Тозған үйлер жаңарады

Шымкент қаласында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын алған.

Бүгінде үшінші мегаполистің аумағы кеңейіп, көпқабатты үйлерден көз сүрінеді. Олардың арасында тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін  мемлекет тарапынан бой көтерген пәтерлерден бөлек, коммерциялық бағыттағы жеке компаниялар тұрғызып жатқан зәулім баспаналар да жетерлік. 

Жастарға мүмкіндік көп

Биыл Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын, көп­балалы отбасыларды және жетім ба­лалар мен ата-анасының қамқор­­лығын­сыз қалған балаларды, бюджеттік ұйым­дар­дың қызметкерлерін 324 арендалық пә­термен қамту жоспарланған. Бүгінде осынау топтағы 278 азамат баспанаға қол жеткізіп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева бізге берген сұхбатында айтып өтті. 

Жанат Өмірсейітқызының айтуынша, бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арналған 888 пәтер берілуге тиіс. 1 886 пәтерді кредиттік не­­­­­гізде жыл басында беру жоспарланып, қазір 1 329 азамат ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оның 808-і «5-20-25» бағдарламасымен, 461-і «2-10-20» бағдарламасымен «Бақытты отбасы» бойынша және 60 пәтер «Шаңырақ» аясында пайдалануға берілген. 

«Айта кетейік, 2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар са­натына еніп, баспанамен қамтылуда мем­лекеттік қолдауға ие болып жатыр. Мем­­лекеттік жастар саясаты жөнінде қа­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­был­­­­­­дан­ған заң бірнеше жаңа норманы қамтиды. Бұған дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кірген болса, бұдан былай ол 35 жасқа дейін ұлғай­тылды. Осылайша, жастарға арналған ме­ханизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артпақ. Тағы бір айта кетерлік жайт, биылдан бастап жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер енді 3 жыл мерзімге пайдалануға берілетін болады. Өтініш берушінің өтініш бергенге дейін соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болуы және иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс», – дейді бас­қарма бас­шысы. 

Сонымен қатар Шымкентте жұмыс­шы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 2020 жылы 904 пәтер берілсе, 2021 жылы 300 жас жал­­­­дамалы баспанамен қамтылған. 2022 жылы аталған бағдарлама бойынша 857 азамат қоныс тойын тойлаған. Биыл 888 жастың арендалық баспана иесі болуы жоспарланған. Кон­курсқа жас­тардың өтінімдерін қабылдау, өңдеу, келісім­шартқа тұру жұмыстары толықтай элек­тронды нұсқада жүргізілмек. Шым­кент қаласы бойынша әзірге жастар бағдарламасы басталмапты. 

 

Qamqor талай жанға қамқор болды

Сондай-ақ тұрғын үй кезегіне тұра алмайтын сала мамандарына арналған Qamqor бағдарламасы көптеген жанның баспаналы болуына зор мүмкіндік туғы­­­­­­зып отыр. Өтінімдер Отбасы банктің жыл­­жымайтын мүлік порталында 15 та­­мыз-25 қыркүйек аралығында қабыл­данған. 

Аталған бағдарлама шымкенттік талай маманның тұрғын үй мәселесін шешуге көмектескен. Осынау бағдарлама арқылы дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, пе­­дагогтер, тәрбиешілер, жоғары оқу орны және колледж оқытушылары, ғылыми қыз­­­­­меткерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­­циясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері мен мемлекеттік және бюджеттік ұйым­­дардың қызметкерлері қатысыпты. Орташа сомасы 20 млн теңге болатын несиенің алғашқы жарнасы 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз.

«Үміткердің өзі тұратын баспанасын бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да таңдап алуына мүмкіндігі бар. Qamqor бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құ­райды. Аталған қаражат жергілікті атқару­шы орган тарапынан бөлінеді. Жаңа тұр­ғын үй бағдарламасы шеңберінде өті­­­­­­нім­­дерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы банкі. Жеңіл­­­де­­тілген несиелеуге үміткерлерді іріктеден өткізу барысында қатысушылардың не­кедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақ­тығы әсер етеді. Сондай-ақ Qamqor бағ­дарламасына 63 жасқа дейінгі қаты­сушының және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үй­­­дің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шым­­кентте тұрақты тіркеуде болуға тиіс», – деп бағдарлама аясындағы талаптарды түсіндірді Жанат Өмір­сейітқызы. 

Үшінші мегаполисте 2023 жылға қай­тарымсыз негізде тұрғын үй сертифи­­кат­тарын беру жоспарланып, биылғы жыл­дың 23 қаңтарынан бастап тұрғын үй серти­фикаттарын алу үшін электронды түрде құжат қабылдау жүргізілуде. Қазір 159 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген. Оның ішінде толық емес от­басылар – 15, көпбалалы отбасылар – 72, ерекше бала асыраушы отбасылар – 69, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қыз­метшілер – 4. 

Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21, 2020 жылы 101 азаматқа, 2021 жылы 416 отбасына қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұр­ғын үй сертификаттары табысталған бо­латын. 2022 жылы 58 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген.

Шымкент қаласындағы тұрғын үйлер­ге қатысты соңғы жылдары қолға алынып, қарқынды іске кіріскен жаңалықтың бірі ескірген тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу болып тұр. 

Биыл «Тұрғын үй-коммуналдық ин­­­­­­фра­­­­­құрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында бү­гінде 15 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі және Шымкент қаласының Тұрғын үй басқар­­масының теңгеріміндегі ком­муналдық 21 көп­пәтерлі тұрғын үйге ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүр­гізілуде. Ал биыл қала аумағындағы апаттық, тозығы жет­кен 6 тұрғын үйді тұрғындар келісі­мімен бұ­зып, қайтадан жаңа үй кешенін салу жоспарланған. Қазір «Shymkent ӘКК» АҚ реновациялау жобаларына жеке инвес­­­­­торлар тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ау­дандық әкімдіктер тұрғынжай меншік ие­лерінің жеке инвестормен кез­­десулерін ұйымдастырып, түсіндіру жұ­­­­­­мыстарын белсенді атқаруда.

Сонымен қатар биыл Шымкентте 9 көп­қабатты тұрғын үйдегі 14 жеделсаты ауыстырылып, жаңа жеделсатылар қайта­рымды қаржы негізінде орнатылмақ. Қазір мұның қаржылық-экономикалық негіздеме қорытындысы күтілуде. Атал­ған негіздемеге сәйкес, қаржы қа­ралған соң жеткізуші мердігер мекемемен ке­лісім­­­шарт түзіліп, орнатылу жұмыс­тары жүр­гізілмек. Бұл жедел сатылардың ке­лісім­­шарт бойынша 3 жылдық кепілдік мерзімі қарастырылғанын айта кету керек. 

 

Баспанаға мұқтаждардың мәселесі жеңілдеді

Қалада пәтер жалдап тұратын отбасы­­ларға көрсетілетін ауқымы кең әлеуметтік көмектің бірі – тұрғын үй субсидиясы. «Атал­­ған бағдарлама іске қосылғалы бері Шымкент қаласында 2022-2023 жылдар аралығында бүгінге дейін 1 160 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленуде. Қазір тұр­­ғын үй субсидиясына өтінімдер қабыл­дау жалғасып жатыр.

Тұрғын үй жалдау төлемдерін субси­диялау бағдарламасына 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қам­­­­­­­­қорлығынан айырылған балалар мен көпбалалы отбасылар қатыса алады. Жал­дау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айда­­­ғы орташа жиынтық табысы отбасы­ның әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспауға тиіс», – деп субсидия алу тәртібін түсіндірді тағы бірде басқарма басшысы бізбен әңгімесінде. 

Сонымен бірге субсидия алуға үміт­­кердің депозиттік шоты болуы, жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қыз­меті немесе Otbasy bank мобильді қо­­­сымшасы арқылы шот аша алатынын жеткізді. Субсидия алуға өтінімдер элек­тронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) көмегі­мен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.

Шымкент қаласының Тұрғын үй бас­қармасының басшысы Жанат Өтебаева біздің Шымкент қаласында жалпы тұрғын үй кезегінде қанша азамат тіркелгені, тұр­ғын үй кезегіне қатысты қызметтер қа­­­лай жүзеге асырылатыны туралы сұра­­ғы­­мызға былай деп жауап берді: Шымкент қа­­­ласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 51 016 азамат тіркелген, оның ішінде же­тім және ата-анасының қамқорлығын­­­сыз қалған балалар санаты бойынша – 1 964;

– көпбалалы отбасылар – 11 928;

– халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 616;

– мемлекеттік қызметшілер, бюджет­­тік ұйым және әскери қызметшілер – 19 479;

– жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 29.

«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұр­ғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергі­­лікті атқарушы органдардың тұрғын үй бе­­ру туралы шешім қабылдауы» мемлекет­­тік қызметі республика бойынша kezekte.kz электронды порталы арқылы іске асаты­­нын атап өтті.

Сондай-ақ kezekte.kz электронды пор­талының кезектілік серпіні ашық түрде жүргізілетіні және кез келген қызметті алушы кезекте тұрған, тұрғын үймен қам­тыл­ған азаматтар туралы мәліметтерді кө­руге және өз кезегінің жылжу ретін толық көруге мүмкіндігі бар екені ес­кертілді.

Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімдігінің Тұрғын үй комиссиясының шешімімен үй бөлінген азаматтар тізімі ресми сайттарда жарияланады екен. Заңға сәйкес тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға арендалық баспаналар кезек реті бойынша беріледі.

Айта кету керек, 2022 жылы Шымкент қаласы бойынша 2 881 пәтер берілген болса, оның шінде 748 пәтер кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға үлес­тірілген. Ал 857 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға табысталған.

1 276 пәтер «Отбасы банкі» АҚ арқылы «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20  Шаңырақ», «5-20-25» бағдарламалары бойын­ша несие негізінде берілген. 

 

Назгүл НАЗАРБЕК,Шымкент қаласы