Бірлігі жарасқан мемлекет

Бүгінде әлем жаһанданудың жаңа кезеңін бастан кешуде. Біз қазір адамзат тарихының экономикалық, әлеуметтік және экология­лық, гуманитарлық тұрғыдан күрделі түйіткілді кезеңінде өмір сүрудеміз.

Осындай кезеңде мемлекеттер, халықаралық ұйымдардың, діни қауымдастықтардың ізгілікке негізделген ортақ көзқарасты ұстанғаны абзал. Бұл өз кезегінде – түрлі ел мен халық арасында, саяси, діни тү­сіністік пен ынтымақтастық, бітім­гершілік әрекеттері арқылы ғана мүмкін болмақ. Әлем елдері, сондай-ақ әлемдік және дәстүрлі діндер қандай қиын жағдайда болмасын тек рухани достық арқылы табысқа қол жеткізуге болатынын біздің еліміз қашанда алға тартып келеді. Қазақстанның бітімгершілікке бағытталған айтулы бастамаларды абыроймен жүзеге асыруы бұған дәлел. 

Руханиятсыз, адамгершілік қағидаттарын сақтамай әлемдік тәртіптің орнауы мүмкін емес. Біз Қазақстанда бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқанын мақтанышпен жиі айтамыз. Себебі бұл – тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің айшықты жетістіктерінің бірі. Тек тәуелсіздік жылдарында ғана емес, қазақ әлімсақтан бірлігін ту еткен халық. Сан тараулы тарих беттерін парақтар болсақ, ата-бабаларымыз «мың өліп, мың тірілсе де» ел ішіндегі мызғымас бірлікті көзінің қарашығындай сақтай білген. 

Тарихы тереңнен тамыр тартқан халқымыздың бай рухани мәдениеті тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға негіз бола білді. 

Бүгінде елдің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын басты назарда ұстаған Қазақстан халқы – демократиялық даму жолында ұлттың бірлігін сақтай алатын өркениетті тетікке қол жеткізе алды. Жас мемлекетіміздің алтын діңгегі ретінде теңдік пен достыққа, өзара диалог пен келісімге негізделген, бүкіл Қазақстан халқының ұлттық-рухани бірлігін насихаттайтын саяси формула қалыптастыра білдік. 

«Еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек. Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде елі­­­міздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Бұл орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауларының бірінде атап өткен болатын. 

Еліміз Қазақстан халқының дәстүрлі мәдениетін негізге ала отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа бағдар алып, нық қадам басып келеді. Біздің қоғамдағы рухани келісімнің мәні – халқымыздың толеранттығы, түрлі дін мен ұлттың рухани-мәдени құндылықтарын қастерлей білу қасиеті, ашық-жарқын бейбітсүйгіш мінезі арқылы көрініс табуда. 

Мемлекетіміздің қоғамдық рухани келісім саласындағы ұстанымы – зайырлы және діни руханият ара­­сындағы үйлесімді тең ұстау, сон­­дай-ақ қазіргі заманғы өркениет құн­­­­­­дылықтарын сақтау және нығайту. 

Жалпы, адамзат үшін діннің орны қашанда ерекше. 

Жаңғыру үдерісінде діннің өзіндік рөлі бар және ол өте алуан түрлі болып келеді. Дін адам өміріне мән-мағына береді және оны рухани дамытушы әлеуетке ие. Алайда діннің негізгі қызметі адамды тәрбиелеу, яғни ең алдымен адамгершілік, рухани тәрбие беруге бағытталған. Адам өзінің есеюіне және одан әрі кемелденуіне қажетті негізгі өмірлік тәжірибені, құндылықтарды отбасында бойына сіңіреді. Демек, кез келген адам отбасы алдындағы борышын жауапкершілікпен орындау арқылы еліміздің дамуына саналы түрде өз үлесін қоса алады. 

Ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді сақ­тау­да ұлттық, жалпы әлемдік ауқым­дағы діни бірлестік көшбасшыларының рөлі ерекше. Дін көшбасшылары өз қауымдастығына диалог бары­сын­да қабылданған шешімдер мен нақты бастамаларды жеткізуде зор ықпалға ие. 

Съезд – еліміздің маңызды бітім­­гершілік бастамаларының бірі және әлемдік аренада өзінің маңыздылы­ғымен ерекшеленеді. Съездерді өткізу Қазақстанның бейбіт өркениетаралық диалог алаңына айналуға мүмкіндік берді. Форум дін көшбасшылары мен саясаткерлерге халықаралық қақтығыстарды шешу, жаһандық қатерлерге қарсы іс-қимыл, өшпенділік пен төзбеушілікті еңсеру мәселелерін талқылауға мүмкіндік беріп келеді. 

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев The Jerusalem Post израильдік бұқаралық ақпарат құралында жарық көрген авторлық мақаласында «Мен Қазақстанда 20 жылдан бері әр үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін мақтан тұтамын. 2003 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тағы лаңкестік шабуылдан кейін конфессияаралық келіспеушіліктер мен экстремизмнің күшеюіне тікелей жауап ретінде алғаш рет діни көшбасшыларды жинау арқылы конфессияаралық диалогті нығайтты», – деп атап өтті. 

Расында, жаһан назарын аудартқан бірегей жоба – Әлемдік жә­не дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне биыл 20 жыл. 2003 жылдан бастап 20 жыл бойы жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқан осындай бі­регей институттың қызметі арқылы Қазақстан бүкіл әлем қауымдасты­­­­ғына ұлттық құндылығымызды насихаттаумен қатар, рухани бірліктің үлгісін көрсетуде. 

2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін ұйымдастыру мен өткізу және оған жоғары деңгейлі қонақтардың келуі, Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы беделін, Қазақстан Президенті мен Қазақстан халқына деген үлкен сенім мен қолдаудың айқын дәлелі.

Аталған VII съезге Ватикан басшысы Рим Папасы Франциск, «Әл-Азхар» ислам университетінің жоғарғы имамы Шейх Ахмед Әл-Тайеб, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-Ислам Аллахшукюр Пашазаде, Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы доктор Мұхаммед бен Абдулкарим әл-Иса, III Иерусалим Патриархы Теофил, Мәскеу Патриархатының сыртқы шіркеу байла­ныс­тары бөлімінің төрағасы митрополит Волоколамский Антоний, Қазан және Татарстан митрополиті Кирилл, Израильдің Бас Ашкенази раввині Дэвид Лау, Израильдің Бас сефардиялық раввині Ицхак Иосиф, «Акшардам» қоғамдық келісім саласындағы қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Джайотиндра Мукундрай Даве, Қытай буддис­тер қауымдастығы төрағасының орынбасары Цзун Син, сондай-ақ АҚШ, Еуропа және Азиядан келген жетекші діни және халықаралық ұйымдардың басқа да делегациялары қатысты. Осылайша, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне әлемнің 50-ге жуық елінен 100-ден астам шетелдік делегат қатысты. Олардың арасында ислам, христиан, иудаизм, индуизм, синтоизм, даосизм, буддизм, бахаи, джайнизм өкілдері бар.

Биыл еліміз Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлері съезі Хатшы­лығының XXI отырысын өткізуді жоспарлап отыр. Съезд Хатшылығының XXI отырысы биылғы 11 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы М.Әшімбаевтың төрағалығымен өтеді және 20-дан аса елден қатысушылар келе­ді деп күтілуде. Бұл іс-шара ел да­­­муы үшін маңызды екенін ерекше атап өткен жөн. 

Еліміз түрлі этнос пен конфессия арасындағы қарым-қатынастарды, зайырлы демократиялық қоғамның барлық институтын дамыта отырып, толерантты қағидаттарды саналы түрде сақтау арқылы ғана діни және Ұлттық негіздегі жанжалдардан аулақ бола алады. Мемлекетіміз елдің тұ­тастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын қашанда басты назарда ұстап келеді. Алдағы уақытта да солай болып қала беретініне кәміл сенімдіміз. 

 

Б.Сәрсенбаев,

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі 

Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы