Саусағыңыздың сырына үкімет үңіледі

Үш айдан соң Қазақстанның бар­лық тұрғыны, соның ішінде шетелдік­тер де саусақ іздерін тапсыруға мін­детті бола­ды.

Әрине, жиырма мил­лион­дай адам жаппай шұбырмайды: бұл про­цесс кезең-кезеңімен өтеді, яғни құжаттар алған кезде тиісті құ­рыл­ғыға саусағын басады. Әлдекім сау­сақ таң­басын мем­лекеттік тір­кету­ден бас тартса, оған айып­пұл салы­нады. Содан соң... ол бәрі­бір осы рә­сім­нен өтуі тиіс. Бұл жаңа­лықты қол­дағандар да, одан қорыққан­дар да жетерлік.   

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, республикада паспорт пен жеке куәлікті алу кезінде Қазақстанда тұратын барлық адам міндетті түрде саусақ іздерін тіркетеді.

Бірқатар сарапшының және де­пу­тат­тардың пікірінше, жалпыға бір­­дей дактилоскопия – жаппай бақы­лау­дың бастауы. Сонымен бірге дербес де­рек­тердің қорғалуы проблемасы да ушығуы мүм­кін. Бүгінде көптеген азамат смарт­фо­нына, банк қосымшаларына саусақ ізі ар­қылы кіреді. Өйткені адамдардың саусақ із­дері қайталанбайды. Ал енді бұл дерегі де мемлекеттік базадан сыртқа тарап кет­се, алаяқтар оны арнайы басып шығарып, қаскөй істеріне пайдаланбай ма?

Бастама авторларының өз дәйек­те­ме­лері бар. Ішкі істер министрлігінің түсін­діруін­ше, дактилоскопиялық тіркеу де­ге­ні­міз – әр адамның бірнеше саусағының па­пиллярлық бедерінің қайталанбас, дара құ­рылымдары туралы ақпаратты мемле­кет­ке табыстау деген сөз. 

ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инс­пекторы Нұржан Жаңабаевтың ай­туын­ша, бұл тіркеуден Қазақстанның бар­лық азаматы, елде тұрақты тұратын шет­елдіктер өтуге міндетті болады. Одан  12 жасқа дейінгі балалар ғана босатылады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер дак­тилоскопиялық тіркеуден өтуге немесе өтпеуге ерікті. 

«Саусақ іздерін тапсыру азаматтар үшін – жеке куәлікті, төлқұжатты, ал ше­телдіктер үшін – тұру ықтиярхатын және аза­маттығы жоқ тұлғаның куәлігін алу не­месе ауыстыру кезінде, ХҚКО-ларда жүр­гізіледі. Мәселен, жеке басты куә­лан­дыратын құжаттардың қолданыс мерзімі аяқ­талса, атын, әкесінің атын, тегін өз­гертсе, құжатын жоғалтып не ұрлатып ал­са, жаңасын алу үшін міндетті түрде сау­сақ іздерін тіркетуге тиіс», – деп тү­сінік­теме берді Ішкі істер министрлігі. 

Ведомствоның дәйектеуінше, дак­тилоскопиялық тіркеу заңсыз құ­жаттандырудан сақтайды, қауіпсіздік жүйесін жақсартады. Мұның сыртында дактилоскопиялық тіркелген адамдардың өз құжаттарын қалпына келтіру рәсімі бұрынғыдан жылдамырақ жүргізіледі деп уәде етіп отыр. Мұның шын-өтірігін уақыт пен алдағы тәжірибе көрсетеді.  

«Жазатайым жағдай, өрт кезінде дак­ти­лоскопиялық тіркеуден өткен әрбір ада­м­ның тұлғасын анықтау кепіл­ден­дірі­леді. Мұның сыртында осының арқасында болашақта заманауи смартфондардың кө­мегімен мемлекеттік қызметтерді қа­шықтан ұсыну мүмкіндіктері барынша кеңейе­ді», – деді Ішкі істер ведомствосы.

 

Саусақ ізі – игіліктер кілті ме?

Бұл жерде қайшылық байқалады. Мә­селен, бұған дейін мемлекеттік жә­­не басқа қызметтер негізінен элект­рон­ды цифрлы қолтаңба арқылы беріліп келді. Бү­гінде оның орнын биометрия басуда: жүйе смартфонның камерасы арқылы адам­ның бет-жүзін таниды. 

Сонымен қатар 2016 жылғы 14 қара­шада, Мәжілісте «Дактилоскопиялық жә­не геномдық тіркеу туралы» заң жо­ба­сын ілеспе түзетулерімен бірге таныс­тыр­ған ІІМ-нің сол кездегі басшылығының өкілдері тұлғаны анықтауға тек саусақ із­дері аздық ететінін дәлелдеп баққан бола­тын. Мысалы, өрт кезінде адамның терісі отқа шыдамай, үлбіреп, бірден жанып ке­теді. Ондай жағдайда зардап шеккен адам­ның немесе марқұмның кім екенін та­нып, білу тек геномдық тексеру арқылы мүмкін болатыны айтылған. 

«Геномдық (ДНК) тіркеу жүргізу нә­ти­жесінде алынған геномдық ақпарат қыл­мыс­тық құқықбұзушылықтардың алдын алу­ға, оларды ашуға және тергеп-тек­серу­ге, сондай-ақ оларды жасаған адамдарды анық­тауға мүмкіндік береді. Бұл хабарсыз кет­кен азаматтарды, Қазақстан аумағында тұра­тын немесе уақытша болатын шетел­діктер мен азаматтығы жоқ адамдарды із­­­дестіруге, танылмаған мәйіттердің кім еке­нін, іздестіріліп жатқан адамдардың ө­з­ге­лермен туыстық қатынастарын анық­тауға жол ашады», – деді сонда ІІМ ма­ман­дары.

Дегенмен енді ІІМ мемлекет тіркеген сау­сақ іздері де біраз игіліктің кілті бола­ты­нына сендіріп отыр. Мәселен, Қазақ­стан азаматы шетелде жүріп, паспортын жо­­­­ғалтып алса, оған Қазақстанның шетел­де­гі мекемесіне, консулдыққа жүгініп, дак­тилоскопиялық тіркеуден өткенін ха­бар­ласа, жетіп жатыр: «онда құжаттарын қал­пына келтіруге қатысты проблема бол­майды». 

­Министрліктің дерегінше, сондай-ақ жыл сайын шамамен 30 мың қазақстандық ше­телде тұрақты тұру ықтиярхатын рәсім­дей­ді. Оларға да жеңілдік әкелетін көрі­неді. 

Ең басты бір дәйектеме – алжасқан, деменцияға душар болып, есте сақтау қабілетінен айырылған адамдардың, қариялардың көшеге шығып, адасып кетуі жиі болып тұрады. Олардың кім екенін анық­тау күрделі екен. 

«Ақылынан жаңылған, есте сақтау қа­білетін жоғалтқан адамдар үшін дакти­лос­копиялық тіркеу ерекше маңызға ие. Со­ны­мен қатар аффект жағдайындағы не­ме­се естен танған адамдардың өзі туралы қан­дай да бір ақпарат беруге жағдайы жа­рамай жатады. Мұндайда дактилоскопия отбасының адасқан мүшесін тауып беруге көмектеседі. Жазатайым оқиғалар өмірде жиі бола бермейді, бірақ күнделікті тір­ші­лікте саусақ іздері көмекке келетін оқи­ға­лар кездеседі. Мысалы, қалтасында еш құ­­­­жаты жоқ адам көшеде өзін жайсыз се­­­зініп, құлап қалды делік. Оны ес-түссіз жат­қан күйде ауруханаға алып кетеді. Саусақ таңбаларының деректер базасында саусақ іздері болмаса, туысқандары оны іздеп, әуре-сарсаңға түседі», – дейді ІІМ мамандары. 

Ішкі істер министрлігі саусақ таңба­ларының алаяқтардан, арам ниетті басқа адамдардан қорғалатынына сендіреді. Бұл ретте деректер базасында әрбір саусақ із­де­рінің жиынтығы бірегей идентифи­ка­тор­мен тіркеледі. Базада адамның аты-жө­ні, ЖСН-ы, дербес деректері болмайды. Жүйе­нің құрылымы мен архитектурасының ар­қасында, саусақ іздері автоматты түрде тұл­ғасыздандырылады. Бірегей инден­ти­фи­каторлардың кімге тиесілі екені бөлек сақталмақ. 

Дегенмен уәкілетті орган аталған жүйе­нің ақпараттық қауіпсіздік та­лап­тарына сәйкестігін тексеруге ар­нал­ған сынақты әзірге аяқтамапты. Жұмыс жалғасып жатыр.  

Саусақ іздерін алу үшін арнайы дакти­лоскопия сканері пайдаланылады. Яғни, бұрынғы замандағыдай, адамдардың сау­са­ғы қара сияға не басқасына батырыл­май­ды. 

 

Залда жақтап, сыртта даттау жөн бе?

2024 жылы «қызық пен шыжық» бас­талайын деп тұрғанға ұқсайды. Мәжіліс депутаты Марат Башимов бұл қадамды құпт­амайтынын жеткізді. 

«Келесі жылдың 1 қаңтарында адам­дардың конституциялық құқықтарын бұзу басталғалы тұр. Жаппай дактилоскопия міндетті, мәжбүрлі емес, ерікті болуға тиіс. Бұл заң 2016 жылы қабылданған. Ол кезде ескі билік азаматтардың үстінен жаппай бақылау орнатуға ұмтылды. Содан бері заман өзгерді. Алайда 2024 жылғы 1 қаң­тарда полиция саусақ іздерін тіркеткісі келмейтіндерді қатаң жазалауға кіріспек. Менің ойымша, Бас прокурор мен омбуд-

с­мен Конституциялық Сотқа жүгініп, сау­сақ іздерін алуды мәжбүрлі жүргізудің «Кон­ституцияға қайшы» деп танылуына қол жеткізуі керек. Бұл іс ерікті болғаны жөн. Көрші Өзбекстанда, мысалы, ерікті», – деді Марат Башимов. 

Негізі, былтыр Ата Заңға енгізілген өз­геріс­терге сәйкес, енді Мәжіліс депутат­тары да өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Демек, депутаттардың мұны про­куратураға сырғыта салуы жөн емес. Бұған қоса, депутаттар бұрынғы заңның күшін жоятын жаңа заң қабылдай алады. 

Саусағын рәсімдеуден ат-тонын ала қашқан азаматтарға заң бойынша 2 АЕК мөлшерінде айыппұл  салынады. Бұл – биыл 6 900 теңгеге тең. Бірақ айлық есеп­тік көрсеткіш жыл сайын өседі. Тиі­сінше, 2024 жылы 2 АЕК 7 384 теңгені құрайды. 

Ал саусақ таңбасын тіркетуден бас тарт­қан шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ тұлғалар елден шығарылады.

Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов та жаппай дактилоскопияны жақтамай­ты­нын білдірді. 

«Біз Парламентте бұл мәселені арнайы қа­раған жоқпыз. Тек жеке пікірімді білдіремін. Менің ойымша, бүкілхалықтық дактилоскопияны енгізу дегеніміз – шек­тен шыққандық. Дұрысы, қылмыс, құ­қық­бұзушылық жасаған адамдардың ғана сау­сақ іздері алынғаны жөн. Деректер ба­залары сондай адамдардың саусақ таң­баларынан тұруы керек. Сонымен бірге бұл шара ХҚКО-лардағы кезектерді тіпті ұзартып жібереді. Кейбір адам тезірек тапсырып тастайын деп күні бұрын жүгіруі мүмкін. Әрқайсысы солай ойлайды. Содан бәрі ХҚКО-ларда жиналады. Орталықтар халық нөпіріне шыдас бере алатынына күмәндімін», – деді депутат Асхат Рақым­жанов.

Бірқатар депутат пен сарапшы дакти­лоскопиядан өткісі келмейтіндерге айып­пұл салған дұрыс емес деп отыр. Себебі билік бұл шараны халыққа қамқорлық ре­тінде ұсынды. Алайда қамқорлықты қа­был алмағаны үшін жазалау жөн бе?

Айта кету керек, дактилоскопияны ен­гізуге бұрынғы депутаттар да қарсы бол­ды. Сондықтан олар бұрынғы биліктің қы­сымымен, 2016 жылы тиісті заңды қа­был­дағанда, оны енгізуді бес жыл әріге ысыра алған еді. Дегенмен 2021 жылы да өмір­ге жолдама алуына рұқсат етпеді: Мә­жіліс жеке заң қабылдап, жаппай дакти­лоскопияны 2023 жылға шегерді. Қызығы сол, биылғы жыл басында тараған жетінші шақырылымдағы Парламент 2023 жылғы бюджетте осы мақсатқа қаражат бөлмей қойды. Содан Үкімет амалсыздан, «бюд­жет тарапынан қаржыландырудың бол­мауы салдарынан» бұл істі 2024 жылға қал­­­дырды. 

Ал биыл сайланған жаңа Парламент ке­лесі жылға Ішкі істер министрлігін тиісті қар­жыландыруды мақұлдады. Демек, жур­налистерге берген сұхбатында депутаттар басқаша сөйлегенімен, жаппай дактилос­ко­пияны елдің жаңа Парламенті құптап отыр деуге негіз бар. Әгараки, шынымен құп­тамаса, жыл соңына дейін уақыт бар: жаңа заң жобасына бастамашы болып, бұл нау­қанды доғара, ең құрыса, тағы әрі ысыра алады.

Елдос Сенбай