Қазақстанды TikTok арқылы насихаттап, көл-көсір табыс табуға болады – TikTok-тың бас директоры Чжоу Шоуцзы

Астанада Digital Bridge форумы өтіп жатыр.

Digital Bridge форумына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Президенттің айтуынша, жаңа дәуір басталды. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор.

Форумда TikTok-тың бас директоры Чжоу  Шоуцзы (Shou Zi Chew – ред.) бүгінде әлеуметтік желінің тиімділігінде шектеу жоқ екенін тілге тиек етті. 

«Қазіргі уақытта TikTok тек қана жылдам ақпарат алудың алаңы емес. TikTok-тың мүмкіндігі қолданушының көзқарасына байланысты қажеттілікке жарайды. Мәселен, Қазақ елінде «Наурыз» хэштегімен видео жариялаған кезде осы мәндес видеоларды миллиондаған қолданушы тамашалады. Бұдан шығатын қорытынды мынадай, кәсібін дамытамын деген кәсіпкер мобильді қосымшаның мүмкіндігін қажетіне жарата алады. Сәйкесінше, қаржылай табысқа кенелуге де болады. Мәселен, туризм туралы, Қазақстанның көрікті жерлері, туристік аймақтары жайында видео түсіріп, TikTok арқылы насихаттар болса, кәсіпкерлік те, туризм саласы да едәуір дамиды», – деді TikTok-тың бас директоры Чжоу Шоуцзы. 

Бұған дейін Digital Bridge форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жылға дейін барлық облыс орталығы 5G интернетпен қамтылуы тиіс»  деген болатын.