Маңғыстау: газды өлкеде газ жетпейді

Маңғыстау: газды өлкеде газ жетпейді

Маңғыстау ауданы Жаңа орпа ауылының жанынан газ стан­сасының құрылысы  өткен жыл­дың аяғында басталған бо­латын. Әуелгіде ауыл тұр­ғын­­дары ауданға қажетті бір нысан болар деп аса мән бер­ме­ген. Кейін белгілі болғандай, бұл газ құю және сақтау стан­са­сының құрылысы болып шық­ты. Ақпарат анықтал­ған­нан кейін тұрғын­дар ауыл жа­ны­нан 400 метрге жуық жерде бой көтеріп жатқан стансаның тұр­ғын үйлерге жақын орна­лас­қан­ды­ғын, төтенше жағдай бола қал­ған жағдайда ауылға қауіп тө­не­тінін айтып дабыл қақты. Тұрғындардың наразылығын жеткізбек болып ауылдағы қоғамдық келісім ұйымының басшысы Кү­бір­­бай Ұзақбаев кішігірім жиын өт­кізіп, қатысушылар құрылыс жү­ріп жатқан жер ауылдың бас жос­­парында көгалдандыруға арнал­ға­нын, құрылыс компаниясы оған қалай қол жеткізгенін білгісі келе­тіндерін, бірде-бір қоғамдық тың­дау­ға қатыспағанын айтып, осы мәселелерді ортаға салады. Жиын соңында барлығы бірауыздан бұл құрылысты тоқтату шараларын ұйым­дастырмақ болып тарқасады. Телеарна журналистерін шақырып, шағымын жеткізді. Көк жә­шік­тен тараған көкейкесті мә­селе дау-да­май­ды одан әрі ұл­ғайт­­ты. Ауыл­дағы шу облыс әкім­дігіне же­тіп, басшылық құры­лысты тоқ­та­та тұру жөнінде бұйрық берді. Облыс әкі­­­мінің орынбасары Бақытжан Қа­шақов­тың басқаруы­мен арнайы ко­мис­сия құрылып, мәселенің мән-жайын тексеруді қолға алды. Шу басталғалы ай өтсе де ко­миссия әлі өз жұмыстарын жүргізуді бас­таған жоқ. Б.Қашақов мырза ны­сан өз орнында қала ма, жоқ әлде ха­лық талабы ескеріліп, орнынан кө­шіріле ме, мұның бәрі комиссия шешімінен соң белгілі болады деп отыр.  

Кәсіпкер неге қынжылады?

«Мен ұрлық қылғанда ай жа­рық­тың» кебін киген газ толтыру стан­сасы басшыларының уәжі бо­йын­ша құрылысы жүріп жатқан ны­­сан барлық заңды кезеңнен өткен. Компания 2017 жылы газ са­­ласындағы заңнамаларға енгі­зі­ліп жатқан жаңа өзгерістерге бай­ла­ныс­ты газ толтыру стансасын салуға шешім қабылдап, Маңғыстау ауданы әкіміне теміржол аумағынан жер телімін сұрайды. Нәтижесінде, газ толтыру стансасын салу мақсатында сұ­ралған жер телімі 2018 жылы нау­рыз айында аукцион арқылы са­тып алынады. Сонан соң барлық мүд­делі мемлекеттік органдардың келісімдері мен қорытындылары алынып, облыстық сәулет және құ­ры­лыс басқармасынан құрылыс мон­­таж жұмыстарын жүргізуге ар­найы рұқсат алған соң станса құры­лы­сын бастап кетеді. Компания өкілдерінің ай­туын­­­ша, жоба құны – 800 млн тең­­­ге. Бүгінде оның 600 млн тең­ге­­сі игерілген. Яғни аумаққа ар­на­­йы әкім­шілік ғимараты мен қо­й­­­малар салынып, өткізу орны, сор­­ғы стансасы, компрессорлар, ре­­з­ер­­вуарлар қойылып, газ сақ­тау жү­йе­сіне арналған соңғы техно­ло­­­гиялар, компьютерлік басқару құ­­рыл­ғылары, өзге де заманауи жаб­­дықтар алынып, қазіргі таңда ны­сан жұмысын бастауға жартылай дайын тұр. Халық наразылығынан ха­бар­дар аталған компания бас­шы­лы­­ғы кәсіпкер ретінде құқық­та­ры қорғалмай отырғанына қын­­­жылады. Тұрғындармен кез­де­су ұйым­дастырайын десе, арты айқайға айналып, наразылықтың өр­шуінен қауіптенеді. Өйткені ха­лық­қа жергілікті атқару билік орын­­дарынан түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. «Нысанның са­лыну­дағы басты мақсаты – тұр­ғын­­дарды сапалы газбен қамту, ау­­дандағы сұйытылған газ тапшы­лы­ғын болдырмау шарасы ретінде қарастырылған еді. Өйткені газ толтыру стансалары тек Ақтау қала­сы маңында орналасқан, аудандарда жоқ. Бұл жоба Қазақстан нормалары мен ережелеріне сәйкес салынуда. Жоба дайындауда жетекші болған медицина ғылымдарының докторы, профессор – Үсен Кенесариев. Ол кісі­нің жетекшілігімен талай күрделі нысандардың, атап айтсақ, Бритиш Газ, Аджип, Тенгиз Шевройл Лукойл ком­панияларының жобалары даяр­лан­ған. Маңғыстау облысының бас санитарлық дәрігерінен оң санитарлық-эпидемиологиялық қо­рытындыға ие болдық. Бізге арт­­қа шегінуге ешқандай жол жоқ. Біз аудан халқының 20-ға жуы­ғын жұ­мыспен қамтып, оларға жұ­мыс ұсынып қана қоймай, газ өн­дірісіне қажетті мамандықтарға даяр­лап оқы­тамыз деп отырмыз», – дейді ком­па­ния директорының орын­ба­сары Құдайберген Жайлы­баев.  

Билік нені тамашалап отыр?

Екі тараптың текетіресін үнсіз ба­қы­лап отырған облыс және ау­дан әкімдіктерінің нақты қандай ша­ралар жасап жатқаны белгісіз. Облыс әкімінің орынбасары Б.Қа­шақов­тың басшылығымен құры­­латын комиссия жұмысы бұй­рық шық­пағандықтан әлі өз жұмыс­ын бастамаған. Мәселенің ушығуына аудан әкім­дерінің бірінен соң бірі ауысуы да өз әсерін тигізген сыңайлы. Осы ны­­сан салынуы үшін бұрынғы әкім Ай­туар Жармағамбетов жобаның дұрыс шешім екенін қолдап, тіпті ке­­рек болса, мемлекеттік бағ­дар­ла­­малар негізінде несие алу жол­­­­да­рын ұсынған болса, одан ке­йін­­­гі сай­лан­ған екі әкім де «сен ти­­месең, мен тиме» болып, халық пен кә­сіп­кер ара­­сындағы дәнекер болу жұ­­­­­мыс­та­ры­на аса бас ауыртып отыр­­ған жоқ. Нәтижесінде, қамкөңіл халық, оларды одан ары арандатып отыр­ған күштер, кәсібінің жалғасу-жал­ғаспауын уайымдап отырған кә­­сіпкер өзара соттасуға дейін бар­­ғалы отыр. Мәселенің ендігі шешімі жұ­­мыста­рын қай кезде бастауы бел­гі­сіз комиссияның құзыретінде болып тұр.   Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы