Израильде ХАМАС шабуылынан қаза тапқандар саны 700-ге жетті

ХАМАС содырлары Газа маңындағы бірнеше елді мекенде израильдік сарбаздармен атысуды әлі жалғастырып жатыр.

Израильдік БАҚ қанды қақтығыстардың екінші күнінде Палестина исламдық қарсыласу қозғалысының (ХАМАС) Израильге жасаған тосын шабуылы салдарынан қаза тапқандар саны 700-ге жеткенін хабарлады. Бұдан бөлек, Газа секторында да жүздеген адам қаза тапқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасай отырып.

Израильдің мемлекеттік телеарнасы ХАМАС-тың бөліну тосқауылын бұзып өтіп, жақын маңдағы елді мекендерге жасаған бірлескен шабуылынан кемінде 700 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Газадан Израильдің оңтүстік және орталық аймақтарына 3 мыңға жуық зымыран атылған.

Жексенбі күні кешке Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі 2243 адам жарақаттанып жергілікті ауруханаларға жеткізілгенін, оның 22-сі ауыр халде екенін хабарлады.

Израильдің оңтүстігінде ХАМАС содырлары Газа маңындағы бірнеше елді мекенде израильдік сарбаздармен атысуды әлі жалғастырып жатыр.

Израиль қорғаныс күштерінің логистикалық қолбасшылығы оңтүстік аймақтардың тұрғындарын үйден шықпауға шақырды.

Осы уақытта Газадағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Израильдің Газадағы әуе шабуылдары салдарынан 370 палестиналық қаза тауып, тағы 2200-і жараланған.

 

Фото: AP Photo / Hatem Moussa