МҚІА төрағасы Түркияда Адами ресурстарды басқару офисіне барды

МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адами ресурстарды басқару офисінің Президенті Салим Атайдың шақыруымен Анкара қаласына жұмыс сапарымен келді.

Сапардың мақсаты – «Персоналды басқарудың цифрлық жүйелері туралы ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті институттары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум» аясында адами ресурстарды басқару, мемлекеттік қызметшілердің кадрлық әлеуетін дамыту, мемлекеттік қызметте цифрлық технологияларды қолдану бойынша тәжірибе алмасу.
Салим Атай Түркия еліндегі адами ресурстарды басқарудың негізгі тәсілдері, оның ішінде дарынды адамдарды анықтау және олардың ұлттық жобаларға қатысуын қамтамасыз ету, мансапты басқару және мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін арттыруға қатысты зерттеулер жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді қашықтықтан оқыту және HR-процестерді цифрландыру бойынша тәжірибесін ортаға салды.
Кездесуде Офис өкілдерімен персоналды басқару бойынша жетекші әлемдік жобалардың бірі – «E-Insan» ақпараттық жүйесінің жұмысы және мүмкіндіктері кеңірек көрсетілді.
Өз кезегінде МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай шетелдік әріптестерін Қазақстанда мемлекеттік сектордағы ашықтықты, мүмкіндіктер теңдігін, тиімділік пен нәтижелілікті қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік қызметке іріктеу және таланттарды іздеу кезінде цифрлық мүмкіндіктерді белсенді қолдану бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Сондай-ақ тараптар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адам ресурстарын басқару офисі арасындағы меморандум аясында мемлекеттік қызметшілерді тағылымдамадан өткізу, магистранттар үшін HR бойынша қос дипломдық бағдарламаны енгізу және ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша бұрын қол жеткізілген келісімді іске асыру мәселелерін талқылады.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар адами ресурстарды дамыту және мемлекеттік қызметті цифрландыру саласында өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту жайлы ортақ келісімге келді.