаматтар үшін «Бастау Бизнес» бағдарламасы бар. Ондағы оқу бағдарламасы бір айға созылады. Ол жерде адамдар кәсіп негіздерін үйрене жүріп өзі­нің бизнес жоспарын құрасты­рады. Бір ай оқу тамам болған соң, әзірлеген бизнес жобасын қорғап, арнайы грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Гранттың көлемі – 200 АЕК. Бұл дәл қазір кәсіп бастап кетемін деген азамат үшін кәдімгідей көмек. 530 мың теңгеге өз саласы бойынша қажетті құрал-жабдығын сатып алады. Бұл бағ­дарламаға жұмыссыз жастар, көп­балалы аналар, әлеуметтік әлсіз топ өкілдері қатыса алады. Аталған жоба былтыр да сәтті жү­зеге асқан, биыл да жалғасады. Оқу бағдар­ламасы наурыз айының ор­тасында басталады деп күтіп отырмыз. Қазірдің өзінде осыған қатысамын деп талпынып отыр­ғандар көп. Сондай-ақ грант кө­лемі де артуы мүмкін. Яғни, 1 мил­­лион теңгеге жеткізілмек. Біз­дің ауданда екі класс ашылмақ. Сол жерде 20-30 адамнан топ-топқа бөлініп оқы­ты­лады. Қа­зірдің өзін­де біздің ауда­нымызда 260 адам оқуға ниет­теніп отыр. Ал жалпы, қала бо­йынша былтыр 3 000-ға жуық адам кәсіпкерлік негіздерін мең­герген. Шыны керек, соңғы уақытта кәсіпкер болғысы келетін адам­дардың саны көбейді. Бұл – жақсы үрдіс. Мұндай үрдістің жал­ғасын табуына Үкіметтің ша­ғын және орта бизнеске қолдау жасауы да әсер етіп жатыр. Бұл орайда, «Биз­нестің жол картасы – 2025» бағ­дарламасын да айта кету керек. Аталған бағдарлама аясында 5 млн теңгелік грант беріледі. – Қомақты гранты бар жобаның талабы да жоғары болатын шығар? – Мүмкін, солай деуге де бо­лады. Бұл бір жағынан кәсіпкер­лік­тің сапасына да әсер етпек. Яғни, жоба аясында грант ұтып алғысы келген азаматтар – білім, өндіріс, денсаулық сақтау, туризм салаларының бірі бойынша өз кәсібін ашуы қажет. Оған енді бастап жатқан кәсіпкерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар қатысады. Бәлкім, кішігірім цех, мүмкін қандай да бір оқыту орта­лығы болар. Басты талап – жо­баның инновациялық мінездемесі болуы керек. Осы ретте инновация деген терминге де түсініктеме бе­ре кетсем деймін. Қазір инновация десе жұрттың бәрі оны ерекше бір жаңашылдық деп түсінеді. Елде жоқ нәрсені енгізу деп ұғады. Ал шын мәнінде олай емес. Мәселен, ағылшын курсын аштыңыз делік. Бірақ қазір тіл курстары өте көп. Бәрінің де жарнамасы бір-бірінен асып тұр. Сіз егер сондай орталық ашатын болсаңыз, онда ерекше оқу методикасын енгізесіз. Бас­қаларға ұқсамайтын, адамды өзіне тартып тұратын ерекшелік. Міне, инновация деген – осы. Көптің бірі емес, сол көптен ерек­шеленіп тұратын әдіс-тәсілі бар орталық. Бұл сіздің инновацияңыз болып саналады. Ал егер сіз әлеу­меттік әл­сіз топ өкілі не мүмкіндігі шек­теулі жан болсаңыз немесе көп­ба­лалы ана болсаңыз, онда сізден еш­қандай инновация талап етіл­мейді. Яғни, мұндай санатқа жата­тын азаматтар кез келген жо­ба­сын ұсына алады. Өтініштер 2-21 нау­рыз аралығында қабыл­данады. Қатысушылар арнайы ко­миссия алдында өз презента­цияларын қорғап шығуы керек. Сәтті қорғай алса 5 миллион теңгесін алып, кәсіптерін бастай береді.    width= – Егер кәсіпкер бизнесін жөндеп жүргізе алмаса, әрі қарай алып кете алмаса онда берілген гранттың сұрауы бола ма? – Әрине, бәрі де есептеулі. Сіз комиссия алдында жобаңызды қорғаған сәтте қандай құрылғылар сатып алатыныңызды, не нәрсеге қаражат жұмсайтыныңызды ай­тасыз. Сәтті қорғаудан соң соның барлығын орындау керек. Егер олай істемей, қаржыны бас­қа қа­жет­тілікке жұмсап жібер­сеңіз, әри­не оның сұрауы болады. Ал бизнес аясында әр жаратылған қаржыға байланысты сіз құжат­тама өткізесіз. Одан кейін жұмы­сыңызды емін-еркін бастай бе­ресіз. Бірақ қалай болғанда да бұл – қайтарымсыз грант. Бір-екі жылдан соң кәсіп банкротқа ұшырауы мүмкін немесе басқалай сәтсіздікке тап келуі ықтимал. Ко­миссия жыл сайын сіздің жағда­йы­ңызды біліп тұрады. Сол кезде басыңыздағы қиын­дықты, (тауа­рыма сұраныс болмай жатыр, кә­сіп алға жылжымай жатыр де­ген сияқты) жасырмай айту керек. Десе де, мұндай қиын­дықтар өте сирек кездеседі. – Адамдардың кәсіпті әрі қа­рай игеріп кетуіне кәсіпкерлер палатасы әрдайым көмек беріп отыра ма? – Міндетті түрде. Біздің ар­тық­шылығымыз да сол. Бұл ба­ғытта кәсіпкерлерге көмек көр­сету орталығы жұмыс істейді. Мәселен, грант ұтып алып кәсіп бастаған адам салық жинағын тапсыруға міндетті. Ол үшін біздің бухгалтерлер – салық жүйесі, статистика, бухгалтерлік басқа да сауалдар бойынша қолдау көр­сетеді. Яғни, біз ол кісімен бірге отырып, барлық есептерін тап­сырамыз. Сондықтан кәсіпкердің жеке бухгалтер жалдау, оған қо­сымша жалақы төлеу шығыны болмайды. Бұдан бөлек, заңнама­лық мәселелерді шешіп беретін заңгерлеріміз бар. Мысалы, тә­жірибесі аз кәсіпкер жұмысқа тұратын адаммен, тауар жеткізу­шімен келісімшарттарды қалай жасау керегін білмеуі мүмкін. Басқа да түрлі заңнамалық мәсе­лелер алдынан шығады. Соның бәрінде біздің заңгерлер бастан-аяқ көмек бермек. Үшінші көме­гіміз – маркетинг бойынша. Ар­найы маркетологтар – бизнес жоспар жасау, тауарына деген сұранысты анықтау, әлеуметтік желіні тиімді пайдалану бағыт­тары тұрғысында тегін кеңес бе­ре­ді. Сонымен қатар елімізде бас­қа да мемлекеттік бағдарлама­лар бар. Мәселен, Almaty Finance деген қаржылық ұйымы 2 пайыз­бен несие береді. Одан өзге «Да­му-Өндіріс», «Еңбек» бағдарла­малары да бар. Соңғысы бойынша 6 пайыздық мөлшерлемемен 21 млн теңгеге дейін алуға болады. Міне, осы бағдарламалар бойын­ша ақпарат береміз және соларға қарай жетелейміз. Олар шағын ортамен шектеліп қалмай, кәсібін өріс­тететін басқа да мүмкін­дік­терді пайдалана алса құба-құп. Бұл төрт негізгі бағыттан бөлек, әкім­шілік кедергілерді жою, биз­несті қол­дауға байланысты күр­делі өзге­рістер жасалып жа­тыр. Уақыт өте келе оның барлығы же­місін бе­реді. Кәсіпкер өзіне жа­салған қы­сым туралы, қандай да бір жем­қорлық дерегі жайлы ха­бар­ласа, біз оның құқығын қор­ғап, тіпті сотқа дейін баруға әзірміз. – Кәсіпкерлер көп жағдайда қандай қиындық бойынша хабар­ласады? – Көбіне кездесетін жағдай – салық өсімінің заңсыз өсіп кетуі. Біз араласуымыз арқылы қаншама кәсіпкердің миллиард­таған қар­жы­сын сақтап қалып отырмыз. – Кәсіпкер үшін заңды тұлға атанудың қай түрін таңдаған қолайлы болар еді? – Жеке кәсіпкер бола ма, әлде жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тік (ЖШС) құра ма, кәсіп иесі оны өзі таңдайды. Егер ЖШС ашатын болса, онда барлық құ­жаттарын өзіміз жасап береміз. Ал жеке кә­сіпкер атанғысы келсе, онда алды­мен салық формасын таңда­уы керек. Қазір Қазақстанда екі салық формасы бар – толық­ты­рылған және жеңілдетілген. Же­ңілдетілген түрі бойынша – са­лыққа ақша айналымының 3 па­йызын төлейді. Шағын кәсіпкер­лердің біразы осы жүйені таңдай­ды. Өйткені ыңғайлы. 100 мың теңгеге сауда жасаса, 3 мың теңге салық төлейді. Жалпы алғанда, осының бәрі шағын және орта бизнесті дамыту үшін жасалуда. Қандай да бір кәсіп басталса, адамдар жұмыспен қам­тылады. Кәсіп жүрген соң адам­ның табысы артады. Сөйтіп жүріп мем­ле­кетке де белсенді са­лық тө­лейді. Қазір біз «Бизнестің жол кар­та­сы – 2025» аясында бес ай­қын сек­тор­дың бірі ретінде өнді­рісті ай­тып отырмыз. Яғни, бұл да ел эко­но­ми­касына елеулі көмегін тигізеді. – Әңгімеңізге рақмет!   Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ