Microsoft корпорациясының жиырма жыл бұрынғы бухгалтерлік есептері 2014 жылдан бері тексеріліп келеді. Тексеру нәтижесінде салықтан жалтарды деген айып тағылған. Салық қызметі салған айыппұл туралы techcrunch.com сайты жазды. Aikyn.kz осы мақалаға сүйеніп, осыншама үлкен қарыздың қалай жиналғанын түсіндіреді.
Фото Getty Images агенттігінен алынды. Авторы: Nicolas Economou
АҚШ-тың салық қызметі (IRS) Microsoft корпорациясының салық төлеуден жалтарғанын 10 жыл бойы тергеп, корпорацияға 29 млрд доллар айыппұл төлетуге шешім шығарды.
Бір ғана компанияның федералдық бюджетке төлейтін айыппұлы Қазақстанның республикалық бюджетінің 61% құрайды.
Бұл айыппұлды дәлелдеу үшін салық қызметі корпорацияның 2004 жылдан 2013 жылға дейінгі құжаттарына 10 жыл бойы аудит жүргізген. Салық қызметі Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияға (SEC) берген өтінішінде Microsoft корпорациясының төленбеген салықтар бойынша берешегі 28,9 миллиард доллар (айыппұлдар мен пайыздар) екенін растаған.
Фото Getty Images агенттігінен алынды. Авторы: Robert Alexander
Жүргізілген аудит шамамен он жыл бұрын, шетелдік юрисдикцияларда пайданы жасыру үшін ірі корпорациялар қолданатын тәсілдерді тексеру кезінде басталған. Microsoft корпорациясы Пуэрто-Рикоға өзінің зияткерлік меншігін (IP) өзі иелік ететін шағын зауытқа беріп, бұндай көлеңкелі схеманы 39 миллиард долларлық активтерін АҚШ аумағында салықтан жалтару үшін пайдаланған.
Құқықтық және саяси талас-тартысқа толы жылдар өткенімен даулы іс әлі толық шешілген жоқ. Қаңтар айында Microsoft Салық қызметінің 29 миллиард долларға жуық салық төлеуге шығарған шешіміне қарсы екенін, бұл соманы 10 миллиард долларға қысқарту керектігін мәлімдеген.
АҚШ-та соңғы 20 жылда корпоративтік ландшафт қатты өзгерістерге ұшырады. 2004 жылы әлемдегі ең құнды компаниялардың ондығына энергетикалық алпауыттар, банктер, фармацевтикалық компаниялар және азық-түлік желілері сияқты «дәстүрлі» бизнес құрылымдары кірді. Сол кездің өзінде салық органдарының көзіне Microsoft пен Intel сияқты технологиялық корпорациялар ерекше түсетін.
Фото Getty Images агенттігінен алынды. Авторы: Future Publishing
Бүгінгі жағдай мүлдем өзгеше: әлемдегі алғашқы ондықты технологиялық компаниялар құрайды. Microsoft қазір 2,5 триллион долларлық алпауыт және жылдық қаржылық табысы 3 триллион долларға жеткен Apple-ден кейін екінші орында тұр.
Бұндай алпауыт корпорацияларға 29 миллиард долларды айыппұл ретінде төлеу қиындық туғызбасы анық. Microsoft сияқты салықтан жалтарған технологиялық компаниялардың ісін АҚШ-тың Салық қызметі ұдайы назарда ұстайды. Салық қызметі айыппұл төлете алмай кейде сәтсіздікке де ұшырап жатады.
Мысалы, 2019 жылы Люксембургтегі еншілес ұйымына он жылдан астам уақыт бұрын берген активтерге қатысты Салық қызметімен болған 1,5 миллиард долларлық салық дауында Amazon жеңіп шықты. Соттың әділдігі осындай мысалдардан да білінеді.
Төмендегі видеода Microsoft Copilot деп аталатын жасанды интеллект көмекшісі ұсынылады:
Енді Microsoft та сот алаңында Салық қызметімен тағы бір ұзақ шайқасын бастамақшы, өйткені корпорация айыппұл көлемімен келіспей отыр.
«Microsoft бұл ұсынылған өзгерістермен келіспейді және Салық қызметіне апелляциялық шағым береді, бұл процесс бірнеше жылға созылады деп күтілуде. Біз әрқашан Салық қызметінің ережелерін ұстанып, Америка Құрама Штаттарында және бүкіл әлемде салықтарды төледік деп есептейміз», – деп жазды компания өзінің Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияға (SEC) берген өтінішінде.
Егер Microsoft Салық қызметімен тікелей келісімге келе алмаса, корпорация шешілмеген мәселелерді сот арқылы даулауға кірісетінін жариялаған.