«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, өсіп келе жатқан өскіндерге үлгі-өнеге боларлық ағаш отырғызу науқанына қатысушылардың қарасы артып отырғаны қуантады. Жақында Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «Жанұя» орталығының ұйытқы болуымен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай «Өз ағашыңды отырғыз» әлеуметтік акциясы өтті.
Бұл орталық көпбалалы, толық емес, жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға кешенді кеңес беру қызметтерін көрсету, отбасы институтын нығайтуға бағытталған шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру мақсатында құрылған еді. Бүгінде орталық әлеуметтік жағынан қолдау ғана емес, игілікті істердің ұйымдастырылуына да атсалысып келеді. Бұл күні де қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардағы балаларды экологиялық тәрбиелеу арқылы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, ортақ істе отбасының бірлігін арттыру, балаларды еңбекке баулу және де қоршаған орта мен табиғатты аялау әр адамның жауапкершілігі екенін сезіндіруді мақсат тұтып отыр.
Іс-шараға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары мен көпбалалы отбасылар қатысты.
«Мұндай акцияның берері мол. Себебі осындай тәрбиелік мәні зор қоғамдық акциялар отбасыларды қоғамдық іске араластыру, балаларды еңбекке баулу, табиғатты құрметтеу, жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді. Қазіргі еккен тал-шыбық, ертең жапырағы жайқалған ағаш, одан әрі көрікті орман болатыны белгілі. Осыдан бірнеше жыл өткен соң бұл ағаштардың саясын немере-шөберелеріміз көретін болады. Таза экология, таза қала – жарқын болашағымыз үшін, келешек ұрпағымызға қалады. Дана қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», деп ағаштың адамзатқа берер пайдасын ерекше атап өткен», – деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссиясының хатшысы Қарлығаш Саркенова.
Акцияға қатысушылар бір мезетте 70-ке жуық ағаш отырғызды. Жер бөліп, ағаш отырғызуға Сарыарқа ауданы әкімдігі қолдау көрсетті. Өз кезегінде акцияға қатысушылар қоғамды қоршаған ортаны аялауға үндейтін осындай дәстүрлі іс-шараға атсалысқандарын мақтаныш етті. Олардың айтуынша, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, ортақ істе отбасының бірлігін арттыруда мұндай шараның маңызы зор. Өйткені осы арқылы балаларды еңбекке баулу және қоршаған орта мен табиғатты аялаудың жауапкершілігі жоғары екенін сезіндіруге болады.
Ж.МҮСІЛІМ