Ал бұл тізімде қандай университеттердің бар екені туралы әлі нақты ақпарат шыққан жоқ. Бірақ жұрт әлеуметтік желіде «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ де Қонаевқа көшеді екен» деп шулап жатыр. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Ірі университеттерді Алматыдан Қонаевқа көшіру тиімді ме?
«Қонаев академиялық қалашығы» ашылады
Естеріңізде болса, былтыр Қонаев қаласы жаңа мәртебе алды. Кейін Алматы облысы әкімінің аппараты Талдықорғаннан толығымен көшті. Қазір бұл облыстық маңызы бар қала. Осыған байланысты болашақта Қонаев ұлғаяды. Қаланы дамытудың жаңа Бас жоспары да жасалыпты. Бұрынғы Бас жоспар бойынша Қонаев аумағы 9 600 гектар жерді алып жатыр. Қаланың өзі бастапқыда 130 мың тұрғынға есептелген. Қазір статистика бойынша, қала тұрғындарының саны 40 мыңнан сәл ғана асады. Жаңа Бас жоспар бойынша Қонаевтың аумағы 19 мың гектарға, ал халық саны 200 мыңға дейін жетеді. Қаланы дамыту үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрлігіне «Қонаев академиялық қалашығын» салу жөнінде арнайы тапсырма берген еді. Осы мақсатта қалашық аумағына 2023–2024 жылдарда толық инфрақұрылым жүргізу, халықаралық ұйымдар мен инвестициялық қорлардан қаржы тарту арқылы 2024–2027 жылдар аралығында еліміздің төрт университетін көшіру (1-кезеңде) және шетелдік төрт университетті ашу (2-кезеңде), ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар, жатақханалар мен қонақүйлер салу жұмыстары атқарылатын болады. Қалашыққа 100 гектарға жуық жер телімі беріліп, Қонаев қаласының Бас жоспарына енгізілген.
– Президент Қонаев қаласынан үлкен академиялық қалашық ашу туралы тапсырма берді. Алматы облысының әкімдігімен тұжырымдаманы дайындадық. Қаладан 97 гектар жер бөлінді. Ол жер арнайы индустриялдық-өндірістік алаң болады. Енді келесі жылы осы 97 гектар жерге Алматыдан қалаға жоғары оқу орындарын ақырындап көшіруді бастаймыз, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, оқу орындарына көшу үшін екі жол ұсынылады. Университеттердің Қонаев қаласына көшуі ерікті түрде жүргізіледі.
– Біріншісі, біз жатақханамен жабдықтағанша студенттер сол Қонаевта тұрып, сабаққа жедел электр пойыздарымен барып, кешке Қонаевқа сонымен қайтады. Оны Алматы облысының әкімдігімен пысықтап жатырмыз. Мұндай формат негізі көп жерлерде бар. Екіншісі, егер Алматыға мүлдем сыймай жатқан университет болса, оның Қонаевта өз кампусын ашуына болады. Барлығы университеттердің ниетіне байланысты ерікті түрде жүргізіледі, – деді министр.
Студентпен бірге Алматыдан сән де кетпей ме?
Жалпы, дамыған елдерде жоғары оқу орындары кампустарының қала шетінде орналасу тенденциясы бұрыннан қалыптасқан. Бұл біріншіден, мегаполистердегі көлік қатынасын реттесе, екіншіден студенттердің арнайы қалашықта алаңсыз білім алуына септігін тигізеді. Қазір Алматыда 190 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Еліміздегі 119 университеттің 35-і осы Алматы қаласында орналасқан. Бұл жағдай жатақхана мәселесінің ушығуына да себеп болып отыр. Қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, қаладағы студенттердің 54 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. Сондықтан Алматыдағы университеттерді Қонаевқа көшіру екі қалаға да тиімді. Бірақ бұл тізімде білімнің қара шаңырағына айналған ҚазҰУ бар ма? Ол туралы әлі нақты ақпарат жоқ. ҚазҰУ, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ сияқты басқа да ірі университеттердің Қонаевқа көшірілуі мүмкін екені туралы ақпаратты Қонаев әкімдігі жоққа шығарды. «Қазір аталған университеттерді көшіру туралы ресми расталған жоқ және ол бойынша хабарланбады», – деп мәлімдеді әкімдік.
Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, кейбір факультеттердің Қонаев қаласына көшірілуі мүмкін.
– Біз жоғары оқу орындарына жауаптымыз. Сол себепті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті не болмаса Қаныш Сәтбаев университеті сияқты үлкен оқу орындарының кейбір факультеттерін көшіру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мысалы, ҚазҰУ-дың өзі үлкен университет. Ол жерде жатақхана тапшылығы бар. Бірақ басқа да жекеменшік университеттер қала сыртына көшеміз дейтін болса, біз мәселені қараймыз, – дейді Қуаныш Ерғалиев.
Алайда қоғам белсенділері Алматыдан ұлттық университеттерді көшіруге қарсы. Себебін әркім әртүрлі түсіндіреді. Бірі «мегаполистен студенттер кетсе, қала қайтадан таз қалпына түседі. Қайтадан жалғыз қазақ мектебі болған кеңестік Алматы сияқты тілі бөтен қалаға айналады. Қазір қаланың орталық бөлігінде қазақша сөйлейтін тек сол студенттер ғана» деп күйінсе, енді бір бөлігі «ҚазҰУ қалашығы сатылып кетпеді ме екен?» деп алаңдаулы. Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың пікірінше, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Қонаев қаласына көшіру мүмкін емес. Себебі бұл университет – ежелден келе жатқан танымал оқу орны, қаланың имиджі.
– Қазір 12 мың студент сыятын оқу орнына 29 мың бала келді. Олар жатақханаға сыймай жатыр. Тіпті, аудиториялар да жетпей, үш ауысымға ауысқандары бар. Ұлттық университетті көшірейік деген әңгіме осы мәселеден шығуы мүмкін. Бірақ оқу орнын толық көшіріп жібере алмаймыз. Тек кейбір факультеттерін ғана ауыстыруға болады. Сондықтан «келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, бұл мәселені жан-жақты талқылау керек. Қонаев қаласының мүмкіндіктеріне қарай кейбір саладағы университеттерді көшіруге болады, – дейді Рахман Алшанов.
Оқу орны көшер, оқытушы қайтер?
Жоғары оқу орындары қауымдастығы президенті-нің айтуынша, Қонаев қаласын ашқаннан кейін, ол жақты дамытуымыз керек екені түсінікті. Бір азаматтар Алматыдан Қонаевқа трамвайлар қатынасын қосайық деген де ұсыныс айтқан. Қонаевтың инфрақұрылымын дамытуымыз керек. Қазір студенттер ештеңеге қарамастан Алматыға жаппай оқуға келіп жатыр. Жылына Алматыға 120-180 мың студент оқуға түседі. Олар дамыған қаланы көргісі келеді. Ал оларды Қонаевқа көшіру бір күнде шешілетін мәселе емес. Қонаевта жатақхана мен оқу ғимараттары болса, студенттер өздері-ақ баратын еді. Ауыл шаруашылығы, көлік саласындағы университеттер мен медицина саласындағы оқу орындарын, туризм, биология бағытында оқытатын факультеттерді Қонаев қаласына көшіруге болады. Биолог, археолог сияқты мамандықтарда оқитын 4-курс студенттерін Қонаев қаласына тәжірибеден өтуге де жіберуге болады.
– Жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездестік. Олар: «көшсек Қонаев қаласына оқытушылар бара ма? Жатақхана мәселесі шешіле ме? Алматыдан кетіп қалсақ, ол жақтағы жағдайымыз қалай болады?» деп екіойлы болып отыр. Кезінде Медициналық университеттің ректоры Айхан Ақанов: «Қаланың шетіне көшер едім, бірақ жол, корпус салу керек. Оқытатын мұғалімдердің қатынауы да қиын болады» деп айтқан еді. Байқасаңыз, Америкада университеттер қала сыртында орналасқан. Петербордың сыртына да сондай тәжірибемен кампустар салған. Бірақ оқытушылар қала сыртына бармай қойды. Себебі америкалықтардың барлығында көлік бар. Олардың мүмкіншіліктері, алатын еңбекақылары да басқа. Өзге елдің тәжірибесін енгіземіз десек, біз де өз мүмкіншіліктерімізге қарауымыз керек. Өйткені оқытушылардың барлығы бірдей Алматыдағы жылы орнын суытып, Қонаевқа бармайды. Иә, Қонаевты дамытуымыз керек, Алматыға халық сыймай жатыр. 40 мың студент Алматыда пәтер жалдап жүр. Егер олар Қонаевқа барса, ата-аналардың қалтасына түсетін салмақ та азаюы мүмкін. Бірақ мәселе қалай шешіледі? Қонаевта оқу орындарының корпусын кім салады? Инвесторлар ақша салса да, олар қаржысының өтелгенін талап етеді. Бүгінде бір жатақхана салудың өзі 2 миллиард теңге көлемінде. Оқу ғимаратын салу бұдан да қымбатқа шығады. Сосын оқытушыларға да арнайы пәтер салынуы керек. Сондықтан мемлекеттік арнайы бағдарлама болмаса, Қонаевқа университет жеке қалашық сала алмайды. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қонаев қаласы әкімдігінің бюджеті шектеулі. Сонда оқу орындарын кім салады? – дейді Рахман Алшанов.
Еліміздегі әзірге қала сыртында орналасқан жалғыз жоғары оқу орны – Сүлейман Демирель атындағы университет. Оқу орнының ректоры Әлімжан Игенбаевтың пікірінше, жатақхана – жоғары білім саласындағы күрделі мәселелердің бірі. Бұл жағынан алғанда министрдің жоғары оқу орындарын қаланың сыртына көшіру туралы ұсынысы өте маңызды. Сондықтан кампустарды қала сыртына көшірудің тиімділігі көп.
– Негізі, халық көп шоғырланған кез келген қаланың белгілі бір саны студенттерден құралған. Олар өз кезегінде міндетті түрде мобильді көлік қолданады. Ал қоғамдық қатынас қаланың тұрмыс-тіршілігіне үлкен әсер етеді. Сондай-ақ олар үшін қажетті оқу орнының ғимаратынан бастап, жатақхана, кітапхана, ойын-сауық орталықтарына дейін қала ішіндегі транспорттық хал-ахуалға ықпал етеді. Қаланың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына тікелей әсер ететін осындай бірнеше жағдайды есепке алар болсақ, қала сыртында бөлек кампустардың болуы студент үшін де, сол жердің әлеуметтік-экономикалық өсімі үшін де артықшылығы бар. Университеттерді қала сыртындағы елді мекендерге көшіру арқылы мегаполистегі автобустардың жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік туады. Қалада тұратын білім алушылардың санын азайтып, студенттік өмірдің өзіндік мәдениетін қалыптастыруға тікелей әсер етуге септігін тигізеді. Бірақ ол үшін кампуста оқу ғимаратының аумағы мен студенттің білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуы керек. Бұл студент үшін маңызды, – дейді ректор.
Ендеше кейбір университеттерді Қонаевқа көшіру екі қала үшін де тиімді. Бірақ жаңадан салынатын «Қонаев академиялық қалашығында» студент пен оқытушыға қажетті барлық жағдай жасалуы керек. Ал ҚазҰУ-ды басы бүтін Қонаевқа көшіре алмаймыз. Өйткені Алматы мен ҚазҰУ егіз ұғымға айналып кеткен. Екеуін бір-бірінен бөлу тарихқа қиянат жасаумен бірдей.
Көктем ҚАРҚЫН