Оның әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Соның бірі – Сыр өңіріндегі Келімбет баба кесенесі ерекше сипатқа ие.
Жалпы, Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданының тарихы тереңде жатыр. Аудан аумағында көнеден жеткен құнды жәдігерлер мен ескі қалалар орны көп. Соның ішінде Келімбет баба кесенесі құпияға толы нысан саналады.
Тарихи дерекке сүйенсек, баба кесенесі ХІХ ғасырда тұрғызылғаны айтылады. Нақты айтқанда, 1838 жылы Аранды ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 5 шақырым жерде, ал Қожабақы ауылының батыс беткейінде бой түзеген. Бүгінде мемлекет қарауындағы бұл нысан жайында ел арасында ауыздан ауызға тараған аңыз-әпсаналар аз емес.
Мәліметке сәйкес, Келімбет баба Асан руынан шыққан. Оның ішінде Мәмтектің Бармағынан тараған текті адам болыпты. Болмысынан қарапайымдылығымен танылған баба айналасына өте қайырымды жан болған деседі. Жастайынан жоқшылықтың тауқыметін тартып өскен Келімбет есейгесін тынбай еңбек етіп, өз күшімен ауқатты адамдардың қатарына қосылған. Әрдайым мұқтаж жандарға қолынлағы жалғыз малына дейін беруге әзір тұратын жомарттығы да болыпты.
«Келімбет баба жайында ел аузынан тараған есті әңгімелер аз емес. Бүгінде ауданға қарасты Қожабақы ауылынан 6,5 шақырым жерде орналасқан нысан халықтық сәулет өнерінің тамаша туындысы болып табылады. Сырдария өзені аңғарындағы кесенелерге тән ерекшелігі бар құрылыс нысанына жатқызылады. Кесененің бүйір бет жаққа қарай шығатын тар кіреберіс камерасы бар. Баба бейітінің ел аузында «Қанды кесене» аталуы бекер емес. Сол заманда кесене малдың қаны мен жалқұйрығын балшықпен араластырып, қаланған екен. Кесенені салған адамдар дәретсіз жүрмеген. Содан да болар, халық арасында тамның кірпіші суға ерімейді, отқа жанбайды деген түсінік қалыптасқан», – дейді бұл жайында Қазалы аудандық музейінің директоры Болат Жолтаев.
Келімбет баба жайында зерттеп жүрген музей басшысы тарихи деректерімен бөлісті. Оның айтуынша, өз заманында Келімбет баба жұртты жинап, үлкен кесене салуға бел буыпты. Осы мақсатта еліміз тату болсын деген пейілмен күніне бірнеше жылқы сойғызып, олардың қанын, жалқұйрығын араластырып, құрылысқа пайдаланыпты деген аңыз бар.
Қазіргі Бірқазан каналының жағасында сол кезде кірпіш зауыты болған. Одан кесенеге қажетті құрылыс материалы әзірленіпті. Сол уақытта кесене орналасқан аумақ пен зауыттың арасы 6 шақырымды құрайды екен. Осы екі аралықта 5-6 мыңға жуық жұмысшы кірпішті қолдан-қолға беріп, құрылыс басына жеткізіп тұрса керек. Кесенені қалаған ұста әзірге беймәлім. Тек ұсталарды сырттан алғызған деген дерек бар.
«Сәулет өнерінің озық үлгісінде салынған нысанға баба ұрпақтары жиі бас сұғып, мінажат етіп тұрады. Дерекке сәйкес, кесенеде бабаның өзі, ұлдары Айжігіт пен Дәуіт, анасы және жұбайы жерленген. Кесене мемлекет қорғауына алынған. Осы орайда тарихи нысанның қазіргі күйі сын көтермей тұрғанын айтқым келеді. Күтімсіз қалған кесене құлаудың аз-ақ алдында тұр. Яғни, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жағдай бұлай жалғаса берсе, тарихи нысаннан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан кесенені қалпына келтіру жұмыстарын жедел қолға алса нұр үстіне нұр болар еді», – деп ойын толықтырды музей басшысы.
Өз заманында елді ауызбіршілікке, ынтымаққа бастаған Келімбет баба құдайдың разылығына бөлену үшін қолға алған істің әрбірін ізгі ниетпен жүргізген екен. Кейіннен бабаның ұлы Айжігіт те 18 жыл болыс болып, еліне сыйлы азамат атаныпты.
Бүгінде көнеден жеткен құнды нысанды көруге арнайы келетін жандардың қарасы қалың. Тек ұлттық құндылығымызды қайта жаңғыртып, келешек ұрпаққа қаз-қалпында аманаттау азаматтық парызымыз екенін естен шығармадан абзал.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы