Сондықтан әлемнің кез келген бұрышында күн сайын қақтығыс болып, сәт сайын террористердің шабуылына ұшыраған адамдар туралы естиміз. Ең сұмдығы, арам пиғылдағы адамдар стратегиялық маңызды ғимараттарға ғана емес, адам аяғы көп жүретін қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандарға да жиі шабуыл жасап жатыр.
Мұхиттың арғы бетіндегі террорлық қақтығыстарды айтпағанда, осы күні әйеліне кегі кеткен бұрынғы күйеуі тапа тал түсте жұмыс орнындағы адамды жазым еткенін көріп жүрміз. Ал осындай агрессивті адамдарға тойтарыс беруге тиіс әлеуметтік нысандағы қауіпсіздік қызметінің әлеуеті қалай?
Жекеменшік білім беру мекемелері мен банктердің дені физикалық дайындығы мығым адамдар күзетіп тұратынын байқайсың. Дұрыс қой, білім алушылардың қамқоршылары төлеген ақшаға ұйымның да балаларға білім берумен бірге, белгілі бір деңгейде қауіпсіздігі үшін бас қатыруға тиіс. Сондай-ақ қыруар қаржы айналымы жүретін банк жүйесінде де қауіп-қатерге маңызды көңіл бөлінеді. Бұл елдегі басқа да әлеуметтік нысандарда қызмет ететіндердің қауіпсіздігіне көз жұма қарау дегенді білдірмесе керек. Себебі әлгінде айтқандай, осы күні білім ошақтарына жасалатын шабуыл көбейді. Айталық, 2004 жылы Солтүстік Осетияның Беслан қаласындағы мектепте болған террористік шабуылда содырлар екі күн бойы
1 200-ден аса адамды кепілге алды. 2017 жылы Қытайдың шығыс аймағында орналасқан Цзянсу провинциясындағы балабақшалардың бірінде үлкен жарылыс болды. Ал 2021 жылы Қазан қаласында мектепте атыс болып, кемінде 9 адам қаза тапқаны туралы айтылады. Кейбір дереккөзге сүйенсек, 11 немесе 13 адам мерт болған. Одан бөлек, оннан астам оқушы ауруханаға ауыр халде түсіп, 30 адам зардап шеккен. Ал биыл Қытайда ер адам балабақшада бірнеше адамды пышақтап кетті. Салдарынан алты адам қаза тапты. Бірақ әлемді дүрліктірген дүрбелеңнен кейін біздің Үкімет те мәселенің алдын алмақ үшін кеңес құрып, қауіпсіздікке көңіл бөліну керек екенін айтып тарқасатыны бар. Одан кейін әдеттегідей тіршілік өзінің ырғағымен жалғаса береді. Оның мысалы, сол кеңестерден кейін де баяғы жартас – бір жартас. Бүгінде елдегі білім беру мекемелері мен медициналық ұйым секілді әлеуметтік нысандардағы күзетшілердің дені – зейнет жасындағы адамдар. Еңбекке қабілетті болса жұмыс істеп, ары қарай тер төгуіне қарсылық жоқ. Тек балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алған адамдардың дене дайындығы алдыңғы кезекте ойландыру керек. Ал біздегі жағдайға қарасақ, күзетші ғимараттағы адамдардың бас амандығы емес, мекеменің мүлкіне қырағылық жасап, арасында телефоннан телесериал көріп уақыт өткізетін жұмыскер секілді.
Қайбір жылы Ұлттық экономика министрлігі күзетшілер қоғамдастығының жете қорғалу қажеттігі туралы мәселе көтерген. Олардың айтып отырған уәжі мынау: «Кәсіпкерлік туралы» кодексте «күзет қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері деп тануға болмайды» деп көрсетілген. Сондықтан орта кәсіпкерлік субъектілері секілді салық төлеуге міндеттелген. Оның қасында миллиардтаған ақша айналымы жүретін BI-Holding компаниясының өзі шағын кәсіпкерлік мәртебесіне ие. Ал негізінде орта кәсіпкерлік субъектілеріне 101-ден 250-ге дейінгі жұмыскері бар немесе жылдық орташа табысы 300 мың АЕК-тен асатын компаниялар жатады екен. Сол үшін Ұлттық экономика министрлігі күзет ұйымдарының мәртебесін барынша дәл әрі әділ анықтау үшін олардың нақты жұмысшыларының саны мен нақты орташа жылдық табысын ескеру қажет деген ұсыныс тастаған болатын. Қазір мектептер, жоғары оқу орындары және басқа білім беру мекемелері – осындай күзет агенттіктерінің клиенттері. Ал шағын күзет ұйымдарына салықтардың, әкімшілік айыппұлдардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қолданыстағы мөлшері ауыртпалық түсіреді екен. Салдарынан күзет агенттіктерінің өз қызметін дамытуға, қызметкерлердің жалақысын үнемі көтеруге мүмкіндігі жоқ. Содан да қымбатшылықта күзет қызметіне табысына емес, уақытын өткізуге қолайлы жер іздейтін қарт адамдар баратыны түсінікті.
Бала қауіпсіздігі бюджетке қарап тұр
Ішкі істер министрлігі Күзет қызметін бақылау департаменті басқармасы бастығының орынбасары Серік Құспанов «Қоғам қарқынды дамыған сайын күзет қызметтері бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттілігі артып келеді» деген болатын. Сөзінің жаны бар. Қоғам өкілдерінің де ортақ ойы осы. Мектептегі қауіпсіздікті күзет фирмалары қамтамасыз етуі бұрыннан айтылып келеді. 2000 жылы қабылданған «Күзет қызметі туралы» заңға сүйенсек, күзет қызметі лицензияланатын түрге жатқызылды. Оларға лицензияны мемлекет атынан Ішкі істер министрлігі береді. Ал күзет қызметтерін көрсетуге арналған шарттар жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес дербес, тікелей білім беру ұйымдары мен жеке күзет ұйымы арасында жасалады. Бұл ретте мектеп әкімшілігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын жергілікті қаржыландыру есебінен жүзеге асырады деген сөз. Мәселен, стратегиялық маңызды нысандарды күзетуге міндет алған лицензияланған күзет ұйымдары күзетшілерінің әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігін қорғайтындардан айырмашылығы – атыс қаруы мен арнайы құралдарды пайдалануға құқылы. Сондай-ақ олар алдын ала мамандандырылған оқу орталықтарында атыс, құқықтық, физикалық дайындық және басқа пәндер бойынша емтихандар тапсырып, тәжірибесін арттырады. Ал әлеуметтік нысандарды күзететін вахтерлер мен күзетшілер мұндай дайындықтан өтетіні белгісіз. Өйткені көбі жоғарыда айтқандай, физикалық тұрғыда әлеуеті аз.
Қазір елімізде 3 298 мектеп пен 4 214 балабақшада лицензияланған күзет қызметі жоқ. Жыл басындағы мәлімет бойынша тиісті лицензиясы бар күзет ұйымдары тек 3 404 мектеп пен 1 371 балабақшаны күзетеді. Оның ішінде дабыл жүйесі арқылы жедел әрекет ететін мобильді топтар жұмыс істейтін 2 050-ге жуық мектеп пен 790 балабақша бар. Сонда қалған объектілердегі қауіпсіздікті бір Құдайға тапсырып отырмыз ба? Себебі лицензияланған күзетті сатып алу үшін жергілікті бюджеттің жағдайына қарау керек. Сол себепті мемлекеттік сатып алуға аз қаржыға өтінім берген күзет компаниясын таңдау әлдеқайда оң шешім болады.
Қолданыстағы заңның кемшілігі көп
Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтановтың сөзінше, күзет агенттіктерінің жұмысын ұйымдастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу қажет. «Үкімет қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында бұл мәселені ерекше ескеріп отырмыз. Сондай-ақ «Мәдениет және білім туралы» заңға да өзгерістер мен толықтырулар енгізу маңызды. Құжатта әлеуметтік нысандарды бақылауға қабілеті мен лицензиясы бар күзет қызметінің міндеті нақтылануға тиіс. Бүгінгідей заман қауіпті бола түскен сайын әлеуметтік нысандардағы күзет қызметінің әлеуетін арттыруға көп көңіл бөлінгені дұрыс. Сондықтан күзетшілерді жұмыспен қамтып отырған ұйымдардың жауапкершілігі нақты белгіленген жөн. Өйткені ертеңгі күні олардың денсаулығына зақым келсе кім жауап береді? Күзетшілер мен вахтерлер балаларды қорғауға қабілеттігін дәлелдейтін арнайы дайындықтан өтуі де заңда көрсетілуге тиіс», – дейді ол.
«Aqniet қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Тәжібаев медициналық ұйымдардағы күзет қызметі науқас пен дәрігердің қауіпсіздігін емес, мекеменің материалдық базасына бақылау жасайтынын айтады. Оның айтуынша, медициналық ұйымдарда рецидивті пациенттер келетін болса күзет қызметі белгілі бір ережеге сай агрессивті науқасқа тоқтау жасау керек. Алайда күш қолданып тоқтатуға мүмкіндігі жоқ. Себебі ертеңгі күні ол үшін жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Ал олардың негізгі міндеті – ғимаратты қорғау. Яғни, мүлікті қирату, сындыру, ұрлау деген ұсақ құқықбұзушылықтардың алдын алу. Сондықтан медицина қызметкерлерін қорғауға қатысты міндеттері нақты көрсетілмеген. «Күзет қызметі мемлекеттік сатып алу рәсіміне қатысады. Сол кезде лицензиясы бар күзет ұйымдарының қайсысы төменгі ақшаны ұсынса, сол компания жеңіп шығады. Сол жеңіп шыққан компаниялардағы қызметкерлердің көбі спортпен айналысатын физикалық дайындығы аз зейнет жасындағы адамдар. Өйткені оларға төленетін жалақы аз. Күзет қызметін ұйымдастыру бойынша заңдардағы ақаулардың бар екенін ашық айту керек», – дейді Бақытжан Арынұлы.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «күзет қызметіндегі кемшілікті жауапты адамның жоқтығынан іздеу қажет» деп отыр. «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» керін келтірген қазіргідей жағдайда қауіпсіздік қызметінің біліктілігіне біржақты баға беру де қиынға соғады. Оның айтуынша, күзет қызметі тікелей мекеменің басшысына бағынатын болса, қауіпсіздік қызметі жан-жақты жұмыс істейтін еді. Қазіргі жағдайға қарасақ, бір театрда бір нәрсе жоғалса, оған қауіпсіздік қызметі немесе сол жердің басшылығы жауапты ма, нақтыланбаған. «Қауіпсіздік қызметі тәуелсіз деп те айта алмайсың. Алайда мекеменің басшылығы бөлек, күзетшінің тікелей бастығы басқа жақта болған соң жұмыстың қолайсыздығы туады. Сол үшін қауіпсіздікке жауап беруге міндет алған күзет қызметіне бақылауды мекеме басшылығы жүргізуі керек. Бұл ертеңгі күні қауіпсіздікке бір ғана адамды жауапты қыла алады. Тиісінше, ол өзіне ыңғайлы қызметкер қабылдайды. Қауіпсіздік көрсетуге қауқарлы адамды іздейді. Сондықтан «Мемлекеттік сатып алу» заңына өзгеріс енгізу керек. Дегенмен зейнеткердің барлығы жұмысқа жарамсыз деуге келмейді. Мысалы, күштік құрылымдардың қызметкерлері зейнетке ерте шығады. Олардың физикалық әлеуетін пайдалануға болады», – дейді Ринат Зайытов.
Қорыта келгенде, әлеуметтік нысандардағы қауіпсіздік мәселесі қолданыстағы заңдардың қате қабылдануында болып тұрған секілді. Адам өмірі маңызды мекемелердегі қауіпсіздікке келгенде соңғы тиынды санап қалатын жергілікті бюджеттің ережесі де елеп-екшеленсе, әлеуметтік нысандардағы күзеттің әлеуеті артар ма еді. Бұл болмаса, дамыған елдердегідей күзет ұйымының лицензиясын жыл сайын қайта рәсімдеп, біліктілігін растап отыру міндеттелгені жөн.
Жадыра МҮСІЛІМ