Қазақстандық құтқарушылар жасағы Ауғанстанға жіберілді

Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын.

Қазақстан ТЖМ құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету мақсатында Ауғанстанға жіберілді, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігі іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 45 адамнан құрылған күш пен құралдар тобын әзірледі.

Олардың арасында Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есеп тобы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері бар.

Бұл құтқару операцияларында көп жылғы тәжірибесі бар білікті мамандар. Бірқатар құтқарушы мен медицина қызметкерлері биылғы жылы Түркиядағы жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға қатысқан.

Топ қажетті жабдықтармен жабдықталған. Топты ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ұларбек Әбікеев басқарады.