Әр тиынның сұрауы болады

Биыл Түркістан облысының бюджетіне түскен кірістер түсімінің артқаны белгілі болып отыр.

 Атап айтқанда, 2023 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, Түркістан облы­сының бюджетіне 123,5 млрд теңге көлемінде кіріс түсіп, жоспар 106,7 пайызға немесе 7,8 млрд теңгеге асыра орын­далды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсім 8,3 млрд теңгеге артқан немесе өсу қарқыны 7,2 па­йызды құрап отыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Бюджеттің қаржысын ысы­рап етпей, жоспарға сәйкес мақ­сатты түрде жұмсау және қада­ғалап отыру басты назарда тұр. Түркістан облысының әкімі Дар­хан Сатыбалдының төра­ға­лы­ғымен өткен апталық аппарат отырысында облыс бюджетінің игерілуі және республикалық бюджет есебінен жобалардың қаржыландырылу барысы қа­ралды.

Белгілі болғандай, жалпы барлық аудан, қалалар бойынша түсімдер жоспары асыра орын­далған. 

Аппарат отырысында облыс­тық Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының бас­шысы Абдрахман Тасыбаев бірқатар аудан, қалалар есепті кезең жоспарын асыра орындап отырғанымен, кей аудандарда жылдық жоспардың орындалуы төмен екендігін жеткізді. 

Оның айтуынша, барлық ау­дан, қала әкімдеріне түсім­дердің әрбір түрі бойынша жоспарын, оның ішінде реттелуші салық­тардың ай сайынғы жоспарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілген.

Осы тұрғыда өңір басшысы кейбір бағытта қаржының иге­ріл­мей қалуы салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кері әсерін тигізетінін ескертті. Аудан-қала әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына барлық қаражат толық, сапалы және уақытылы игерілу мақсатында заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Жиында отандық өнім мәселесі де қалыс қалмады. Мемлекет тапсырысын орындаушылар арасында отан­дық өнім өндірушілерге ба­сымдық беруді жүктеді.

– Мен үнемі барлық басқар­ма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаржыла­рының тиімді әрі мақсатты жос­парлануына және уақытылы иге­рілуіне қатаң талап бола­ты­нын ескертіп келемін. Бюд­жет­тің әр тиынының сұрауы, есебі бар. Жоспарлау дұрыс болса, бұ­лай болмас еді. Бюджет қар­жы­сын бағыттау барысында да жобалар­дың мерзімі ескеріл­мей, қаржы игерілмей жатады. Осы­ның бә­рін ескеру керек. Бюджет қаржы­сын сапалы әрі тиімді иге­ріп, жоспарланған түпкі нәти­желерге қол жеткізу үшін жұмыс­ты жан­дандару керек, – деді облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.

Жиында жыл ішінде бюд­жетті нақтылау барысында об­лыстың бюджет көлемін рес­пуб­ликалық трансфеттер және өз кірістері есебінен ұлғайту бары­сы талқыланды.

 

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы