Онда әлемнің 23 елінен келген дін лидерлері мен өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде қабылданған Декларациядағы мақсат-міндеттердің іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген съездің 2023–2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен іс-шараға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және тағы басқа діндер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуге қатысушыларға арнаған үндеуін оқып берді. Мемлекет басшысы 20 жылдың ішінде съезд дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға және толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын дәріптеуге үлес қосқанын, сондай-ақ маңызды әлемдік түйткілдердің шешімін табуға ықпал еткенін атап өтті.
«Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады. Қазір геосаяси ахуал, түрлі сын-қатер ушығып тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдастырылып отыр», – делінген Мемлекет басшысының үндеуінде.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – съезд хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев та диалог алаңының бірегейлігіне назар аударды. Ол съезге беделді саяси және қоғам қайраткерлері мен халықаралық ұйым басшыларының қатысуы үлкен маңызға ие екенін айтты. Сол арқылы Форум ашық әрі әділ дінаралық диалог алаңы ретінде әлем дамуының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылауға және дау-жанжалдарды өзара сыйластық пен түсіністік негізінде шешуге шақыруға мүмкіндік береді. «Өркениеттер қақтығысы» мен діни қайшылықтар қаупін еңсеруге ықпал ету съездің маңызды үлесі екені айтылды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтар, толеранттылық пен диалог мәдениеті қазіргі қоғамның іргетасы болуға тиіс. Нақты айтқанда, бұл басымдықтар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің қорытынды декларациясында көрсетілген жаңа әлемдік тәртіптің негізін қалыптастыруы керек.
«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет екенін атап өтті. Біздің ел дінаралық және конфессияаралық диалогті бейбітшілік пен келісім мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде дәріптейді. Қазір арандатушылардың өздерінің теріс пиғылдары үшін дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы үлкен алаңдаушылық тудырады. Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді. Сондықтан біз айтқан құндылықтар бейбітшілікті және жаңа әлемдік тәртіптің берік негізін қамтамасыз етеді. Бұл проблеманы шешу жолында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары өте маңызды рөл атқарады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында қатысушылар Қазақстан Президентінің тапсырмасымен әзірленген съездің 2023–2033 жылдарға арналған даму Тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжат Форумның БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ серіктестер шеңберін және форум қызметінің географиясын кеңейтуді көздейді.
«Тұжырымдамада Форумның алдағы жылдардағы даму бағдары қамтылған. Съезд миссиясын кеңейту құжат жобасының негізгі жаңалығы екенін атап өткен жөн. Қоғамның сеніміне ие, беделді дін қайраткерлері әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады. Кедейшілік, климаттың өзгеруі мәселелерін шешуде күш жұмылдыру, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға ықпал ету, диалог және өзара құрмет мәдениетін дәріптеу бағыттарына да серпін беретіні анық. Тұжырымдамада съезд миссиясын іске асыруға арналған бірқатар жаңа тетіктер мен институттар қарастырылған. Съездің Ізгі ниет елшісі институтын құру ұсынылып отыр. Жас дін көшбасшыларының форумын және басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр. Бұл Тұжырымдама съездің алдағы жылдарға арналған серпінді және жасампаз даму векторын айқындайды», – деген Мәулен Әшімбаев Құжатта көрсетілген съезді дамытудың негізгі бағыттарына да тоқталып өтті.
Өз кезегінде сөз алған дін көшбасшылары қазақстандық Форумның ерекшелігіне назар аударды. Діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізу үшін діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығы атап өтілді. Рухани көшбасшылар съезд қатысушыларының ортақ миссиясы – бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді қолдау үшін Форум аясында көтерілетін мәселелердің ауқымдылығын да назардан тыс қалдырмады.
Сонымен қатар кездесу барысында Хатшылық отырысына қатысушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен және съездің естелік медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, осы диалог алаңының қалыптасып, дамуына қосқан үлесі үшін Кавказ мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Пашазаде «Достық» орденімен марапатталды. Одан бөлек, бірқатар қатысушыға «Шапағат» медалі және съездің Құрмет медалі табыс етілді.
Отырыстың қорытындысы бойынша, қатысушылар коммюнике қабылдады. Онда съездің 20 жылдағы табысты қызметі және маңызды жасампаз рөлі айрықша атап өтілген. Сондай-ақ қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін құру және сын-қатерлер мен проблемаларды еңсеру мақсатында бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы идеясына қолдау білдірді. Бұл идеяны іске асыру жолында Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде ұсынған «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы маңызды қадам болатыны да айтылды.
Кездесуге қатысушылар съезд хатшылығының келесі XXII отырысын 2024 жылдың күзінде Астанада өткізу жөнінде шешім қабылдады.
Сонымен бірге осы күні Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдығына орай арнайы шығарылған мерейтойлық пошта маркасын салтанатты таныстыру рәсімі өтті. Аталған марка 10 мың дана тиражбен шығарылған. Ол әлемнің филателиялық каталогтарына қосылады.