Жерсіз қалған ауылдар араша іздейді

Тұтас ел аумағында жерінен айырылып қалған ауылдар, пайларын ала алмай жүрген ауылдықтар саны азаймай тұр.

 Белгілі бір схема бойынша жүргізілген алаяқтық істер ауылдардың жағдайын төмендетіп, кепілге қойып, миллиардтаған қаржыны қалтасына басқандардың әлі де болса жауапкершілікке тартылмауы  тұрғындарды алаңдатады. Мұндай жағдайлар Солтүстік Қазақстан мен  Ақмола облысында болып отыр. Жерін  даулаған ауыл тұрғындары  ұлан-ғайыр алқаптарды  иеленіп алғандарға сөзін өткізе алмағанына налиды. Тіпті, жер дауының салдарынан бас жарылып, көз шығуы да ықтимал. Оған күзгі егін орағы кезінде  бір-біріне  өнім жинатпай ерегіскендердің әрекеті  дәлел. 

Жүз мың гектар жерінен айырылған

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының ондаған ауылы бірнеше жыл бойы өздеріне тиесілі мыңдаған гектар жер алқабын кері қайтара  алмай келеді. Жергілікті соттардан бастап, Жоғарғы Сотқа дейін жылдар бойы жүгініп, тіпті сот шешімдеріне сәйкес дауды ұтып жатса да, ауылдықтардың мәселесі шешілмегенге ұқсайды.  

Мәселен, редакцияға араша сұрап жүгінген тұрғындар мен олардың заңды өкілі Мұрат Ахметовтің жолдаған құжаттарына көз салсақ, теріскей аймақтарда жер дауы өршіп тұрғанға ұқсайды.  Ақмола облысы­ның Егіндікөл ауданына қарасты Бау­манское, Атбасар ауданының Есенгелді ауылы, Солтүстік Қазқастан облысының Айыртау ауданына қарасты Новосветловка, Тахтаброд, Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Ялты ауылдарының тұрғындары мен «Бауманское-07», Tlekei-Agro, «Но­восветловка-Әліби», «Тахтаброд-2» және «Ялтинский-2» ЖСШ -ларының үлескерлері «жылдар бойы жанайқайынымызды биліктің құлағына жеткізе алмай келеміз», – дейтін уәж айтады. 

Сырғытпа жауаппен құтылады

Олардың айтуынша, жергілікті мем­лекеттік және сот органдарына жүгінгенімен, бәрі де сәтсіз аяқталған. Жүз мың гектардан астам жерінен айырылған тұрғындардың жанайқайы аудандық, облыстық әкімдік­терден бастап прокуратура, сот орган­дарының барлық сатысына дейін жеткен. Алайда құзырлы органдардың ешқайсысы «сырғытпа жауаппен» құтылудан басқаға жарамай, жердің кері қайтарылуына ықпал ете алмаған сыңайлы. Сөйтіп, тиісті мекемелердің мәселені «жабулы қазан» күйінде қалдыруы ауыл азаматтарын қатты ашындырса керек. 

– Ауыл тұрғындары пай иелерінің заңды өкілі ретінде жалдаған соң осы іспен екі жарым жылдан бері айналысып келемін. 360 пай иесіне тиесілі 50 мың гектардан астам жер 2014 жылы кепілге алынған. Біз істі бірнеше мәрте сотқа бергенімізбен, еш нәтиже болмады. «Талап арыз беру мерзімі өтіп кеткен әрі талап арыз дұрыс жасалмаған» деген желеумен прокуратура бізді тығырыққа тіреді. Тергеу жүргізген полиция сараптама барысында жерді кепілге беруде қойылған қолдардың жалған екенін анықтап, қылмыстық іс қозғалған. Осыған байла­нысты кепілге қойылып, заңсыз айырылып қалған жеріміздің мәмілесін жарамсыз деп тану үшін тағы да сотқа жүгінбекпіз, – дейді заңгер Мұрат Ахметов.

«Жаңа» инвестор миллиардтаған несие алған

Заңгер Мұрат Ахметовтің ұсынған сот шешімдеріне назар аударсақ және Бауманское ауылы тұрғындарының сөзіне сенсек, кепілге қойғандар «Аграрлық несие корпорациясынан» бастап бірнеше банк пен несие беру ұйымынан миллиардтаған сомада несие алған. Әрине, олардың бәрі қайтарылмағандықтан, миллиардтар мен миллиондарды өндіріп алу жөнінде сот шешімдері шығарылған. Дегенмен күні бүгінге дейін сол миллиардтаған қаражат кері қайтпапты. Керісінше, жергілікті атқарушы органдар егін егуге жіберген «жаңа» инвесторлар онсыз да күйі кеткен ауылдардың жағдайын одан сайын құлды­ратып жіберген. 

– Мемлекет (жергілікті атқарушы орган – автор) әкелген инвесторлардың бірі AiZet Farms ЖШС мүлдем сұмдық болып шықты. Бәрін алдап, банктер мен несие беру ұйымдарына миллиардтаған теңге қарызға батқан.  Уәде бергенімен, ештеңе төлемейді. Олар осында «Аграрлық несие корпора­циясынан» несие алып ет комбинатын салған. Шын мәнінде, ет комбинаты атымен жоқ. Құрылыс салынбаған. Ешқандай құрал-жабдығы да жоқ. Бірақ қаражатты алып, ол жұмсалып та кеткен. Сот шешімі бар. Субсидия алу үшін жалған құжаттар жасап, малдың таңбаларын (бирка) ауыстырған. Мұнымен қоса, мүліктерді ұрлап алғаны жөнінде екі бірдей сот шешімі бар, – дейді Мұрат Ахметов. 

Деректерге жүгінсек, шаруашылықтарда 2020-2021 жылдарда жұт болып 350 бас мал қырылып қалған. Заңгер Мұратбек Ахметов­тің айтуынша, екпе салынбағандық­тан, мал арам өлген. Сөйтсе, малды еш ма­ман қа­ра­ма­ған болып шықты. Қылмыстық заңнама өрескел бұзылып, миллиондаған субсидия алғанымен, лауазымды тұлғалар мен ұйым­дастырушылар ешқандай жауап­кершілікке тартылмаған.

Бәрін «лақтырған» депутат па? 

– Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдіктерінің шешімдерімен 100 мың гектардан астам жер және ондаған миллиард теңгенің мүлкі (жүздеген техника, механизмдер мен құрылғылар, ғимараттар, арнайы жабдықтар орналасқан өндірістік жайлар және тағы да басқалары) 2019 жылы 3 жылдық демалыс кезеңі беріле отырып, 15 жылға, қарызсыз баға құнымен «Айзет» компаниялар тобына табыс етілді. Осы шаруашылықтарға кірген «Айзет Фармс» компаниялар тобы 4 жыл ішінде «Бәйтерек» қорына, бюджетке, шаруашылық қатысу­шы­ларына қарызды төлеудің орнына оларды аса ірі қарызға батырып кетті. Қарыз сомасы – ондаған миллиард теңге. Компания банкроттың алдында тұр. Одан әрі шаруашылық жүргізуге еш шамасы жоқ. Бірақ күні бүгінге дейін халықтың жерін басқа белгісіз инвесторларға заңсыз тапсырып келеді. Түрлі деңгейдегі соттарда дәлелденген субсидия алу үшін жалған құжаттар жасау, мемлекеттің ондаған мил­лиард қаражатын ұрлау, жүздеген миллиард теңгеге заңды тұлғаларға келісімшарт мін­дет­темелерін орындамау сияқты деректер бар. Несие берушілерді іс жүзінде «лақтырып» кеткен инвесторлық компания иелері – Талғат Зейнуллин мен оның баласы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллиндер. Олар  қарыздар болып қалған мекемелер мен ұйымдардың, жеке азаматтардың қатарында Астана, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдіктері, Ақмола облысының Полиция департаменттері, «Бәйтерек» холдингі, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы, өнеркәсіп қоры, «Инвестициялық қор» АҚ, Астана банкі, проблемалық несиелер қоры, Ақмола облысы әкімдігінің Kokshe ӘКК, жүздеген пайшы, сот орындаушылар, ондаған жеткізуші бар. Одан бөлек ондаған мың тонна астықты да иеленіп кеткен. Әкелі-балалы Зейнуллиндер кәсіпорын­дарын басқа біреулердің атына тіркеп іс жүзінде өздері басқарып отыр, – деді Мұрат Ахметов. 

Миллиардтар қайда кетті?

Борышкерлер мен тыйым салынғандар реестрі (https://aisoip.adilet.gov.kz/) мен Жоғарғы Соттың сот кабинетінің  (https://office.sud.kz/) және мемлекеттік кірістер комитеті сайтының деректеріне сенсек  AiZet Farms ЖШС: 

– 51,2 миллион теңге (30.06.2023 жылғы жағдай бойынша) салық;  

– заңсыз субсидия алғаны үшін мемле­кетке 63,875 миллион теңге және 1,9 мил­лион теңге мемлекеттік баж (Ақмола об­лыстық Ауыл шаруашылығы басқарма­сының талап арызы бойынша мамандан­дырылған ауданаралық соттың 21.01.2022 жылғы шешімі); 

– субсидия алу үшін жалған құжаттар жасау фактілері үшін мемлекетке 80,013 миллион теңге және 2,4 миллион теңге мемлекеттік баж;

 – Ақмола облысы Әділет департа­ментінің 2022 жылдың 9 ақпандағы талап арызы бойынша мамандандырылған аудан­аралық сотының сот шешімінде серіктестік 902,02 тонна тыйым салынған астықты ұрлағаны көрсетілген. 

–2021 жылдың 12 тамызындағы дәл осы Әділет департаментінің талап арызымен 1781,68 тонна астық «жоғалып кеткені» үшін мамандандырылған ауданаралық сотының ұйғарымымен 48,3 миллион теңге көр­сетілген;

– «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-на 91 миллион теңге қарыз екені туралы Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының 23.02.2022 жылғы ұйғарымында көрсетілген; 

 Ерейментау аудандық сотының 2022 жылдың 11 қазанындағы және Ақмола облысының мамандандырылған ауданара­лық сотының 2022 жылдың 30 қыркүйегіндегі ұйғарымымен «Аграрлық несие корпорация­сының» пайдасына AiZet Farms ЖШС-ның құрылтайшылары Т.Зейнуллин, Е.Исе­кешев, еншілес компаниялар «Ерейментау Күлан», «Аян» диірмен-макарон кешені 1,241 млрд, 1,035 млрд, 6,934 млрд, 5,005 млрд және 4,052 млрд теңге және Ерейментау ауданында 4,6 мың гектар жер, 3 мың басқа дейінгі мал жемдеу орны, 7 мың басқа дейінгі репродуктор, «Ерейментау Күлан» ЖШС-нің 41,8 мың гектар жері, «Аян» диірмен-макарон кешенінің 19,3 мың шаршы метр ғимараттар кешенін, күніне 24 тонна макарон өнімдерін өндіретін өндіру желісін, ұзын макарон кесу өндірісін, 3 155 бас қара мал, ондаған машина өндіріп алу туралы медиативтік келісім бекітілген. 

 Бірнеше миллиард теңге қарыз Астана қаласында толық циклді ет комбинатын салуға бөлінген қаржыдан пайда болған. 

4 жыл ішінде салынбаған кешеннің тек қаңқасы тұрғызылып, ол сол күйі қалған. Оған 4 жолақты автокөлік жолы салынған. Бірақ онымен ешкім де жүріп көрмепті. 

Егіс даласында майдан басталған

Халықты алаңдатып тұрған мәселе тек бұл ғана емес. Дәл егін орағы қызған шақта егістік алқабында нағыз «майдан» басталған. 

«Агро эксперт Қазақстан» компаниясына егістіктен төленбеген миллиардтаған қарызы үшін он күннен астам уақыт бойы егіс даласында Зейнуллиндердің 9 ком­байнын, «Нива» маркалы автокөліктерін, «КамАЗ» көліктерін, лизингтік техника­ларын алып кетуге кедергі келтіруде. Зейнул­линдердің өздері себетіндей жағдайы да, күші де жоқ. Сондықтан бізге белгісіз басқа жаңа инвесторларды жіберіп солар сеуіп жатыр. Қазір егін орағының нағыз қызған шағында жұмыстың жүруіне кедергі келтіріп дау-дамай болып жатыр, – дейді Мұрат Ахметов. 

Жүздеген мың гектар жерінен айыры­лып, инвесторлардың әрекетінен әбден жүйкесі жұқарған халық араша іздеп мемле­кеттік органдардан мәселенің шешімін сұраған. Бірақ Ақмола облысы әкімдігіне қарасты облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы, сондай-ақ басқа да құзырлы органдардың бәрі де даудың азаматтық-құқықтық формада болуына байланысты өзара шешу қажеттігін, яғни араласа алмайтынын айтып  жауап беріпті. 

Менде сиқырлы таяқша бар...

«Жаңа» инвесторға қарыз берген ком­паниялардың бірі «Агроэксперт Қазақстан» ЖШС директоры Бейбіт Құжұмовтың айтуынша, компания «Бауманское 2030» ЖШС-на  егін дәрілеуге  аса қомақты соманың гербицидін қарызға берген, бірақ енді сол қарызын ала алмай жүр. Тіпті,  қарызды қайтару жайлы  сот шешімі де бар. Бірақ нәтиже жоқ.

– 2020 жылы, пандемия кезінде 30 па­йызын төлеп, «қалғанын алдағы егін ора­ғынан кейін беремін» деп қарызға 1 миллион долларға жуық қаржының гербицидтерін алды. Бірақ уәделескеніміздей күзде қарызымызды сұрасақ, қайтармай қойды. Болмаған соң сотқа бердік. Сот шешімімен біз жеңіске жеттік. Сот орындаушысы барлық есепшотын бұғаттап, дүние-мүлкіне, қолда бар техникаларына түгелдей тыйым салынды. Алайда Аян Зейнуллин қарызымызды мүлде бермей қойды. 2021 жылы менен тағы гербицид сұрады. Біз бермедік. Олар бізбен қатар «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» да қарыз екен. Астықты олар да алмақ болды. Біз олардан бұрын тыйым салғаны­мызды түсіндірдік. Екі жыл бойы ала алмаған соң  былтыр күзде 200 шақырымнан комбайн­дарымызды алып, өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін күзет қызметін жалдап егінді оруға бардық. Барсақ, егістік басында Егіндікөл ауданы әкімі, прокурор, ішкі істер бөлімі басшысы, ҰҚК өкілі және ішкі істер органдарының арнайы жасақтары бар екен. Аян Зейнуллин келмеді. Директор Зейнул­лин келмей ештеңе бермейтінін айтып тұрып алды. Жоғарыдағы аудан әкімінен бастап барлық орган басшылары  Зейнул­линді тәулік бойы күттік. Келгеннен кейін кеңсесіне бардық. Онда бәрін кіргізбей тек санаулы адамдар кірді. Сонда бізге не айтты дейсіз ғой? «Менде сиқырлы таяқша бар. Егінді оруға сендерді өткізбеймін. Екі күн беріңіздер, мен қарыздарыңды қайтарамын», – деді. Прокурор, аудан әкімі: «Енді қайтарамын», – деді ғой, «Күтіңіздер», – деді. Тағы күттік. Бірақ күні бүгінге дейін қарызы­мызды ала алмай келеміз. Егінді басқа облысқа, яғни Солтүстік Қазақстан облысы­ның Тахтаброд элеваторына апарып өткізбек болғанын да білеміз. Біз оған барып егер элеватор астықты қабылдаса қылмыс­тық жауапкершіліктің бар екенін түсіндіріп қайттық, – деді Бейбіт Құжұмов. 

«Айтқан сөздерінің көбі жалған» 

Сонымен, теріскейдегі біраз қауым «елдің бәрін тақырға отырғызды, мил­лиардтарды алып қайтармай қойды» деп айыптап жатқан  «Ауыл» партиясының мүшесі,  Парламент Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллинге хабарласып,  мәселенің мән-жайын сұрадық. Депутат қарызды төлеуден қашпайтынын, бірақ жоғарыдағы айтылғандардың көпшілігінің жалған екенін жеткізді. 

– Біз миллиондаған гектар жерді алып халықты тақырға отырғызған «Әліби» компаниясының орнына келдік. Өздеріңіз білесіздер, соңғы 4-5 жылда егін жөнді өнім бермеді. Қуаңшылық болды, киіктер мыңдаған гектар егінді таптап кетті. Биыл бидайдың бағасы болмай, өнім сапасы төмендеп, тіпті қиындады. Сондықтан қарызға кіргеніміз рас. Сот орындаушысы біртіндеп қарызды өндіріп жатыр. Біз қарыздан қашып отырған жоқпыз. Жұрттың пайларын бермей қойғанымыз жоқ. Айтқан сөздері жалған. Былтыр еккен егінімізді бермей қойғанымыз да рас. Еккен егінімізді өздері орып алуға олардың қандай қақысы бар? Иә, сот шешімі шыққан. Бірақ онда сол егінімізді өздері орып алуға құқық берілген жоқ қой. Біз ешкімді де алдап отырған жоқпыз. Бизнес өзі сондай. Тәуекелге баруды талап етеді. Банкротқа ұшырап жатқан компаниялар да бар. Қарыздан біртіндеп құтыламыз. Бірақ бұл «Бауманское 2030» компаниясында қазір қызмет етпеймін. Осыдан біраз уақыт бұрын жұмыстан шыққанмын. Мені жан-жақтан қыспаққа алып жатыр. Қажет болса мені өздері неге сотқа бермейді? Жалған айтқан­дары үшін өздерін сот арқылы жауапкер­шілікке тартамын, – деді Аян Зейнуллин.  

 P.S.

Қысқасы, тараптар арасындағы даудың түйіні әлі біраз уақыт шешілмейтінге ұқсайды. Өйткені әркімнің өз уәжі бар. Қазақтың ежелден  қауіптенетін дауларының бірі ғой бұл. Жер дауы... 

Біз тек қос тараптың уәжін тыңдадық. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы