Тоқаев Digital Bridge форумы аясында ұйымдастырылған көрмеге барды

Президентке бірқатар жоба бойынша мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы дәстүрлі Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы аясында ұйымдастырылған роботты техника, Social Tech, Creative Economy, AI, FinTech, Industry 4.0, GovTech тақырыптық көрме аймақтарын, сондай-ақ Kaspi.kz, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Astana Hub, Freedom Bank, MyCar және тағы да басқа ұйымдардың көрме стендтерін аралап көрді, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Роботты техника аймағында Мемлекет басшысы көптеген жарыста  жеңімпаз атанған роботты техникадан Қазақстан құрамасының мүшелерімен әңгімелесті және Ustem Foundation, Alem School, MakerSpace жобаларымен танысты.

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президентке жекелеген екінші деңгейлі банктер мен компаниялар өздерінің платформалары арқылы азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасап отырғанын баяндады.

«Мемлекет басшысына денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары, соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің «QR арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуды растау» (eGov mobile қосымшасындағы еДенсаулық) жобасы таныстырылды»,  – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Президентке Astana Hub жобалары, Google for Startups, Draper University, Tech Orda, Silkroad innovation hub, өңірлік IT Hub бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жасанды интеллект негізінде кеңес беріп, мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін  AiGov  чат-боты жобасын көрсетті.

«Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаевқа  QazaqGaz ұлттық компаниясының цифрлық шешімдері және «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ көлік пен арнайы техника жұмысына ашық мониторинг жүргізуге арналған «Сапарларды басқару» жобасы туралы айтылды», – делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы көрмеге қатысушыларға өздерінің цифрлық жобаларын табысты жүзеге асыруына тілектестік білдірді. Президент еліміздегі цифрландыру үрдісі тек бір саланы  жетілдіруге емес, сонымен қатар жалпы экономикамыз бен қоғам өмірінде елеулі өзгерістер жасауға бағытталғанын атап өтті.

Фото: Ақорда