Кітапты жинақтаған фототілші Асылхан Әбдірайымұлының айтуынша, ол кісінің мұрағаты өте бай.
«Алғашқы кітапқа ағамыз түсірген суреттердің 25-30 пайызы ғана еніп отыр. Екінші еңбегі де сұранып тұр. Ол да қазір жинақталып жатыр. Фотолар негатив нұсқасында сақталған. Қазір оларды ұлы Ербол Сайлауұлы цифрлық нұсқаға көшіріп жатыр», – дейді.
40 жыл ғұмырын фотожурналистикаға арнаған тұлғаның жеке мұрағатында қымбат қазына жатыр. Сурет те тарих. Егер ол өзіңе қадірлі адамдардың өмірінен сыр шертсе, тіптен құны арта түседі. Ондай құнды жәдігер Пернебаевтың архивінен көптеп табылары хақ. Кейбірі көпке танылып та кетті. Сол қымбат суреттердің артында тұлғалар образын қалыптастырған фото тілші тұрғанын кейбіреулер білмеуі де мүмкін. Қазақ елінде кенжелеу қалып қойған осынау өнердің, саф алтындай қымбат қазынаның иесі Сайлау Пернебаев жайында айтылар әңгіме де, шертілер сыр да көп.
Ербол Сайлауұлы әкесі әрбір суретіне мұқият қарағанын айтады.
– 1995 жылы Семейде Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы өтті. Әкем Семейде жүргенінде ол кісінің жұмыс бөлмесін босатып, суреттерін сыртқа шығарып тастаған екен. Оны неге олай істегенін білмейміз, әкем келген соң, бүкіл заттарын жинақтап, біз тұратын үйдің бір бөлмесіне әкеліп қойды. Өзі тірі кезінде біраз суреттерін реттеп кеткен. Кейін ол істі әпкем жалғастырды. Әкемнің жеке қорында миллионнан астам сурет болған. Қазір оның бәрін реттеп, дұрыстап жатырмыз. Бір суретті өңдеу үшін он-он бес минут кетеді. Оның бәрі ұзақ уақыт алады. Соны ақырындап, шетінен бастап жатырмыз», – дейді ұлы.
«Ақ пен қарада» жарық көрген суреттердің 90 пайызы бұрын еш жерде жарияланбаған. Әлі де үш-төрт томдық суреттер жинақталып жатыр. Ал томдықтарды реттеу үшін қомақты қаржы да қажет. Егер мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе, цифрлық нұсқаға көшіру жайын ұлы Ерболдың өзі қолға алатын еді. «Ақ пен қара» кітабын фототілшінің балалары өз қаражатына шығарған.
«Осы күнге дейін ешкімнен көмек алған жоқпыз. Отбасымызбен өзіміз қаражат шығарып, мың дана шығардық. Бұл жинақ осыдан бес жыл бұрын жарық көруі керек еді. Өйткені «Ақ пен қараны» әкеміздің 80 жылдығына арнап, дайындаған едік. Соңынан пандемия басталып кетті, одан қаржы береміз деген кейбір кісілер уәдесін орындамай кетті. Бес жыл кешігіп шықса да, «Ақ пен қараның» жарыққа шыққанына қуанып отырмыз», – дейді Ербол Сайлауұлы.
Фототілшінің көзі тірісінде фото шежірелерін жинақтап, кітап шығару ойында болған екен. Ол арманына жете алған жоқ. 2005 жылы ұзақ ауырып, төсек тартып жатып қалады да, фотоальбом шығару ісі аяқталмаған. Одан бері де 18 жылдай уақыт өтіпті.
Ербол Сайлауұлы: «Ақ пен қараны» әкеміздің кітабы деп есептеуге де болады. Әке мұрағатында елге белгілі тұлғалардың фотолары өте көп. Бірақ бізге ұрпақтары хабарласып, сурет сұраған кезі болған жоқ. Зиялылардың әкем түсірген суреттері анда-санда газет, журнал беттерінде жарияланып тұрады. Олардың көбі редакция архивінде қалып қойған құнды мұралар. Әкем 1960 жылдардан бастап жұмыс істеген. Сол 1964 жылдан бастап, 2006 жылға дейін қолынан фотоаппаратын тастамаған. Әкем түрлі тарихи оқиғаларды, әйгілі адамдарды, қас-қағым сәттерді қалт жібермей, нысанасына іліктірген. Кешегі сурет – бүгінгі тарих. Сурет жансыз демесеңіз, онда оқиға бар. Сол сәттегі құбылысты байқауға болады. Ол кісі жай ғана фотоаппаратпен жұмыс істеуді ғана меңгерген жоқ. Ол оймен, суреткерлік көзбен қарай білген тұлға», – дейді.
«Ақ пен қара» кітабының атауының өзі философияға толы. Өмірдің өзі ақ пен қара арпалысынан тұрады. Сайлау Пернебаевтың өзі «Ақ пен қара суреттің ғұмыры ұзақ болады» деген екен. Фототілшінің есімі аталған тұста ХХ ғасырдың 60-70 жылдары әдебиетке келген тау тұлғалардың да өмірі елестейді. Онсыз фототілшіні еске алу мүмкін емес. Оның фотоаппаратына ілінбеген кадр жоқ. Әйгілі тұлғалардың әрқайсысы бейнеленген әдемі таспаларды «Ақ пен қарадан» табарыңыз анық.
«Отбасымызда әке жолын қуып, фото өнерімен айналысып жүрген ешкім жоқ. Амандық болса, немерелерінің арасынан «фототілші боламын» деп шығып жатса, оған қарсылығымыз жоқ. Біздің тілек – әке мұрасы ұмыт қалмаса дейміз. «Ақ пен қараға» әкемнің архивінің 20-25 пайызы ғана енді. Әлі өңделмеген, жарық көрмеген қаншама сурет бар. Ендігі мақсат – сол құнды қазынаны жинақтап, елге ұсыну», – дейді Ербол Сайлауұлы.
«Ақ пен қарада» бұрын-соңды жарияланбаған суреттер өте көп. Фотокітапты ақтарып қараған адам небір ғаламатқа жолығары анық. Сондай-ақ жинаққа биыл мерейтойлары аталып өтіп жатқан әдебиеттің тұлғаларының да суреттері еніпті. Атап айтар болсақ, Кемел Тоқаев, Әкім Тарази, Оралхан Бөкейдің еш жерде жарияланбаған суреттері бар.
Ақын-жазушылардың сәулелі сәттері қаламына өріліп, ақ қағазға төгілсе, Сайлау Пернебаевтың шеберлігі сондай қас-қағым сәттерді фото аппаратының нысанасына іліктіргені. Фототілшіні суреткер емес деп кім айта алады? Ол тұтас бір дәуірдің фото шежіресін жасап кетті. Ол тарих ұзақ жылдар бойы қазақ әдебиетінің, қазақ баспасөзінің қымбат қазынасына айналары хақ.
Гүлзина БЕКТАС