Бұл өткеннен бастау алып, бүгінгінің көңіл күйін айқындап қана қоймай, болашақтың барысын бажайлайтын іргелі процесс. Еуразия кеңістігінде өзіндік орны бар Қазақстан сияқты мемлекет үшін рухани кеңістіктегі бейбітшілікпен қатар үйлесімділік арқылы даму ең өзекті мәселе болып табылады. Заманауи геосаясат пен гибридті саяси құбылыстар өршіп тұрған сәтте диалог алаңдарының көптігі мен беделі біз ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды екенін баса айтқан жөн.
Ғасырлар тоғысында тек Қазақстанда ғана емес жалпы аймақта конфессияаралық қарым-қатынаста бұлыңғырлық пайда болып, дағдарыстарға жол берілер мүмкіндігі басым болды. Осы айтулы кезеңде, әсіресе Азия мен Еуропаның арасында орналасқан біздің мемлекет тарапынан бұл мәселеге баса көңіл бөлмеген жағдайда аймағымыздың қауіпсіздігіне үлкен қатер төнері анық еді.
Әр кезеңнің өзіне сай көшбасшысы болатыны тарихи заңдылық. Осы жағдайды терең түсінген Қазақстанның тұңғыш президенті 2003 жылдың ақпанында барлық конфессия өкілдеріне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасын жариялады. Жиын бас қосу алғаш рет 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте біздің елде жоғары дәрежеде өтті.
Бүгінгі таңға дейін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Астана қаласында дәстүрлі түрде әр үш жыл сайын жалғасып келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жеті съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысып, оның диалог алаңдарында діни қауымдастықтардың рухани жақындасуы бойынша мазмұнды әрі мағыналы әңгімелер өткізді. Нәтижесінде бірлескен декларациялар мен халықтар мен үкіметтерге үндеулер қабылданды.
Съездің басты мақсаттары да айқын. Ол дінаралық сұхбатты жүзеге асыру мен келісілген шешімдерді қабылдау мақсатында тұрақты негізде қызмет атқаратын халықаралық конфессияаралық институттың жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, әлемдік және дәстүрлі діндерден жалпы адамзаттық бағдарларды іздеу болып табылады.
Сонымен қатар онда нақты міндеттер де жүктелген. Атап айтар болсақ олар төмендегідей:
– дінаралық және конфессияаралық сұхбат дәстүрлерін дінаралық съез түрінде нығайту;
– діндер мен мәдениеттер, өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілетуге бағытталған барлық халықаралық ұйымдар мен құрылымдармен ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жасау;
– зайырлы және діни БАҚ-тарды, жастар бірлестіктерін, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, әртүрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерінің сұхбатын кеңейту;
– діни қауымдастықтар арасында сыйластық пен өзара түсіністікті орнықтыру және тереңдету;
– өшпенділік пен экстремизм идеологиясына қарсы төзімділік пен өзара құрмет мәдениетін дамыту;
– діндердің қарама-қайшылығында және теологиялық дауларды одан әрі саясаттандыруда, сондай-ақ діннің беделін түсіруге әрекеттенуден көрінетін «өркениеттер қақтығысы» тезистерінің басым болуына жол бермеу.
Съездің басымдықтары бейбітшілікті, келісім мен төзімділікті адамзат өмірінің айнымас қағидаттары ретінде бекіту. Сонымен қатар, діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасында өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізу және адамдардың діни сезімдерін қақтығыстар мен әскери әрекеттерді өршіту мақсатында пайдалануға жол бермеу.
Съездің алғашқы форумына Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстың 13 елінен 17 делегация қатысса, 2015 жылғы бесінші съезге әлемнің жетекші мемлекеттерінен беделді Діни лидерлер Кеңесі мен саяси қайраткерлерінен құралған 49 елден 72 делегация қатысты. Жылдар өткен сайын съездің беделі артып келеді. Соңғы басқосуда 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері келген.
Басқосуларда әлемдік дін лидерлері өз сөздерінде Қазақстан өз ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалог орнатуға баса мән беріп, осы бағытта маңызды жұмыс атқарып келе жатқанын айрықша атап өтуде.
Бүгінгі таңда біздің елде 100-ден астам этнос өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүріп, 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі емін-еркін жұмыс істеп жатыр. Бұл Қазақстан Республикасының саясатындағы баға жетпес байлығы әрі мызғымас басымдығы екенін көрсетеді. Осыған дейін өткен съездердің барлық форумдарында қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынып келгенін баса айтуымыз керек. Қазіргі күрделі жағдайда, көршілес Ресей мен Украинадағы жағдайды айтпағанның өзінде діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды мәселе.
Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынастар процесіне жаңа форма ретінде (санкция түрінде) қайта оралып жатқаны жасырын емес. Заманауи сын-қатерлерге тек қана ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер ғана қарсы тұра алатыны сөзсіз. Әлемдік саясатта Қазақстанның ұстанымы кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешу екені айдан анық. Ол туралы Қ.К. Тоқаев әлемдік ірі басқосуларда ашық айтып келеді. Табысқа жетудің басты кепілі гуманистік идеалдарға жүгіне отырып, оның қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз.
Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен қарапайым адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды.
Шындығында діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар, өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жол сілтейді. Қазіргі цифрлық технология дамыған заманда халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін адамзат баласына бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың орны және жауапкершілігі ерекше болмақ.
Біздің елде көтеріліп отырған әлемдік қауіпсіздік мәселесі тек «Жаңа Қазақстанды» құру ғана емес, оны Жаңа Әлемді жаңаша құруға деген талпыныс деп қабылдаған абзал. Қазақ даласында туындаған бұл идеяны ел Президенті әр уақытта айтып қана қоймай ісімен жалғастырып келеді. Сондықтан да, әр үш жыл сайын Қазақстанда өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің адамзат қауіпсіздігін сақтаудағы орны мен рөлі ерекше маңыздылығын ескеріп, біздер қолдау көрсетуіміз керек.
2023 жылғы 11 қазанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIІ Съезінің қорытындысы бойынша пікір алмасуда «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын» талқылауда оны аймақтық деңгейде емес адамзат баласы қауіпсіздігінің жалпыпланетарлық масштабтағы рөліне акцент қою қажет деп ойламыз. Осы сияқты өзекті мәселені ескеріп шешім қабылданса адамзат өркениетін әрі қарай дамытуға жол ашады. Әрине, съездің XХІ Хатшылық жұмысына қатысатын АҚШ, Ватикан, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Египет, Әзербайжан, Түркия, Пәкістан, Иран, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Израиль, Қытай, Моңғолия, Жапония, Үндістан, Ресей, Армения, Таиланд, БАӘ елдерінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм сияқты әлемдік және дәстүрлі діндердің діни жетекшілерінің пікірлері де ескерілер деген үміттеміз.
Жомарт ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛІ, саяси ғылымдар докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың кафедра меңгерушісі