Мемлекеттік басқару академиясының осы жылғы курстары мен оқыту бағдарламалары Жолдауда айтылған өзекті мәселелерді қамти отырып, заман талабына сай толықтырылатын болады. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бастамалар мен нақты тапсырмалар жайлы пікір білдірді.
Ректор жаңа оқу жылында академияның білім бағдарламалары Жолдауда айтылған мәселелерді қамти отыра толықтырылатынын айтты.
«Мемлекет басшысы Жолдауда алдағы үш жылда орындалуы тиіс міндеттерді, тапсырмаларды атап айтты. Оның ішінде кадр тапшылығы, сапалы мамандарды даярлау туралы да тапсырма берді.
Алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Осы жылғы курстар мен оқыту бағдарламалары Жолдауда айтылған өзекті мәселелерді қамти отырып, заман талабына сай толықтырылатын болады. Сайланған әкімдердің біліктілігін арттыру арнайы бағдарламалар бойынша жүргізіледі», – деді ол.
Сондай-ақ Ерлан Әбіл елімізде мемлекеттік басқару саласындағы маман тапшылығы мәселесін шешуде Академия қандай рөл атқаратынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы назар аударған мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша жүйелі жұмыс жалғасады. Реформаларды сапалы жүзеге асыратын білімді, білікті, жаңа идеялары бар, креативті саяси кадрлар резервін құруды тапсырды. Президент Әкімшілігімен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе бұл бағыт бойынша да жұмыстарды жалғастырамыз. Академия осы жылдың ақпан айында «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша білім беретін 30-ға жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатты. Меморандум аясында ортақ білім бағдарламаларын дайындау, оқытушылармен, білім алушылармен алмасу көзделіп отыр. Осы бастама еліміздегі мемлекеттік басқаруда сапалы кадр даярлауға жол ашады деген ойдамын», – деді Ерлан Қуанышұлы.
Президент Жолдауда су секторына арнайы мән беріп, жеке министрлік ретінде құруды тапсырды. Ректордың айтуынша, Академия су секторы саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлауға да атсалысады.
«Сонымен қатар Президент су ресустарын тиімді басқаруды тапсырды. Бұл уақытылы қабылданған шешім деп есептеймін. Көрші елдермен тиімді әрі жүйелі байланыс орнату, достық пен серіктестікке негізделген «су дипломатиясын» жүргізу қажет ететінін атап өтті. Осы ретте Академия «Орталық Азиядағы су секторында жоғары білімді нығайту» жөніндегі Erasmus+ жобасының белсенді мүшесі екенін атап өткім келеді. Бұл жоба су секторы саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлау жолында тиімді зерттеу алаңы болмақ», – деді Ерлан Әбіл.