«Алатауға Ақ Жайықтан сәлем» атты концертті көрермен жылы қабылдап, кеш аншлагпен өтті.
Жалпы, бұл ұжымның үлкен сахнаға беттеп, гастрольдік сапармен мегаполистерге есептік концертпен алғаш мәрте аяқ басуы. Бұған дейін ЭКСПО аясында, «Әуен Fest» фестивалі аясында Алматы және Астана қалаларында өнер көрсеткен болатын. Ал гастрольдің сапар осыдан екі жыл бұрын оркестрдің 10 жылдық мерейтойы аясында өтуі керек еді. Бірақ ол кезде пандемия болып, жоспарды кейінге ысыруға тура келді. Десе де араға жылдар салып, өнер ұжымы өн бойына жиғанын көрсетіп, өнер өлкесіне, мәдениеттің қайнаған ортасына өзін таныстыруда.
Алатаудың бөктеріндегі өнерсүйер қауым Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залына жиылды. Ықыласы бөлек, қолдауы ерекше көрермендер қатарында елімізге белгілі тұлғалар да бар. «Бүгін бір рахаттанып демалдық. Музыка деген адамның жаны ғой, оның үстіне оркестр. Алатауға Ақ Жайықтан сәлем алып келіп жатқан оркестр – әбден қалыптасқан ұжым. Бағдарламасы жақсы, ұлттық тақырып кеңінен қамтылған. Халық жақсы қарсы алды. Репертуар жақсы таңдалған, дайындықтары да жоғары деңгейде», - деп баға берді абыз ақсақал, актер, режиссер Асанәлі Әшімов. Ал әнші Нұрлан Өнербаев кеш көрермендерінің қатарынан табылу үшін Астанадан арнайы келген.
- Бүгін әлемдік қорға енген керемет музыкалық туындыларды, қазақтың інжу-маржан әндерін тыңдау бақыты бұйырды. Әлемді жайлаған пандемиядан кейін елдің еңсесі кішкене көтеріліп, осындай бір өнер кештеріне деген елдің ықыласы қайта жанданғандай. Соған дәлел ретінде сонау өңірден, Батыстан, Жайықтың жағасынан әдемі ұжым келіп, мынау Алатаудың бөктеріндегі Алматы қаласында өнер көрсетуі – көрермендер үшін үлкен қуаныш. Мен Астанадан арнайы келіп, концертті тамашаладым. Өйткені бұл ұжым мен үшін өте ыстық. Былтыр өңірлерді аралап шыққан шығармашылық кештерімнің алғашқысын Орал қаласында дәл осы ұжыммен өткізген болатынмын. Әдемі кештері жалғасын таба берсін, - деп лебізін білдірді ұжымға.
Концерттің мазмұндық құрылымы мен репертуарына өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс те жоғары баға беріп, ұжымның кәсібилігінің жоғары деңгейде екенін айтып өтті. Ал Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану факультетінің деканы, өнертану кандидаты Меруерт Жақсылықова «Заманауи тенденцияларға жауап беретін озық концерт! Рухани ләззат алдым» деп жоғары баға берді.
БҚО камералық оркестрінің директоры Салтанат Абулгазиева ұжымның гастрольдік сапары өңір басшылығының қолдауымен жүзеге асып жатқанын айтады. «Біздің өнер сапарымызға облыстық әкімдіктің қолдауы зор. Келесі кешіміз 10 қазан күні Елорда төрінде жалғасын табады. Астана тұрғындары мен қала қонақтарын сағат 19.00-де Музыкалық жас көрермен театрының залында күтеміз», - дейді оркестр басшысы.