Спорт саласына реформа қажет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 23 қыркүйек пен 8 қазан ара­лығында Қытайда өткен XIX жазғы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабыл­дады.

Мемлекет басшысы спортшыларды жүл­делерімен құттықтады. Сондай-ақ жуырда Ризабек Айтмұхан еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанғанын еске салды.

Бәсеке өте жоғары болған Азиада ойын­дарында ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Атлеттеріміз нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсу спортынан үздік шықты. Мемлекет басшысы каратэден жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан 8  спортшының бәрі жеңіс тұғырына көтеріл­геніне назар аударды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылары­мыз­дың жеңіске жетуіне бапкерлер және басқа да мамандар айрықша үлес қосқанына тоқталды. Осы орайда Мемлекет басшысы спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін атап өтті.

– Қажырлы еңбек пен жеңіске деген мұ­қалмас ерік-жігердің арқасында әрқайсыңыз жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қор­жынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қо­сатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында болатынын айтты. Жыл сайын спортты дамыту үшін қо­мақты қаржы бөлінеді. Алайда Прези­денттің пікірінше, еліміздің кәсіби спорттағы көр­сеткіштері аса жоғары деңгейде емес.

– Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамыту­дың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жуық арада спорт­ты дамыту үшін қабылдануға тиіс нақты шараларға тоқталды. Президенттің ай­туын­ша, ең алдымен кәсіби спорт түрле­ріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес, нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен денешынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс.

Президент спорт саласын басқару сапасын жақсартуды келесі басымдық ретінде атап өтті.

– Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) және федерациялар арасында үйлесім жоқ. Спортты басқару институттарының қыз­меті мен өзара ықпалдастығына қатысты бүкіл жүйені қысқа мерзімде қайта қарау қажет. ҰОК-нің қызметін жетілдіру ісіне де назар аудару керек. Туризм және спорт министрлігі, ҰОК және федерациялардың жұмысын үйлестіруді түбегейлі жолға қою керек. Тиімді байланыстың, ықпалдас­тықтың және өзара жәрдемдесудің бол­мауы жақсы нәтижеге жеткізбейді, яғни жеңіліске әкеп соқтырады. Париж Олим­пиадасы қар­саңында мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды. Мемлекеттің бюджетінен қар­жыландырылатын спорт федерация­ларының қызметіне ревизия жасау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент ұлттық құраманың дайындық деңгейін арттыру мәселесін негізгі міндеттің бірі ретінде атады. Мемлекет басшысының пікірінше, атлеттеріміздің жоғары деңгейде дайын­далуы үшін спорт медицинасы мен фар­макология бағытындағы заманауи инфра­құрылыммен жабдықтау маңызды. Бұл жерде Ұлттық спорт университеті негізгі рөл атқарады. Сондықтан оның құры­лы­сын жылдамдату керек. Спорт саласында әлемдік деңгейдегі төрешілерді дайындауға күш салу қажет. Сондай-ақ жаттықтыру­шылар мен басқа да спорт мамандарының жалақысын көтеріп, қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қабылдаған жөн.

Мемлекет басшысы спортшылардың резервін даярлау мәселесіне арнайы тоқталып, Үкімет пен әкімдер дарынды әрі болашағынан зор үміт күттіретін атлеттерге қолайлы жағдай жасауға тиіс екенін айтты.

– Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір қыз-жігіттер жеткілікті. Легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларға жол ашуымыз керек. Фаворитизм мен әділет­сіз­діктің кез келген түріне тосқауыл қойып, іріктеудің ашық және шынайы өткізілуін қамтамасыз ету аса маңызды. Халықаралық жарыстарда ел намысын үздіктердің үздігі ғана қорғауы керек.  Отандық спортта әділеттілік қағидаты мен бәсекенің шынайылығы бірінші орында тұруға тиіс, – деді Президент.

Сонымен қатар жиында 2023 жылғы XIX жазғы Азия ойындарының стенд атудан екі дүркін жеңімпазы және қола жүлдегері Әсем Орынбай, каноэ және байдарка есуден XIX жазғы Азия ойын­дарының жеңімпазы және күміс жүлдегері Сергей Емельянов, еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, каратэден XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Нұрқанат Әжіқанов, нысана көздеу спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олим­пиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды. Президент спортшыларға және бапкерлер корпусының жұмысына табыс тіледі. Содан кейін спортшыларға Қазақстан Республикасы Президентінің алғысхаты табысталды.