Шымкентте Ұлттық ұлан сарбазы Қайсар Сұлтановты жерлеу рәсімі өтті. Марқұм сарбаздың туысы оқиғаға қатысты жаңа жайттарды айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
"Бүгін Қайсарды жерледік. Шымкентте. Туған жері сол жақта. Орны толмас қайғы... Әпкем есеңгіреп қалды. Есі кіресілі-шығасылы", – деді марқұмның туысы Әсел Далабаева.
Оның айтуынша, қазір отбасы сараптама қорытындысын күтіп отыр. Әскери прокуратура қаза тапқан сарбаздың анасына хабарласып, түрлі сауал қойған. Жақында жігіт суицидке бейім емес екенін көрсеткен психологиялық тестен өткені белгілі болды.
"Ол қызмет еткен бөлімшеде (Ұлттық ұланның 6636-әскери бөлімі – еск.) әскерге шақырылған барлық сарбаз сияқты олардың бәрі психологтың бақылауында болғаны белгілі болды. Біздің Қайсар барлық психологиялық сынақтан өткен, өзін өзі өлтіруге бейім емес, салмақты, ұқыпты. Осы қорытынды негізінде оларға атыс қаруын иеленуге рұқсат беріледі. Бұл сынақтан барлық сарбаз емес, бар болғаны 15 адам өткенін атап өткім келеді", – деді сарбаздың туысы.
Сонымен қатар, Далабаеваның айтуынша, жігіттің сүйіктісі болуы мүмкін деген болжам да жоққа шығарылған. Қайсардың туыстары да жігіттің қашанда білім мен отбасы құндылықтары басымдық бергенін айтып отыр.