Қап тауындағы тыныштық

Артта қалған, әбден деградация­ланған армиядан заманауи, қуатты қарулы күштер құру жөнінен Әзер­байжан өзге елдерге жарқын үлгі көр­сетті.

Оның өнегесін Қазақстан да жан-жақты зерттеп жатыр. Екі ел өзара тә­­жірибе алмасуға келісіп, тиісті жос­парға қол қойды. Осы аптада, 2 қазан­нан бері Боюк Зире аралында жүрген «Хазри-2023» қазақ-әзербайжан бір­лес­кен аралас оқу-жаттығулары аяқ­талды. 

Екі елдің арнайы мақсаттағы бөлімшелері мен әскери теңізшілері Каспийді лаңкестер мен диверсанттардан қорғап, сыртқы жауға тойтарыс беру, теңізді жүзіп өту арқылы де­санттық айдауыл жасау, террористік-ди­версиялық топтар мен уақытша базаларды жою, аралдарды азат ету тапсырмаларын жүзеге асырды. Қазақстандық жауынгерлер Әзербайжанға «Сарыарқа», «Орал» зымыран­ды-артиллериялық кемелерімен және «Жайық» гидрографиялық кемесімен жет­кізілді. 

Жасыратыны жоқ, Қазақстан Каспий бойынша осы көршісінің әскери саланы реформалау тәжірибесіне мән бермей келді. Еліміз негізінен ҰҚШҰ аясымен шектелетін. Көзқарас 2020 жылдан соң өзгерді. Сол жылғы 27 қыркүйекте басталған Таулы Қара­бақтағы жаңа қақтығыс («Екінші Қарабақ соғысы», «44 күндік соғыс» деп те аталады) барысында Әзербайжан Арменияның қа­рулы күштерінің омыртқасын опыра жаз­дады. Кеңестік қана емес, түркиялық, из­раил­ьдік озық қарулармен мұздай қаруланған әзербайжандық әскер армяндарды тықсыра отырып, тіпті Арме­нияның өз террито­рия­сына кіріп тоқтады. Қаласа, астанасына же­те­тін еді. Ереван шырылдап, Ресейден көмек сұрады.

Баку «Темір жұдырық» Demir yumruq атаған бұл операцияны сол кезде қуат-күші бойына сыймай тұрған Мәскеу тоқтатты. 2020 жылғы 10 қарашада РФ басшысы В.Путиннің, Әзербайжан Президенті И.Әлиевтің және Армения премьер-ми­нистрі Н.Пашинянның бірлескен мәлім­демесі жарияланды. Онда үш мемлекет Таулы Қарабақ қақтығысы аймағында барлық әскери іс-қимыл тоқтатылғанын мә­лімдеді. Осы келісімнің сақталуын кепілден­діру үшін деген сылтаумен Қарабақ өңіріне Ресейдің қосымша «бітімгершілік» күштері енгізілді. 

Баку құзырына Қарабақ өлкесінің және оның орнында құрылған заңсыз Таулы Қарабақ (Арцах) республикасы басып алған Әзербайжан аудандарының бір бөлігі ғана оралды. Олардың арасында Физули, Зан­гелан, Губадлы, Шуша қалалары, Лашын ауданы бар. Бірақ Лашын қаласын, Қарабақ өңірінің басым бөлігін қайтара алмады. 

Тараптар осымен тынғандай көрінге­німен, мұның бәрі көзбояушылық еді. Заң­сыз республикадағы заңсыз әскери топтар контрабандалық жолмен қарулануын, әзер­байжандық шекарашылар мен әскерлерге шабуыл жасауын, көршінің аумағын ми­налауын жалғастырды. 

Әзербайжан да түптің түбінде бүкіл Қа­рабақты және өзге аудандарын қайтарып алуға жан-жақты дайындық жүргізді, озық қаруларды сатып алып, армиясын жетілдіре берді. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерін реформалады, Бас штабқа Түркия­ның білікті, отставкадағы генералдары тар­тыл­ды. Ал әзербайжан жауынгерлерін Сирия, Ливия, Ирак және басқа қақтығыс ошақта­рындағы әскери операцияларда ысыл­ған түркиялық инструкторлар мен кеңес­шілер шабуылға әзірлеп, соғыс өнеріне баулыды. 

Барлығын 2022 жылғы 24 ақпанында Ре­сейдің Украинаға кең ауқымды шапқын­шылығы өзгертті. Украина тарапының дерегінше, былтыр басталған соғыстың 19 айында РФ 4 931 танкінен, 9 313 бронды ма­шинасынан, 6 807 артиллериялық жүйесінен, 316 әскери ұшағынан және 316 тікұшағынан айрылған. Әскери шиеленісті бақылап отырған халықаралық ұйымдардың есебі де осы шамалас. Қалай болғанда, Мәскеу Таулы Қарабақтағы әскерлерінің және техника­ларының үлкен бөлігін Украинаға алып кетті. Бұл Бакуге отыз жылдан астам уақыттан бері оккупацияланған аумақтарын азат етуге мүмкіндік өрісін ашты. 

2023 жылғы 19 қыркүйекте, сағат 13:22-де Әзербайжан Республикасының (ӘР) Қор­ғаныс министрлігі шұғыл мәлімдеме жасады. Онда Қарабақта «антитеррорлық іс-ша­ралардың» басталғаны жарияланды. Бұған армияндық заңсыз қарулы топтардың Агдам ауданында Әзербайжан бекінісін миномет­тармен, басқасымен атқылауы түрткі бо­лыпты. Салдарынан әзербайжандық екі солдат жараланған. 

Осыдан кейін Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақтағы заңсыз армян қарулы құрылымдарының позицияларына, бекініс­теріне, құпия қару қоймаларына, әскери базаларына жоғары дәлдікті зымырандармен үстемелете соққы берді. Әскери сарапшылар Әзербайжан тарапының бұл операцияға үлкен даярлықпен келгеніне, қарсыласын ұзақ уақыт бақылап, егжей-тегжейлі барлау деректерін жиғанына тәнті болды. 

Мысалы, ол заңсыз квазиреспубликаның сырт көзден тасада, құпия жолдармен жеткізіп, қордалаған қару-жарақ пен оқ-дәрілерінің жасырын қоймаларын тасталқан етіп, жарып жіберді. Осыдан кейін Армения­ның өзінде «бұл құпия ақпаратты Бакуге Мәскеу берді» деген қауесет тарап, армян­дардың Ресейге өшпенділігін өршіте түсті. 

Қаруларынан айрылған Таулы Қарабақ­тың заңсыз армиясы ту-талақай болды, тым-тырақай қашты. ӘР Қорғаныс минис­трлігі қашып жатқан жауын төбедегі дрондар арқылы көрсетіп, телеарналарда трансляция жүргізді. Рухтанған әзербайжандар шат­танып, көшелерді толтырды. 

44 күндік соғыстан айырмашылығы сол, бұл жолы әлем мойындамаған Арцахқа Ар­ме­ния көмекке келмеді. Әйтпесе, әзербайжан әскері Ереванды бейбітшілік пен бітімге мәжбүрлеу үшін Таулы Қарабақпен шектел­мей, ары қарай Арменияның әлем таныған территориясына қайта кіруі мүмкін еді. 

19 қыркүйекте елдің Қауіпсіздік кеңе­сінің отырысын шақырған Армения       Премь­ері Никол Пашинян Арцах рес­пуб­ликасын Арменияның мойындамағанын еске салды. Пашинян Арменияның Әзер­байжанмен соғыспайтынын қадап айтты. «Таулы Қара­бақта Арменияның армиясы жоқ және бол­майды. Біз қазіргі уақытта ешқандай ағат қадамға бармаймыз», – деді Армения көшбасшысы. 

Таулы Қарабақтағы армияндарға РФ көмекке келмеді. Ресейдің Сыртқы істер ми­нистрлігі Әзербайжан «халықаралық мойын­далған өз территориясында қимылдап жатқанына» назар аудартты. 

Нәтижесінде, антитеррористік операция бір күн ішінде аяқталды. 20 қыркүйекте әлем мойындамаған, алайда Ресей мен Арме­нияның қолдауы арқасында 30 жылдан астам уақыт бойы тіршілік еткен Таулы Қарабақ Республикасы капитуляция жасады.

20 қыркүйекте телеарналар арқылы хал­қына үндеу жасаған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақтағы операция сәтті аяқталғанын, Әзербайжан Республи­касы территориялық тұтастығы мен егемен­ді­гін қалпына келтіргенін жариялады. 

Сол күні квазиреспубликаның билігі то­лық қарусыздануға, заңсыз армиясын та­ратуға, Қарабақты Әзербайжан құрамына реинтеграциялауға келісті. 28 қыркүйекте Арцахтың соңғы президенті Самвел Шахра­манян 2024 жылдың 1 қаңтарында Таулы Қарабақ республикасының тіршілігін тоқта­та­тыны туралы соңғы жарлығын жариялады. Әзербайжанның қауіпсіздікті кепілдендір­геніне қарамастан, сонда тұратын 120 мың ар­мянның көбі (1 мыңдайы қалған) Арме­нияға қоныс аударды.

Қарабақ өңірін және өзге аудандарды толығымен өз қолына көшірген Әзербайжан 90-жылдардан бері осы өлкелерін окку­па­циялауға, оларды мекен еткен әзербайжан­дарды қудалап, қырып, босқынға айналды­руға атсалысқан ірі тұлғаларды тұтқындауға кірісті. 

Әзербайжан сотының үкімімен 3 қазанда Таулы Қарабақтың 3 президенті тұтқында­лып, үстінен қылмыстық істер қозғалды. Ар­кадий Гукасян Таулы Қарабақ республи­касын (ТКР) 1997-2007 жылдары, Бако Саакян 2007-2020 жылдары басқарды. Араик Арутюнян 2020 жылғы мамырдан 2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін жетекшілік етті. Биылғы 9 қыркүйекте мойындалмаған ТКР Пар­ламенті жаңа президенттік сайлау ұйым­дастырды. Онда жеңген Самвел Шахраманян президенттік лауазымына толыққанды кірісе алмады. 

Бұған қоса, әлем мойындамаған респуб­лика Парламентінің экс-төрағасы Давид Ишханянның қолына кісен салынды. Бұдан бұрын, 30 қыркүйекте ТКР бұрынғы сыртқы істер министрі, президенттің кеңесшісі Давид Бабаян да ұсталып, абақтыға жабылды. Ұсталғандар және іздеу салынғандар соғысты жоспарлап, жүргізгені, жалдамалыларды жинап, даярлағаны, ұлтаралық араздықты қоздырғаны және басқа да қылмыстары үшін айыпталуда. ӘР Бас прокуроры Кямран Әлиев Баку Таулы Қарабақтың 300 сепа­ратистіне қатысты халықаралық іздеу жариялағанын мәлім етті. 

Бүгінде Баку оралған аумақтарды да­мытуға білек сыбана, шұғыл әрі қарқынды кірісті. Басқыншылар қолында болғандық­тан, Әзербайжанның өзге өңірлерінен даму жөнінен қатты артта қалған аумақтарға ар­нап, Қарабақ және Шығыс Зангезур эко­номикалық аудандары құрылды. Азат етілген қалалардың барлығының Бас жоспары бекітілді. Олар кеңес кезінен қалған ескі жүйелерден ажыратылып, Әзербайжанның қуатпен, жылумен, газбен, сумен жабдықтау жүйелеріне қосылып жатыр. Таулы Қара­баққа Әзербайжанның ұшқыр интернеті, ұялы байланысы келді. 

Заңсыз қарулы топтар белсенді мина­лаған аумақтар залалсыздандырылуда. ӘР қорғаныс министрі генерал-полковник Закир Гасанов әскери техникаларды, оқ-дә­рілерді тәркілеу, территорияларды минасыз­дандыру кезінде қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтауға бұйрық берді. 

Әзербайжан тарапының дерегінше, Қарабақ өңірінде 31 беренді техника, 265 әскери автотехника, 165 әуе қорғанысы жүйесі (ПВО), 58 танкке қарсы кешен, 60 гаубица, 64 миномет, 235 гранатомет, 2 608 автомат пен атыс қарулары, 1 700 зымыран, 50 мыңдай түрлі снаряд, өзге де қару-жарақ тәркіленді. Алып қойылған қаруларды ӘР және РФ солдаттары бірлесіп күзетуде. Оны Мәскеу өзіне беруді сұраған деседі. 

Қарабақ Әзербайжан бақылауына көшкен соң онда РФ бітімгершілерінің тұруының мәні қалмады. Мәскеу біртіндеп оларын әкетуде. РФ қорғаныс министрлігі өз бітімгершілерінің 21 бақылау бекеті жұ­мы­сын тоқтатқанын жариялады. РФ басшы­сының Баспасөз хатшысы Д.Песков қалған контингенттің одан арғы іс-қимылын Мәс­кеу мен Баку бірлесіп талқылайтынын жеткізді. 

Осылайша, ТМД аумағындағы «жазыл­мас жарадай» көрінген бір қақтығыс ошағы «сөнді». Алайда Арменияда реваншистік пиғылдағы күштердің наразылығы өшпей, өршіп тұрғанын ескерсек, болашақта қақ­тығыстар қайталануы мүмкін. Әзербайжан оған да дайындалуда. Ел басшылығы әуе ша­буылынан қорғанысты күшейту, барлау және қарсыбарлау қызметтерін өрістету, ра­дио­электронды күрес және басқа бөлімше­лерді заманауи жабдықтау міндетін қойды.

Айхан ШӘРІП