«Жетісу ұстазы» жеңіл көлік тізгіндеді

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтіп, өңірдегі білім саласының өкілдері бас қосты.

 Облыс әкімі Бейбіт Исабаев та арнайы келіп, болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген жандарды атаулы мерекемен құттықтап, бірқатар ұстазға марапаттар тапсырды. «Жетісу ұстазы» байқауының жеңімпазына автокөлік сыйға тартылды.

Қонақтар Мәдениет сарайының фойе­сіне қойылған «Жеңімпаздар ал­­леясы» атты көрмемен танысты. Ал салтанатты шараның сахнасы «Білім әлеміне жол» тақырыбындағы әдеби-театрлық композициямен ашылды.

Мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтаған облыс басшысы педагог­тердің қоғамдағы рөлі жайлы қысқаша айтып, саладағы атқарылған істер мен алдағы кезге белгіленген жұмыстардан хабардар етті. 

– Мұғалімдік – адамның жүрек қалауымен келетін аса мәртебелі ма­мандық. Педагог болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл қоғамды тәрбиелейді. Ұғымтал ұрпақ, зерделі жас, адал азамат ұстаздың тәлім-тәрбиесімен қалып­­тасады. Соңғы жылдары мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесі заң жүзінде ай­қындалып, жалақысы едәуір өскенін жақсы білесіздер. Биылғы оқу жылының басынан балабақша тәрбиешілерінің де еңбекақысы 30 пайызға көтерілді. Бұл – балалардың алаңсыз білім алуына, мұғалімдердің әлеуметтік, моральдық және материалдық жағдайын жақсартуға мемлекеттің ерекше назар аударып отыр­ғанының айқын айғағы, – деген облыс басшысы мерекеге орай ардагер ұстаздар мен бүгінгі күні дарынды шәкірттер тәрбиелеп жүрген озат мұ­ғалімдердің бірқатарының есімін ай­рықша атап өтті. Осыдан біраз ғана бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің жеті мұғаліміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын бергенін, сол қатарда Талдықорғандағы №19 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 40 жылдан астам білім саласында еңбек етіп келе жатқан Светлана Исаеваның да болғанын мақтанышпен мәлімдеді. 

Облыс әкімі Мемлекет басшысының күні кешегі Республикалық педагогтер съезінде айтқан басты бағыттарына да ерекше тоқталып, жіліктеп түсіндіре кетті. Атап айтқанда, педагогтерге қы­сым көрсетуді тоқтату, қайта ата-ана, мектеп, жалпы қоғам тарапынан қолдау көрсету, балаларды игі бастамаларға талпындырып, инновациямен жұмыс істейтін мұғалімдердің жетістіктерін насихаттау, кәсіби шеберлігі мен озық тәжірибесін кеңінен тарату туралы тарқата айтты. 

Салтанатты жиында озат педагогтерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхаты, Оқу-ағарту министрлігінің салалық марапаттары тапсырылды. Самархан Абдилдинов, Майра Ақан­баева, Заир Атабаев, Ләззат Базарқұлова, Парида Бекмұратова, Жакен Бер­шімбекова, Күлшар Букабаева, Бақытгүл Кәрібекова, Күлжамал Көптілеуова, Махаббат Чуйкенова, Несіпбала Мол­дабекова сынды бүкіл ғұмырын білім саласына арналған ұстаздар «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Облыстық «Үздік сынып жетекші» байқауының жеңімпазы Панфилов ауданы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің 9-сынып жетекшісі Жанар Кегенбаева 1 млн теңгелік сертификатқа ие болды. Сонымен бірге «Үздік балабақша», «Үздік ауыл мектебі», Үздік кәсіптік білім беру ұйымы», «Үздік қосымша білім беру мекемесі» бай­қауларының жеңімпаздары болып танылған қараталдық «Балбөбек» бала­бақшасына, Көксу ауданындағы Жеті­жал орта мектебіне, Талдықорған жоғары политехникалық колледжіне, көксулық «Өнер мектебіне» 1 миллион теңгенің сертификаттары табыс етілді. Ал «Жетісу ұстазы» байқауының жеңім­пазы атанған Сарқан ауданы №1 мектеп-гимназия­сының биология пәнінің мұғалімі Іңкәр Рахмановаға автокөліктің кілті берілді. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған әулеттер арасында өткен облыстық «Ұстаздар әулеті» байқауының жеңім­­пазы болған кер­­бұлақтық Байғалық әулеті «Ұлағат жо­­лын­­­дағы ұстаздар» аталымы бойынша, талдықорғандық Жапақовтар әулеті «Ұстаздықты ұлық тұтқан әулет» ата­лымы бойынша, жар­­­кенттік Үмбетовтер әулеті «Өмірін ұстаз­­дықпен өрнектеген әулет» аталымы бойын­ша марапатталып, әрқайсысы 200 мың теңгенің серти­фикатына ие болды.

Еңбегіне қарай ел ықыласына бө­­­ленгендердің мерейлі сәтінен кейін Астана қаласында өткен Республикалық педагогтер съезінің делегаты, №28 ІТ лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Байғожина сөз алып, ұлағат пен ұстаз тұрғысында тағылымды ой қозғап, әріптестері атынан жылы лебіз білдірді. Мемлекет басшының ұстаз­­­­дардың мәртебесін көтерудегі ерекше қолдауы туралы атап өтіп, Республи­калық съезд делегаты ретінде алған әсе­рін жет­кізді. Жетісу облысының «Үздік педа­гогтер» қауымдастығының білімді іл­герілетуге бағытталған жоспар­лары жай­­­лы баяндап, көпшілікті кәсіби мере­кемен құттықтады.

Салтанатты шара соңы облыс өнер­­­паз­­­дарының концерттік бағдарламасына ұласты. 

Жалпы, облыста білім беру саласын қолдау жылдан жылға жақсарып келеді. Биыл осы саланың бюджеті 109 млрд тең­геге жетті. Оның 3,7 млрд теңгесі білім нысандарының материалдық-техни­калық базасын нығайтуға, ауылдық мек­тептерді қайта жаңғыртуға жұмсалып отыр. Қазір өңірдің білім саласында 20 мыңға жуық педагог еңбек етеді, со­ның 2 758-і  – мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, 15 316-і – мектеп­терде, 1 329-ы техникалық кәсіби білім беру мекемелерінде жұмыс жасайды.

 

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы