Жаңа Бюджет кодексі ескі проблеманы шеше ме?

Үкіметте жаңа Бюджет кодек­сінің жо­басы мақұлданып, Пар­ламентке жетті. Оны депутаттар талқыға салғанша, біз де сара­лап көрген едік.

Үкіметте жаңа Бюджет кодек­сінің жо­басы мақұлданып, Пар­ламентке жетті. Оны депутаттар талқыға салғанша, біз де сара­лап көрген едік. Құжат сыңайы әжептәуір же­тіл­дірілгенге ұқ­сайды. Мәселен, енді Ұлт­тық қордың ақшасын оңды-солды жұм­сау­ға тыйым салынатын сияқты. Өйткені қор­дан берілетін нысаналық трансферттер тек ­маңыз­ды инфрақұрылымға пай­даланыл­сын деген шектеу қойылғалы отыр. Ал он­дай аса маңызды объектілер санатына жұ­мыс орындары мен қосымша салық түсімін бе­ретін өндіріс орындарының, яки фабрика-зауыт­тардың құрылысы не тір­шілікті қамта­ма­сыз ететін инфра­құрылымдар жатады. 

Министрдің баяндамасында мін жоқ

Сонымен, ел бюджеті кезекті бағалау­дан өтіп, оңтайландырылды, яки Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров­тың сөзімен айтқанда: «қолданыстағы Кодекстің фрагменттік ережелері құры­лым­далып, нақтылаушы нормалар заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер деңгейіне түсірілді». Бюджеттік процедура­лар­ды оңтай­ландыруға қатысты бір мысал:  жеке екі құ­жат – бюджеттік бағдарлама мен бюд­жет­тік өтінім біріктірілді. Енді бюджеттік бағдарламалар әкімшілері «бюджеттік сұрау» деген құжат дайын­дайды. Онда мемлекеттік орган туралы ақпарат беріліп, бюджеттік бағдарламаның паспорты, есептері жасалады және бір пакетпен уәкілетті органдарға жіберіледі. Бюджеттік бағдарлама келісілмейді және бекітілмейді, оған бюджеттік бағдарлама­ның басшысы электронды форматта қол қояды. Бұл – оны құрастыру сапасына жауапкершілікті күшейтеді деген сөз. Одан бөлек, «Блоктық бюджеттеу» деген ұғым енгізілді. Ол бюджеттік рәсімдерді оңайлату, бюджеттің икемділігін күшейту және бюджеттік бағ­дарламалар әкімшілері дербестігін арттыру мақсатында енгізіліп отыр. Ол үшін стра­тегия­лық мақсаттар айналасындағы бюд­жеттік бағдарлама­лар­ды ұлғайту қарас­тырылуда. Бір мақсатқа арналған екінші, үшінші бюджеттік бағ­дар­ламаны ашуға тыйым салатын тікелей норма енгізіледі. Сондай-ақ тұрақты сипаттағы базалық шығыстар блогын 3 жылға белгілеу ұсы­нылып отыр. Яки, өзгермейтін шығыстар жыл сайын егжей-тегжейлі қарас­тырылмайды. Әдетте база­лық шығыстар бюджеттің жалпы көлемінің шамамен 50-60 пайыз құрайтынын ескерсек, бұл бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің де, уәкілетті органдардың да жұмысын азайтпақ. Жаңа кодекстегі бұдан да өзге өзгерістерді тізбелей беруге болады. Ондайлар мұнда жетіп артылады. Бірақ біз тек маңыздыларына тоқталғанды жөн көрдік. Мәселен, жаңа кодекстің «Мем­лекеттік қаржыны басқару» деген бөліммен толыққандығы. Яки, елдегі бюджет саясатына, мемлекеттік қаржыға және оның тұрақтылығына қатысты нақты анықтама берілді. Бұдан былай бұл бөлім мемлекеттік қаржының жағдайын талдау және салық-бюджет саясатын айқын­даудың негізі болмақ. Әрі барлық қарыз, яғни, мемлекеттік, мемлекет кепілдік берген борыш, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің берешегі есепке алынып, топтастырылады. Бұл өзгеріс борышты тиімді басқаруға мүмкіндік бермек.

«Мемлекеттік қаржыны басқару» атты жаңа бөлімде бюджет саясатына, мемле­кеттік қаржыға, мемлекеттік қаржының тұрақтылығына анықтама берілді, уәкілетті орган айқындалды. Бұл бөлім мемлекеттік қаржының жағдайын талдау және салық-бюджет саясатын айқындау үшін негіз жасайды. Мемлекет қаржысын басқару құралдары көзделген, бұл ең алдымен бюджеттік қағидалар және олардың сақталуы. Қарыз алу бойынша барлық борыштық міндеттемені – мемлекеттік борышты, мемлекет кепілдік берген борышты, экспортты қолдау бойынша кепілдіктерді, мемлекеттік жеке әріптестік бойынша міндеттемелерді, кепілгерліктерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышын шоғыр­ландыру қамтамасыз етілді. Бұл оларды есепке алу және басқару үшін жасалады», – деді министр.

 

Сарапшылар тарапынан сын көп

Жаңа Бюджет кодексін Ұлттық эко­номика министрлігі дайындауында бір гәп бар екен. Өйткені біздің елімізде бұл ми­нис­трлік орта мерзімді даму болжамдарына жауап береді. Ал жыл сайынғы немесе біздің жағдайымызда үш жылдық бюджеттің жобасының жасақталуына да, орындалуына да Қаржы министрлігі жауапты. Яғни, бюджеттік процестің толық қалыптасуы, өтінімдерді құрау, әкімшілік жасау, жүзеге асуын қадағалау осы ведомствоның мойнында. Кезінде бюджеттің өзін ҰЭМ жасақтап, орын­далуын ҚМ жүзеге асырған жүйе бұрын болған екен. Бірақ, түптеп келгенде оның орын­далуындағы кемшіліктер мен олқы­лықтарды екі ведомство бір-біріне сілтеп, кінәлі тарапты табу мүмкін болмай қалған. Сол себепті де ҰЭМ орта мерзімді, яки 3-5 жылдық болжамдарға жауап беретін боп шектеліпті. Оның өзіне де сарапшылар сын көзбен қарап отыр. 

«Әйтсе де, мен Ұлттық экономика министрлігінің болжамдары соншалықты сапалы деп айта алмас едім. Шындығында, ол болжамдардың бюджетке ешқандай қатысы жоқ деуге болады, оның үстіне олар формальды сипатқа ие. Ал бізде бюджет өткен жылдың көрсеткіштеріне қарай жасақталады. Көп ретте шығыс бөлігі кішкене көбейеді. Сондықтан да ҰЭМ-ның болжамдары мұндай кезде кәдеге аспай қалады. Өйткені олар негізінен өңірлерді дамыту бағыттарына басымдық береді. Оларға қанша қажет және нақты қанша беру керек деген мәселелерді шешеді. Бірақ мұның барлығы қанша салық түсетініне қарай шешіледі ғой. Сондықтан болжамдар ескіріп, өзектілігін жоғалтып жатады», – дейді экономист Шолпан Әйтенова.

Маманның айтуынша, жаңа Бюджет кодексіне қабылдануына деген қажеттілік баяғыда-ақ пісіп жетілген. Өйткені бюд­жет жүйесінде көп нәрсе ескіріп кеткен. Сондықтан да бұл мәселе көптен бері өзек­ті боп тұр. Десе де, жаңа Бюджет ко­дек­сінің қазіргі уақыт талабына қан­шалықты жауап беретіні көңіл көншітіп отырған жоқ.

«Мәселен, бұл құжатта биыл бірінші рет «Бюджеттен тыс қорлар» деген анық­тама пайда болды. Бірақ оған қандай қорлар кіретіні көрсетілмеген. Бұл бір. Екінші мәселе – квазимемлекеттік сектор деген тұста да нақтылық жоқ. Бұл жерде біздің есімізге бірінші кезекте «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» компаниялары түседі. Бірақ елімізде мұндай 20 мың кә­сіпорын бар. Осы тұста Бюджет кодексінде олардың қайсысы мемлекетке пайда әкеліп отыр деген тұрғыда ара жігін ашып алу керек еді. Өйткені тек әлеуметтік кө­мек көрсету үшін құрылған кәсіпорындар бар. Осыларды саралапғ санаттарға бөлу керек деп санаймын. Тағы бір мәселе – бюджеттің ашықтығы. Жаңа құжатта оңтайландыру, ашықтық туралы айтылады. Бірақ олардың барлығы жалпылама жазылған. Детализация жоқ. Ақшаның қайда кететіні әу баста белгісіз болады да, кейін оны журналистер қазбалап тауып алғаннан кейін барып, дау туады. Кешегі Азиядада ұлттық құрамаға тігілген киімге қатысты сияқты мысалы. Ал ол басында белгілі болуы керек еді. Сондықтан да бізде шындығында ашықтық жетіспейді. Жалпы ақпарат беріледі де, ары қарай ашылмайды. Ал оны қалай ашу керек екені Бюджет кодексінде көрсетілмеген», – дейді экономист Шолпан Әйтенова.

Тағы бір сарапшы маманның айтуын­ша, жаңа кодексте негізінен ұйымдастыру мәселелерін жазып шыққан. Бірақ біздің бюджеттің тиімділігін арттыру үшін оған түсетін салықтардың тиімділігін арттыру мәселесі бұл жерде ашық көрсетілмеген. Мәселен, бізде өте үлкен табыс тауып жатқан компаниялар бар. Солардан алы­натын салық әлі аз. Ашығын айту керек: бізде олигархтар байып жатыр, ал бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті біз Ұлттық қордан көбірек ақша алып жатырмыз. Ал оны сақтау үшін квазимемлекеттік компаниялардан, мұнай компанияларынан, банктерден, шикізат өндіріп жатқан кәсіпорындардан көбірек салық алу керек. Бұл – экономист Сапар­бай Жобаевтың пікірі.

«Тағы бір айтар мәселе: біздегі квазимемлекеттердің ЖІӨ-дегі үлесі 50%-дан жоғары. Жемқорлықтан құтылу үшін оны 10-15%-ға дейін түсіру керек. Ал бізде керісінше мемлекеттің экономикадағы үлесі артып барады. Қайтадан социализм құрмақшы сияқтымыз. Бұл өкінішті жағдай. Бұл туралы көп айтып жатырмыз. Бірақ біздегі әкімдер жерден ажырағысы келмейді, министрлер кәсіпорындардан ажырағысы келмейді. Солар тапқан табысты қалтасына салғанды жөн көреді. Бұл жемқорлыққа жол ашатын жағдай. Сондықтан жерді нарыққа шығарып, диқандарға беру керек. Кәсіпорындарды тезірек жекешелендіру керек. Өйткені квазивектор жарытып салық төлемейді, керісінше салыққа қатысты жеңілдіктерді көп алады. Мысалы «ТеңізШеврОйл» мен «ҚазМұнайГаз» бізде 20%-дан мұнай өндіреді. Бірақ, американың «ТШО» компаниясы 1,5-2 трлн салық төлейді, ал біздің «ҚМГ»-мыз салық төлеу былай тұрсын, бюджеттен ақша алады», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Расында да Бюджет кодексі – ел өмірінде маңызды мәнге ие болып отырған құжат. Оның экономикалық қана емес, саяси сипаты да басым боп тұр. Өйткені, ел қазынасын қомпайту жолында мемлекет азаматтар мен бизнестің қалтасына қол салмақ ниетте. Оның бір мысалы: 12%-дан 16%-ға дейін ұлғайтылғалы жатқан Қосымша құн салығы (ҚҚС). 2025 жылдан бастап енгізілуі тиіс бұл өзгеріс отандық бизнесті тұншықтыруы мүмкін деген қауіп бар. Әрине, бұл бюджеттен гөрі, Салық кодексіне қатысты мәселе десек те, жаңа құжаттың ескі проблемаларды шешеріне сенім аз.

Нұрлан ҚОСАЙ