Мұғалімдер аттестаттаудан өткенде портфолионы қағаз түрінде жинамайтын болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, – деп хабарлайды Kazinform.
«Аттестацияға қатысты мәселе көктемнен бастап қолға алынған. Ондағы ұстаздардың шағымының көпшілігі қағазбастылыққа, аттестаттау кезінде портфолионы көп жинауға және әдістемеге қатысты қажетсіз тестердің болуына қатысты еді. Бұл көтерілген мәселенің бәрі ескеріліп, жаңа жүйе енгізу бағытында үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте аттестаттаудың жаңа жүйесі әзірленді», – деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Ведомство басшысының атап өтуінше, аттестаттаудың жаңа жүйесі жуық арада ашық НҚА порталында жарияланады.
«Ең бастысы, аттестациядан қағаз түріндегі портфолионы жинау алынып тасталғанын нақты айтуға болады және тестілеу жүйесін қайта қарастыру мәселесі де ескерілген», – деді Ғани Бейсембаев.