Астанада 4 жұмысшы биіктен құлап кетті: зардап шеккен екінші адам қайтыс болды

Қалған екі жұмысшының жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр.

Астанада құрылыс алаңында биіктен құлап кеткен альпинистердің тағы біреуі көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Астана қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өзге зардап шегушілердің денсаулығына қатысты пікір білдірді.

«12 қазанда №2 қалалық көпсалалы ауруханаға құрылыс алаңынан биіктен құлап кеткен 3 зардап шегуші түсті. Үшеуіне де көптеген жұмсақ тін жарақаты, қабырғасының, жамбас сүйектерінің, мойын сүйектерінің жабық сынуы, ішкі ағзаларының жарылуы, шок және жоғары дәрежелі травматикалық жағдай диагноздары қойылды», – деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.

Зардап шеккендер жансақтау бөлімдеріне жатқызылып, алған жарақаттары бойынша хирургиялық және қарқынды ем жүргізілді.

«Көптеген ауыр жарақаттың салдарынан 12 қазанда сағат 17:40-та зардап шегуші – 1999 жылы туған азамат қайтыс болды. Бүгінде тағы екі зардап шегуші – 1999 және 2002 жылдары туған екі жас жігіт жансақтау бөлімінде жатыр, олардың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр», – деді олар.

Бұған дейін Астанада құрылыс нысандарының бірінде төрт жұмысшының биіктіктен құлап кеткені және олардың бірінің оқиға орнында қаза болғаны хабарланған болатын.