Атырауда мешіт тазалықшысына қажылыққа жолдама берді

Атырауда мешіт қызметкеріне ерекше тосынсый жасады.

«Мәуліт» рухани кешінде орталық "Иманғали" мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған ұжым мен мешіт жанашырлары ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде ұзақ жылдардан бері тазалықшы болып еңбек етіп жүрген Гүлбаршын Сағынбековаға қажылыққа жолдаманы Атырауға арнайы сапармен келген наиб мүфти Ершат Оңғаров табыс етті.

«Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін мектеп. Қажылық мектебі үздіксіз ғибадат жасату арқылы нәпсінің тізгінін тартып ауыздығын салады, мұсылман бауырларды бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытуға үйретеді. Осынау керемет сапарға Алла қалаған адам ғана бара алады», – деп атап өтті наиб мүфти Ершат Оңғаров.

Еске сала кетейік, Атырауда өткен Мәуліт рухани кешінде «Өнер қырандары» театры өнер көрсетті.

Баян Жанұзақова, Атырау