Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап азаматтық қоғам бағытында елеулі жетістіктерге қол жеткізгеніміз айқын. Бүгінде елімізде үкіметтік емес ұйымдармен «әлеуметтік әріптестік» орнату үрдісі дұрыс жолға қойылған деп зор сеніммен айта аламыз. Үкіметтік емес ұйымдар түрлі азаматтық бастамаларды батыл көтеріп, елдің қоғамдық-саяси процестерін дамытуға айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігі жылдан жылға артып келеді. Атап айтқанда, белсенді жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдар санымен бірге, үкіметтік емес сектордағы жұмыс істейтіндер саны да өсіп келеді. Бүгінде елде ресми тіркелген 23 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Әсіресе, пандемия жағдайында, елімізде орын алған төтенше жағдайлар кезеңінде қоғамдық ұйымдар – халыққа көмек көрсетуде маңызды рөл атқарды.
Азаматтық қоғам – ел тыныштығы мен тұрақтылығының негізі. Өйткені ел азаматтарының қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениетінің деңгейі қоғамдық-саяси белсенділігімен сараланады. Жалпы қауымның «мемлекет бізге не береді?» деген пікірден аулақ болып, қайта керісінше «біз еліміздің дамуы үшін не істей аламыз?» деп қоғам тіршілігіне араласуы азаматтық қоғамның негізгі сипаты болмақ. Мұндай идея біріктірген, осы идеяға сүйеніп қалыптасқан үкіметтік емес ұйымдар – азаматтық қоғамның нағыз бағдаршысы. Азаматтық қоғамның қызмет аясы өзара сенім мен нәтижеге бағытталса ғана ел-жұртымыздың ғұмыры ғибратты, өмірі мазмұнды болмақ.
Тәуелсіздік жылдары еліміз кемелденген азаматтық қоғамды қалыптастыру мақсатында сынаққа толы сан тараулы жолдан өтті. Соңғы жылдары елімізде қоғамдық ұйымдардың саны ғана емес, сапалық құрамы да өсті. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметімен қамтылған салалардың қатары да артуда.
Президенттің бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталып, ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғышарты ретінде саяси модернизация қарқынды жүргізілуде. Яғни, мемлекеттік қызмет пен сервистік жұмыстың сапасын арттыруда қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды белсенді қатыстыру жұмысы жетілдірілуде. Демек, атқарушы билік пен азаматтық сектордың өзара бірлескен тиімді іс-шаралар, арнайы тұжырымдамалар қабылдауы да маңызды. Осы мақсатта еліміздегі азаматтық қоғамның қалыптасуы мен нығаюына заңнамалық негіз қаланып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Сондай-ақ Президент ұсынған конституциялық реформалар мемлекетті саяси тұрғыдан жаңғыртумен бірге азаматтық сектор өкілдерінің қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға деген сеніміне серпіліс әкелгенін айту қажет.
Азаматтардың қоғамдық белсенділігі заң нормаларымен бекітіліп, конституциялық басқару жүйесіне ұласқан, халықтың қоғамдық бақылауға кеңінен араласуына өкілетті тетіктер заң нормаларымен жүйеленіп, айқындалған мемлекетті ғана заңды және өркениетті деп санауға болатыны белгілі. Осы орайда, Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы жуырда Сенат қабырғасында кеңінен талқыланып, мақұлданды. Сонымен қатар заңнамалық тұрғыда елімізде алғаш рет петиция институтын қалыптастыратын заң жобасы да Сенат депутаттарының қолдауына ие болды.
Бұл құжат – еліміздегі іргелі реформаларды жүзеге асырудағы тағы бір маңызды әрі прогрессивті қадам. Аталған заңдардың қабылдануы азаматтық сектордың сарапшылық әлеуетін одан әрі жетілдіруге, қоғамды дамыту саласына белсене араласуын қамтамасыз етуге, мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара ынтымақтастықты әрекеттерді одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Конституцияның 33-бабында азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуына мүмкіндік берілген. Әзірленген құжаттың да мақсаты – азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету.
Қоғамдық бақылау қоғамның нақты қажеттіліктеріне негізделген барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығын арттыра түседі. Президент қол қойған «Қоғамдық бақылау туралы» заңның негізгі діттегені – елімізде құқықтық сана мен құқықтық тәрбие негіздерін қалыптастыру. Ол әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу мәселесіне азаматтардың белсене атсалысуына ықпал етеді.
Заңда қоғамдық бақылау саласын мемлекеттік реттеу, қоғамдық бақылауға қойылатын талаптарды айқындау, қоғамдық бақылау объектілері мен субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін регламенттеу ұсынылады. Қоғамдық бақылау арқылы азаматтар жалпыұлттық жобалардың сапалы іске асырылуын, қоғамдық бақылау объектілерінің шешімдерінде қоғамдық пікірдің ескерілуін, қоғамдық бақылау объектілері қызметінің айқындығы мен ашықтығын қадағалауға мүмкіндік алады.
Заң қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру аясында қоғамдық қатынастарды реттеудің мүмкіндігін кеңейтумен бірге Мемлекет басшысы айтқан Әділетті қоғамды, азаматтардың үніне құлақ асатын мемлекеттік құрылымды қалыптастыруға септігін тигізеді.
Президент Жолдауда: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деді. Бұл сөзден халық пен атқарушы биліктің ортақ мүддеге жұмылып, қоғамдағы белсенді, сөзі өтімді адамдардың заң шеңберінде бірлесе қимылдауының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы – адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді, демократиялық құндылықтарды ел игілігіне айналдырудың алғышарты. Мұндағы басты ұстаным – азаматтардың ел дамуының үдерісіне еркін араласуына тең мүмкіндік беру.
Азаматтық қоғамның тұжырымдамасын жасап, азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара үйлесімін танытуда үлкен еңбек сіңірген Гегель: «Азаматтық қоғамды жеке адамдардың бастамасындағы дербес мүдде-мақсаттың өзара іс-қимылына бағытталған жүйе десек, мемлекет – ортақ қоғамдық мақсат-мұраттарды іске асыратын жүйе», – деп анықтама береді. Гегельдің пікірінше, мемлекеттің негізі билік етуге бағытталса, азаматтық қоғамның түбірінде еркіндік бар, мемлекет бірлікке шақырса, азаматтық қоғамға саналуан көптүрлілік, еркіндік тән. Демек, еркіндік құқыққа өркениетті заң үстемдік еткен кезеңде ғана толыққанды азаматтық қоғам қалыптасады.
Азаматтық қоғам дамып жетілген сайын үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік органдармен терезесі тең әріптес бола алады. Яғни, демократиялық принциптерді бірге дамытуға ынталы, ортақ құқыққа ие, еркін және тең азаматтар ғана мемлекет мүддесін бәрінен биік қояды.
Еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі міндеттер азаматтық қоғамның бәсекеге қабілетті болуын талап етеді. Біздің бірлескен қызметіміз әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының артуына ықпал ететіні сөзсіз. Осы ретте «Қоғамдық бақылау туралы» заңы – қоғамның өзекті мәселелерін шешуде өзінің жемісті нәтижесін береді деп сенемін.