Соңғы жылдары Қызылорда қаласында жаңа өнеркәсіп орны іске қосылып, аймақ экономикасына қомақты инвестиция тартылған. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арта түскен. Аймақ басшысы елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында игі істерді қолға алды. Осы ретте аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы еліміздің өзге өңірлеріне үлгі боларлықтай артып, өсіп-өркендеп келе жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, өткен жылы қалада әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін тапты. Әлеуметтік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуының арқасында экономикамыз өрістеді. Экономикалық дамудың арқасында Қызылорда қаласы өркен жайып, халықтың әлеуметтік ахуалы артты. Айшықты істер мен байыпты бастамалардың нәтижесінде шаһарымыз шырайланып, өсіп-өркендеп, тұрақты дамып келеді. Бүгінде шаһардың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамыту мен жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала құрылыс алаңына айналды. Көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар салынды. Осындай тиянақты жұмыстардың арқасында кейінгі бес жылдың ішінде шаһардың кіріс көзі еселеп артты.
Соңғы жылдарда облыс орталығында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші жоғарылады. Бұл жыл сайын қала экономикасының өсе түскендігін аңғартса керек. Шаһар жылдам дамып келеді. Оны көзіміз көріп жүр. Бес жыл ішінде қалада жаңадан 14 шағынаудан бой көтерді. 2017 жылы апатты үйлер мәселесі толықтай шешімін тапты. Өткен жылдың өзінде 2 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілген. Сондай-ақ қаланың 500 шақырымнан аса жолы күрделі және орта деңгейдегі жөндеуден өткен. Қашанда жол мәселесі шешімін табуды қажет ететіні белгілі. Мұндай жақсы жаңалықтан шет аймақтардың да түйткілді тұстары назардан тыс қалмай келеді.Соның нәтижесінде өткен жылы тұрғын үй құрылысын дамытуға тартылған инвестиция көлемі 33 млрд 142 млн теңгеге жеткен. Облыс бойынша атқарылған құрылыс жұмысының 43,8 пайызы Қызылорда қаласының еншісіне тиеді. Ауқымды істерді жүзеге асырудың нәтижесінде 20 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылған. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыруды айқындайтын басты өлшемнің бірі – баспана. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» осыны меңзейді. Онда елімізде құрылыс индустриясын дамытуға басымдық берілуі негізделген. Осының аясында Елбасының жаңа «7–20–25» бағдарламасы болашақта әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз етуді көздеген. Бұл аймағымызда тұрғын үй құрылысын бұрынғыдан да өрістете түсуге жаңа серпін беруде. Сондықтан бұл бағытта Қызылорда қаласында тұрғын үй бағдарламасын жетілдіріп, арттыра түсуде қажетті іс-шаралар жасалуда.
Өткен жыл қызылордалықтар үшін есте қаларлықтай болды. Өйткені қаланың бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы қарқын алды. Оның жұмысын жандандыра түсуге 18 құрылыс компаниясы атсалысуда. Өз қаражаты есебінен үйлер салып, қызу тірліктің көркін қыздыра түсуде. Мұнда алдағы уақытта 15 шағынаудан бой түземек. Сондай-ақ 770 пәтерден тұратын 18 көпқабатты үй салынбақ. Оған қоса әртүрлі қаржы көздерін құрайтын сауда, бизнес, ойын-сауық нысандары орын теппек. Бұдан да басқа отбасылық медициналық орталық, мектеп, неке сарайы және «Шіркейлі» каналы үстінен көпір салу көзделген. Сонымен қатар Дәстүрлі өнер академиясы мен мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты да осы жағалау бойына қоныстанбақ.Сол жағалауда бұл күнде бірнеше нысандар мен көпқабатты үйлердің құрылысы жарыса бой көтеріп, құрыш білекті құрылысшылардың дамылсыз тірліктері жан сүйсінтеді. Сырдың бас шаһарында жасалып жатқан ел игілігі жолындағы тоқтаусыз тірліктер жүргізілуде. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 36,6 пайызы – Қызылорда қаласының үлесінде. Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 536 мың 26 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 113,3 пайызға жетті. 2016 жылдан бері 1 000-ға жуық жас отбасы, ал былтыр бір жылдың өзінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы 130 жас отбасы баспаналы болды. Сырдария өзенінің сол жағалауынан «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 8 млрд теңгеге 700 пәтерлік 14 көпқабатты тұрғын үй салынады. 13 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұл тұрғын үйлер кезекте тұрған көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Жаңа шағынаудандардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 1,9 млрд теңге қаралды. Қаланы, қалаға қарасты елді мекендерді ауызсумен жабдықтау, кәріз-сорғылық стансаларын қайта жаңғыртуға, су бұру жүйесін дамытуға 1 млрд 509 млн теңге бөлінді.
Қызылорда облысы