Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барған жастар саны 20 мыңнан асады – Нартай Аралбайұлы

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы статистика әзірлеу кезінде елімізде жұмыссыз жүрген жастардың нақты санын бұрмалауды доғару қажет екенін атап өтті.

 

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің отырысы өтті. Жиында жастарды жұмыспен қамту және олардың әл-ауқатын жақсарту мәселесі талқыланды.

Сөз басында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы статистика әзірлеу кезінде елімізде жұмыссыз жүрген жастардың нақты санын бұрмалауды доғару қажет екенін атап өтті.

«Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небары 4,9%-ы жұмыссыз деген мәлімет береді. Анығында солай ма? Елімізде NEET санатындағы жастар саны – 422 000. Сонымен қатар, 400 000-нан астам өреніміз өзін-өзі жұмыспен қамтыса, жұмыссыз жастар саны 80 000-ды құрап отыр. Яғни, бас-аяғы 900 мыңнан астам жас азамат тұрақты жұмыспен қамтылмай отыр деген сөз. Құзырлы органдар статистиканы үшке бөліп, жұмыссыз жастардың нақты санын жасырып қалып жатыр. Бұған қоса, өз елінде екі қолға бір күрек таппай, шет ел асып, жұмыс іздеп кетіп жатқан жастар мәселесі тағы бар. Ресми статистикаға сәйкес, былтыр Оңтүстік Корея мемлекетіне 9 600 жас азамат жұмыс іздеп барды дегенімізбен, анығында аталған елдегі жастарымыздың саны 20 000-нан асып отыр. АҚШ-та, Еуропада мыңдаған жас азаматымыз жұмыс істеп жүр. Бір ғана мысал, Street Workout-тан жеті дүркін әлем чемпионы, ақтаулық Ильдар Ягьяев Ұлыбританияда қырыққабат, брокколи теріп жан бағуға мәжбүр. Бұл – біз үшін ауыр сын. Жастар шет елге кетіп жатса, оны басы артық статистикаға бүркемелемей, мәселені шешу жолын табу керек», – деді Нартай Аралбайұлы.

Сондай-ақ, Кеңес төрағасы мектеп оқушыларына кәсіптік дұрыс бағыт-бағдар беру, жоғары оқу орындарында жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде дайындау және соған сай жалақы алуын қамтамасыз ету мәселесі де аса маңызды екенін атап өтті.

Осы орайда, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева еліміздегі 772 колледжде 534 мың студент білім алып жатқанын, оның 341 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында оқытылатынын жеткізді.

«Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне баса мән береді. Бүгінде аймақтарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алатын студенттер саны артып келеді. Олардың саны 130 000-ға жетті. Яғни, әр өңір өзінің даму картасын әзірлеп, соған сәйкес сұранысқа ие мамандықтар айқындалады. 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша 150 мың адам білім алады деп жоспарланып отыр. Сонда-ақ, кәсіпорындардың тапсырысы бойынша 20 мың студент білім алып жатыр. Дуалды білім беру жүйесінің қарқынды дамуына кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Яғни, болашақ мамандарға мұндай білім беретін кәсіпорындар саны жеткіліксіз. Екіншіден, студенттердің өмірін сақтандыру мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Мәселен, ауыр өнеркәсіптегі жұмыс беруші студентті жұмысқа алуға асықпайды. Себебі, шәкіртіміз қандай да бір жарақат алған жағдайда жұмыс беруші оның емделуіне, қалпына келуіне қажет қаражатты төлеуге тиіс болады. Сондықтан, студенттердің өмірін сақтандыру жұмысын қолға алып жатырмыз», – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастарды техникалық және кәсіптік бағытта білім алуға тарту мақсатында шәкіртақы көлемі ұлғайтылып жатқанын атап өтті. Бұған қоса, әлеуметтік жағдайы осал отбасыларда тәрбиеленетін 150 000 студентке тегін ыстық тамақ беріледі. Сонымен қатар, өзге өңірлерден, қалалар мен аудандардан келген студенттерге жылына 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жол жүру ақысына жеңілдік қарастырылған.

Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, еліміздегі колледждерде жыл сайын 130-140 мың студент оқу бітіреді. Жүргізілген мониторинг жұмысының қорытындысына сәйкес, олардың 77%-ы жұмысқа орналасады. Ал, 17,6%-ы жеке кәсібін ашса, 11%-ы түрлі себепке байланысты жұмысқа орналаспайды.

Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев 2023 жылдың екінші тоқсанында еліміздегі экономикалық белсенді жастардың саны 3,7 млн адамды құрайтынын атап өтті.

«Қазақстанда NEET санатындағы жастардың үлесі – 7,5%. Елімізде аталған санаттағы жастардың 50%-ы бес өңірге, яғни 15%-ы – Түркістан облысына, 12%-ы – Алматы қаласына, 9%-ы – Алматы облысына, 8%-ы – Қарағанды облысына және 6%-ы – Астана қаласына тиесілі. Жастарды жұмыспен қамту саласындағы мемлекет саясаты өскелең ұрпақтың әл-ауқатын арттырып, олардың дамуына жағдай жасауға бағытталған. Бүгінде өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде 715,5 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның 352,7 мыңы – жастар. «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде жастарды жұмысқа орналастырудың ең жоғары деңгейі қамтамасыз етіліп, 5 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылды», – деді вице-министр.

Сондай-ақ, Олжас Ордабаевтың айтуынша, субсидияланатын жұмыс орындары шеңберінде тиісті кәсіптік білімі бар 178 мыңға жуық жас азамат алғашқы жұмыспен қамтылды. Олардың арасында NEET санатындағы 77,1 мыңнан астам жас азамат бар.

Бұл ретте, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов NEET санатындағы жастар санын азайту және «Серпін» бағдарламасының аясын кеңейту мәселесіне тоқталып, бірқатар ұсыныс-пікір жасады.

«Жастарды қоғамдық жұмысқа көптеп тарту қажет. Халықаралық тәжірибе байқатып отырғандай, NEET санатындағы жастар санын азайтудың бірден-бір жолы – осы. Бұл ретте, «Жасыл ел» бағдарламасын қайта қарау қажет деген ойдамыз. Яғни, маусымдық жұмысты тұрақты жұмысқа айналдыру қажет. Осы орайда, икемді жалақы төлеу жүйесін де енгізу керек. Мәселен, бүгін жұмыс істесең, жалақыны да бүгін аласың. Ертең жұмысқа барғың келмей қалған жағдайда, тиісінше еңбекақы алмайсың. Сондай-ақ, еңбек ресурсын еңбек тапшылығы бар өңірлерге бағыттау мәселесін де назарға алған жөн. Мәселен, «Серпін» бағдарламасының аясын кеңейту керек», – деді вице-министр.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова былтыр оқуын аяқтаған түлектердің 75%-ы жұмысқа орналасқанын атап өтті.

«2014 жылдан бері елімізде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» (Серпін) жобасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаға еліміздегі 25 жоғары оқу орны тартылды. Жоба шеңберінде 14 мыңнан астам түлек оқуын аяқтады. Олардың басым бөлігі педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алды. Аталған түлектердің 42%-ы білім алған өңірлерде тұрақтап қалды. Алдағы уақытта олар тек оқыған өңірлерінде қалып қоймай, еңбек тапшылығы бар аймақтарға баруына жағдай жасау мәселесін қолға алып жатырмыз», – деді Гүлжан Жарасова.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында жыл сайын еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында грант санын көбейте отырып, жастарға еңбек нарығында сұраныстағы мамандықтарды игеруге мүмкіндік беру көзделуде. Сондай-ақ, партия 2027 жылға дейін бір жарым миллионнан астам жасты жұмыспен қамту міндетін алға қойып отыр.